$ 498.34  519.72  4.85

Түлкібастың алмасы аудандық брендке айналмақ

Қай салада болмасын Қазақстанның өз бренді болуы тиіс. Мұны Мемлекет басшысы өзінің сөздерінде жиі айтып келеді. Мұндай брендтер әр облыста пайда болуы тиіс. Осыған орай, оңтүстікқазақстандық шаруалар ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап өз өнімдерінен бренд жасауды қолға алып отыр. Мәселен, Түлкібас ауданының алмасы осы ауданның брендіне сұранып-ақ тұр. Аудан орталығында өткен бағбаншылардың семинар-кеңесінде осы мәселе талқыланды. Жиынға облыстық ауылшаруашылығы басқармасы, аудан қала әкімдерінің орынбасарлары да қатысты. Басты мақсат – Түлкібас ауданында алма бау шаруашылығын дамыту.

Жиынды облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы С.Тұрбеков ашып, облыстағы аймақтардың өз ерекшеліктерін ескере отырып, бір саланы дамыту, тәжірибе алмасу, көру, үйрену мақсатында әр ауданда семинарлар өткізіліп жатқанын атап өтті. 

Семинарға қатысушылар алдымен Мичурин ауылдық округіне қарасты «Мөлдір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қарқынды бағымен және тәлімбағымен танысты. Түркияның «Яула Филис» компаниясымен бірлесу нәтижесінде қолға алынып, егілген 110 гектарлық жер алқабында алма жемісі өсіріледі. 

Сонымен қатар, жұмысшы топ қарқынды бау өсірумен айналысатын «Көктал», «Кентау», «Түлкібас транссервис» ЖШС-нде болып, тыныс тіршілігімен танысты. 

Шаруашылықтар бақ өсіруде алдыңғы қатарлы елдердің, оның ішінде Түркия, Польша мемлекеттерінің соңғы үлгідегі озық тәжірибелерін пайдаланады. Бұл бауларда негізінен тамшылатып суғару технологиясы қолданылады. Барлық қажетті бау-бақша техникасы болған жағдайда, шаруашылық қызметкерлерінің еңбегі айтарлықтай жеңілдетіледі, агротехникалық шараларды жүргізуге ыңғайлы болады. 

Семинарда шаруашылық басшылары өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті мәселелер жайын талқылады. Жиын соңы пікір алмасулармен жалғасып, алма бауды дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен кездесетін кедергілер жайлы айтылды.

Жалпы Түлкібас ауданы таулы аймақта орналасқан. Ауа райы қоңыр салқын, алма-бау жеміс ағаштарын өсіруге өте қолайлы аймақ болып есептеледі. Бүгінгі таңда аудандағы барлық жеміс ағаштарының көлемі 3115 гектарды құрап отыр. 

2020 жылға мерзімде дейін аудан көлемінде алма бау көлемі 3600 гектарға жеткізіп, оның ішінде ауданда қарқынды бауларды өсіру дамытылып, өнім көлемін ұлғайту жоспарлануда. Алдағы мерзімде алманы Түлкібас ауданының брэндіне айналдыру жолында жұмыстар атқарылатын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары