2021 жылға арналған республикалық бюджеттің шығыстары 1,3 триллион теңгеге ұлғайтылады. Нәтижесінде пандемияға қарсы шараларға қосымша 265 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан .
"Республикалық бюджетті нақтылау кезінде "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасының іс-шаралары мен президенттің тапсырмалары, оның ішінде жыл сайынғы жолдау аясында айтылған стратегиялық бастамалары ескерілді. Сондай-ақ, пандемияға қарсы күрес жөніндегі шаралар мен бұрын қабылданған міндеттемелер ескерілді", - деді Жамаубаев үкімет отырысында.
Айтуынша, аталған бағыттар бойынша бюджет шығыстары 1,3 триллион теңгеге ұлғайып, 15,3 триллион теңгені құрады.
Бюджет шығыстары келесі көздер есебінен ұлғайтылды:
279 миллиард теңге қосымша түсімдер; 850 миллиард теңге Ұлттық қордан нысаналы трансферт тарту; бюджет тапшылығын жалпы ішкі өнімге 3,5%-ке дейін жеткізу. Бұдан басқа, президенттің бастамаларына арналған резерв қаражаты қайта бөлінді.
Сонымен қатар биыл мынадай негізгі бағыттарға ақша бөлінеді:
әлеуметтік саланы қолдау, құқық тәртібі мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге – 182 миллиард теңге; Жұмыспен қамтудың жол картасы және Еңбек мемлекеттік бағдарламаларын, "Ауыл – ел бесiгi" жобасын іске асыруға – 177 миллиард теңге; ауыл шаруашылығы және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласын дамытуға – 143 миллиард теңге; республикалық және жергілікті жолдарды салу, реконструкциялау, жөндеу және ұстауға – 140 миллиард теңге; шағын және орта бизнесті қолдауға - 64 миллиард теңге. "Індетке қарсы іс-шараларға қосымша 265 миллиард теңге бөлінді, оның ішінде карантиндік шараларды жүргізуге тартылған медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге – 70 миллиард теңге, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық қызметтерге ақы төлеуге 80 миллиард теңге", - деді министр.
Айтуынша, президенттің тапсырмаларын қаржыландыруға 154 миллиард теңге көзделген.
Өңірлерге 539 миллиард теңге трансферт бөлінеді.
Министр осы шаралардың барлығы экономиканы ынталандыру және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізін қалайтынын атап өтті.
Үкімет заң жобасын қолдап, дауыс берді. Құжат жақын арада парламентке енгізіледі.