19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік лауазымнан өз еркімен кеткеніне екі жыл. Ал Тоқаевтың Қазақстан Республикасының президенті қызметін атқарғанына 2 жыл толып отыр. Осы орайда, «Тоқаев президент болғалы ел экономикасында қандай оң өзгерістер болды?» деген сауалға белгілі экономист Мақсат Халық мырза жауап берді. Маманның пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаев келгелі көптеген өзгеріс бар, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Жалпы Тоқаевтың билікке келгенінен бастап өзгерістер, алға қарай ұмтыластар бар. Бірінші жылда Тоқаевтың тапсырмаларында өте қатты президенттің көп дүниені өзгерткісі келетіні көрінетін. Бірақ іс жүзінде онша дүниелер жүзеге аспай жататын. Президенттің Жолдауда берген тапсырмаларын жергілікті атқамінерлер өңірдегі шенділер мүлдем басқа сипатта айтатын.
Тіпті, сол қарапайым халықтың өзіне барып айқайлап тұрған кездерін де көрдік. Алдында мысалы, көпбалалы аналарға 21 теңгеден тарқатқан кезде де, кейінірек 42500 теңге төңірегінде де осындай мәселелерді біз көп көрдік. Бірақ соңғы уақыттарда белгілі бір дәрежеде алдыға қарай ақырын-ақырын ұмтылыстар байқалады.
Жалпы мені бір қуантатын цифрлар бұл «Көлеңкелі экономика» үлесінің азайып отырғаны. Осыдан екі жыл бұрынғы мәліметте, көлеңкелі экономиканың үлесі ЖІӨ-нің 30 пайызын құрайтын. Ал қазіргі уақыттарда ЖІӨ-нің көлемі өткен жылда 70 трлн теңгеге жуық қаражат болды. Оның 30 пайызы 21 трл-нан асатын қаражат. Сонда өте үлкен қаражат көлеңкеде жүрді. Енді осы жылдың басында өткен жылдың қорытындысы шықты. Сонда көлеңкелі экономика 23 пайызға дейін азайған. Бұл – ресми мәліметтер. Сондықтан да бұл кішкене болса үміт отын сыйлайды. Яғни экономикада, ақша айналымы процесінде, барлық жерде тазалық, мөлдірлік ақырындап күшее бастағаны қуантады.
Және де сыбайлас жемқорлықтан әлемдік рейтинг бойынша біраз көш ілгеріледік. Бұрындары сыбайлас жемқорлық рейтингін анықтайтын Transfer Agency дерегінше, 180 мемлекеттік ішінде, 120-125-тің үстінде жүретінбіз. Сондай орындарда болатынбыз. Осы жылы 94-ші орынға дейін алға жылжыппыз. Бұл қуантатын дүние.
Иә, әлде де болса, атқарылмай жатқан мәселелер көп. Ол мысалға, жұмыссыздықты азайту жағынан, олар бойынша нақты статистиканы көрсету тұрғысынан, кедейшіліктің деңгейіне байланысты нақты статистиканың жоқтығы әлде де мені алаңдатады. Өйткені, Ұлттық статистика бюросының келтірген мәліметтері бір бөлек, ал әлемдегі Дүниежүзілік банктің мәліметтері тіптен басқа.
Тәуелсіздік алғалы бері көптеген бағдарламалар, 50-ден астам стратегиялық бағдарламалар қабылдағанбыз. Бірақ олардың жүзеге асқаны тіпті, жоқтың қасы. Енді осы жақында ғана ұлттық экономиканы дамыту бойынша жоспар қабылданды. Осы жоспар бойынша ЖІӨ-ді 2025 жылға дейін 5 пайызға өсіру көзделуде. Шағын және орта бизнестің ЖІӨ-ін 35 пайызға дейін өсіреміз. Халықтың денсаулық жағдайын, өмір сүру сапасын арттырамыз, өмір сүру деңгейін 70 жасқа дейін өсіреміз деген нақты индикаторлар қойылған», - деді экономист Мақсат Халық.