Биткоиндерді әлемдік өндірудегі Қазақстанның үлесі артты және майнингте Қытай мен АҚШ-тан кейін үшінші орынға шықты, деп хабарлайды Stan.kz.
Мұндай мәліметтер Кембридж университетінің альтернативті қаржы орталығының 2019 жылдың қыркүйегінен 2021 жылдың сәуіріне дейінгі кезеңдегі биткоиндердің әлемдік өндірісі туралы есебінде көрсетілген.
Қытайдың үлесі 75,5%-дан 46%-ға дейін қысқарды. Майнинг көлемі бойынша әлемде екінші орынды АҚШ алады, ел өз үлесін төрт еседен астам - 4,1%-дан 16,8%-ға дейін арттырды.
Үшінші орынға 1,4%-дан 8,6%-ға дейін өсім көрсеткен Қазақстан шықты. Сарапшылардың пікірінше, бұған көрші Қытайдан майнерлердің қоныс аударуы әсер еткен. Қытайда оларға қатысты саясат үнемі күшейіп отырады.
Төртінші орында – Ресей (5,9% - 6,5%), бесінші орында – Иран (1,7% - 4,7%).
Зерттеу 2017 жылы бағдарламашы Марк Беванд жасаған күрделі метдика бойынша жүргізілді.
Майнингте айтарлықтай пайда табу үшін үлкен компьютерлік қуат, жыл сайын жеті тераваттан астам электр энергиясын тұтынатын жүздеген құрылғылары бар тұтас "зауыттар" қажет.
Оның едәуір бөлігін жылу электр станциялары өндіреді.
Қазақстанда өндірілетін энергияның 87%-ын органикалық отынан, оның ішінде 70%-ын табиғатқа зиянды көмірден алады.
Блокчейннің әйгілі қарсыласы Дэвид Джерард "мұндай ресурстар шын мәнінде лотереяға жұмсалады" деп шағымданып, алыпсатарлардың биткоин бағасының өсуінен пайда көруге деген ұмтылысын білдіретінін айтады.
Tesla иесі Илон Маск биыл "таза" энергияға негізделген майнинг жабдықтарын өндіруге қаражат салу жоспарын жариялады, бірақ жаһандық жылынуға қарсы күресушілердің сынына ұшырады. Біршама уақыттан кейін Маск өзінің автокөлік компаниясы биткоинді өнімді төлеу құралы ретінде қабылдамайтынын мәлімдеді. Өйткені, криптовалюта өндірісі үшін көп мөлшерде электр қуаты қажет, ал бұл қоршаған ортаға зиян тигізеді.