Оңтүстік Қазақстан облысының индустриалды аймақтарында 4025 жаңа жұмыс орындары ашылған. Бұл туралы бүгін өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов облыстық мәслихаттың кезектен тыс төртінші сессиясында мәлімдеді.
Бүгінде облыс аумағында 7 индустриалдық аймақ табысты жұмыс істеуде. Олар Шымкент, Кентау, Түркістан қалалары мен Созақ, Түлкібас, Мақтарал, Казығұрт елдімекендерінде орналасқан. Сонымен қатар, дәл осындай 4 аймақтың инфрақұрылымдарының құрылысы жүргізілуде.
- «Индустриалды-инновациалық даму» бағдарламасы аясында 27 млрд. теңгеге 16 жобаны іске қосып, 845 жұмыс орнын құру жоспарланса, жыл басынан 2 жоба іске қосылып, 74 жұмыс орны ашылды, - деді Б.Атамқұлов депутаттар алдында оқыған баяндамасында.
Сондай-ақ, 6 айда өнеркәсіп кәсіпорындарымен 384 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 5,3% артты. Өсім бойынша облыс республикада алдыңғы қатарда.