Жаңартылған кредиттік пікірге сәйкес, әлемдегі және аймақтағы экономикалық жағдайдың белгісіздігіне қарамастан, Қазақстан рейтингі Baa3 «Оң» болжамды пандемияға дейінгі көрсеткіштеріне сәйкес келеді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бастапқыда Baa3 рейтингінің «Оң» болжамы Қазақстанға 2019 жылдың тамыз айында берілді. Baa3 мәртебесін сақтауға және кредиттік рейтинг бойынша оң болжам жасауға мүмкіндік берген факторлар мемлекеттік борыштың төмен деңгейі, едәуір фискалдық резервтер, экономика және халық табысының өсімінің жоғары әлеуеті, Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларды қалыптастырудағы және фискалдық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі икемділігі мен тиімділігі болды.
Moody's өндіруші және өңдеуші секторларда экономика өсімінің жоғары әлеуетін оң бағалап, 2020 жылы нақты сектор өсімінің оң қарқынын атап өтті. Бұл факторлар пандемияның таралуына байланысты экономикалық күйзелістерге қарсы айтарлықтай әсер етті.
Аталған динамиканы ескере отырып, Moody's Қазақстан экономикасының кредиттік рейтингінің жоғарылау ықтималдығын атап өтеді. Сондай-ақ Қазақстанның кредиттік рейтингін арттыру үшін әлеуетті қалыптастыратын факторлар — институционалдық ортаны одан әрі реформалауға әзірлік, экономиканы одан әрі әртараптандыру, банк секторының орнықтылығын арттыру жөніндегі шаралар.
Бұған дейін, 15.02.2021, АКРА (РФ) Аналитикалық кредиттік рейтинг агенттігі болжамды «терістен» «тұрақтыға» жақсарта отырып, Қазақстанның пандемияға дейінгі кредиттік рейтингтерін растады.