Цифрлы технологияларды қолдана отырып, Қазақстандағы әр азаматтың тұрмысын жақсарту мен қолайлы өмір сүруін қамтамасыз етуде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының рөлі зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның цифрлық экономиканы дамытуды көздейтінін жеткізді. Осыған орай көп жұмыс атқару керектігін айтқан еді. Нәтижесінде бірқатар мәселе шешімін тапты. Мысалы, қазір кез келген көлік жүргізушісі көп құжатты өзімен бірге алып жүрмейтін болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
2019 жылдың 20 желтоқсанында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қағаз құжаттарды электронды форматқа көшіру жұмыстары жайлы сөз қозғады.
«Бізде әлі күнге дейін қай жерде болмасын ең алдымен қағаз құжаттарды талап етеді. Мысалы, жүргізушілердің барлығы техникалық құжат, жеке куәлік, сақтандыру құжаты және тағы басқаларын өзімен бірге алып жүреді. Оларды үйінде ұмытып кеткен жағдайда жазаланып та жүр. Үкімет осы мәселені шешуге міндетті», – деген еді Мемлекет басшысы.
Бұл көлік жүргізушілері үшін қуанышты жаңалыққа баланып, қоғамдық қолдауға ие болды. Өйткені жаһандық соны өзгерістерге бейім, жаңашылдыққа құмар қазақстандықтар үшін мұндай жұмыстар бұдан да ерте қолға алынуы керек еді. Десе де ел Президенті нақты тапсырма беріп, мәселені көпке созбай шешуді талап етті. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде айтылған дерекке сенсек, 2019 жылдың 11 айында 80 000-ға жуық көлік жүргізуші мемлекет басшысы айтқан факті бойынша жазаланған. Ол кезде жүргізушінің құжаттары түгел болмаған жағдай алғаш тіркелсе ескерту беріліп, кейін қайталанса 5 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылатын.
Сол отырыста Президент «Үкімет жақын арада бұл мәселені шешіп, қажет болған жағдайда заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуі керек» деді. Көп өтпей-ақ, жауапты министрліктер қозғалған мәселенің алғышарттарын орындауға кірісті.
2020 жылдың 11 ақпанында Парламент Мәжілісінде цифрлық технологияларды реттеу бойынша заңнамалық түзетулер таныстырылды.
«Мемлекет басшысының Жолдауын орындау үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тиісті заң жобасын әзірледі. Заң жобасын қабылдаудың негізгі мақсаты – цифрлық технологияларды пайдалану мен енгізуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу үшін құқықтық негіз құру. Заң жобасында барлығы 252 түзету бар», – деді таныстырылым кезінде аталған министрліктің сол уақыттағы вице-министрі Абылайхан Оспанов.
Сол кезден бастап, түрлі саланы цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізілді. «Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына жыл сайын 3 млн-нан астам адам жүгінеді. Үлкен кезек болып жатады. Азаматтар автокөліктерді тіркеу қызметі онлайн болса да ХҚКО-ға келіп, бірнеше сағат уақытын сарп етеді. Осы мәселені талқыладық. Жаңа процесс бойынша сатып алушы көлік сататын адамның шотына ақша аударғанда көлік иесі автоматты түрде өзгереді. Дәл осы ыңғайлы сервисті Kaspi.kz мобильдік қосымшасына шығардық», – деді 2020 жылдың 17 қарашасында ұйымдастырылған Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Министр несиеге алынған көліктерді тіркеу бойынша өзге банктермен жұмыс істеліп жатқанын айтуды ұмытпады.
«Осылайша, Мамандандырылған ХҚКО-ларда тек жүргізуші куәлігін алу қызметі қалады. Өйткені, автодромда емтихан тапсыру қажет», – деді ол. Уақыт өте келе кей заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылды.
Осы кезеңде Цифрлық даму министрлігі құжаттарды ғана емес, процестерді де автоматтандыруды мақсат етіп отырғанын хабарлады.
Мәселен, көлік жүргізушісінің тек қана жеке куәлігі болса болғаны. Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері сол бойынша планшеттен азаматтың атына қандай көлік тіркелгені, сақтандыру полисінің мерзімінің қашан аяқталатыны, техникалық байқаудан өткен күні мен айыппұлдың бар-жоғы секілді деректерді түгел көре алатын дәрежеге жетті. Мұның бәрі жүйелі жұмыс пен үлкен қажыр-қайратты талап еткенін айтпасқа болмайды. Есесіне, қазақстандық көлік жүргізушілерін қағазбастылықтан алыстатып, жол қозғалысын оңтайландыруға септігі тиетін ауқымды жұмыс атқарылды.
2021 жылдың 1 ақпанында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық көлік жүргізушілерге жүргізуші куәлігін және техникалық төлқұжатын өзімен бірге алып жүрмеуге рұқсат беретін заңға қол қойды. 13 ақпанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді. Заңға сай полиция қызметкерлері азаматтардың құжаттарын жеке куәлік арқылы өздерінің электронды деректер базасынан тексере алатын болды. Жеке басты куәландыратын құжаттарға Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, жеке куәлік, азаматтығы жоқ адамның куәлігі жатады. Ал студенттік билет, қызметтік куәлік бұл тізімге кірмейді.
Мұндағы қабылданған түзетулердің шетелдік нөмірлері бар автомашиналарға, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерлерде жүргізу құқығына куәлік алған жүргізушілерге қатысы жоқ. Олар тексеріс кезінде жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу құжатын көрсетуге міндетті болып қала берді. Жоғарыдағы өзгерістер ел ішіндегі көлік иелеріне өте қолайлы. Әсіресе жиі жолға шығатын жүргізушілер дән риза.
«Биліктің бұл шешімі біздер үшін де, жауапты орган қызметкерлері үшін де тиімді болып отыр. Қазіргідей індет жайлаған уақытта осындай қызмет түрлері сақтық шараларын сақтауымызға да септігін тигізеді... Бәрі элекронды деректер базасында тіркелген. Қажет кезінде тексеру шаралары аса көп уақытымызды алмайды. Бұдан артық не керек? Осындай жүйелі жұмыстар жалғасын таба берсін», – дейді он бес жылдан бері көлік жүргізіп жүрген Қасымбек Құлмағанбетов.
Әрине, бұл ретте елдегі көлік нарығына тоқталып кетпеске тағы болмайды. Ұлттық статистика бюросының ең соңғы дерегіне сүйенсек, 2021 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасында 79 474 жеңіл автомобиль тіркелген. Көрсеткіш 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,8%-ға кем. Ал 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша тіркелген жеңіл автомобильдердің саны 3864,9 мың бірлікті құрайды.
Қалай алып қарасаңыз да жалпы көрсеткіш бойынша елде көлік саны жыл сайын көбейіп келеді. Сондай-ақ жол-көлік оқиғалары да жиі болып жатады. 2021 жылғы қаңтарда ел бойынша 876 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Салдарынан 1297 адам зардап шеккен. Соған қарамастан көрсеткіш деңгейі өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 3,5%-ға кеміген.
Көлік санымен қатар көлік жүргізушілерінің де үлесі артатыны түсінікті. Осы орайда Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев: «Мемлекет көлікті басқаруды айтарлықтай жеңілдетті, бірақ жүргізушілер жол қозғалысының басқа да қатысушыларының қауіпсіздігі үшін өз жауапкершілігін есте сақтағаны абзал» деп ескерту жасады. Себебі, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау – қашан да маңызды.
Бұдан бөлек өңірлердегі учаскелік полиция инспекторларының материалдық-техникалық базасын жақсарту, оларды көлікпен және планшетпен қамтамасыз ету жұмыстары да жолға қойылған. Мысал үшін Ақтөбе облысында полицейлер 100 % автокөлікпен және планшетпен қамтамасыз етілген. Бұл туралы былтыр күз айында Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров Ақтөбе облысына барған сапарындағы жиында айтты. Ол іссапары кезінде Президент Жолдауының ережелерін түсіндіріп, цифрландыруды дамыту кезінде Ішкі істер министрлігі көрсететін мемлекеттік қызметтер цифрлық форматқа ауыстырылатыны туралы айтып берген еді.
Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіповтың айтуынша, патрульдік полиция қызметкерлерінің қолында 9000-нан астам планшет бар.
Қысқаша айтқанда, бұрынғыдай көп құжатты тасып жүру тарихқа айналып барады. Айтпақшы, Мемлекет басшысы бұған дейін де цифрландыру шаралары бір ғана саланы немесе бір бағытты дамытудан тұрмайтынын айтқан. Сондықтан да жоғарыдағы жұмыстар елдегі құжаттарды цифрландырудың басы да, соңы да емес. Әлі де мардымды істер, зор жетістіктер кезек күтіп тұрғаны анық.