$ 441.66  475.14  4.86

Отырарда қолөнер саласы дамытылмақ

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының базасында орналасқан «Отырар қолөнер шеберлерінің орталығы» өз жұмысын бастап, аудандағы отыздан астам түрлі саладағы қолөнер шеберлерінен құралған тыңдаушыларына есігін ашты.

Бүгінгі таңда Отырар ауданында қолөнер саласының дамуына мән беріліп отыр. Осы мақсатта ашылған орталық қолөнер дүниелерін топтастырып, жинақтап, жүйелеп заман талабына сай түрлендіріп тұрғындар арасында насихаттамақ.

Қолөнер – дәстүрлі тұтыну және сәндік бұйымдар жасайтын ұсақ өндіріс түрі. Әрбір қолөнер туындысы өз заманының мәдениет үлгісін, ұлттың қоғамдағы жағдайын, діни сенімін, салт-дәстүрін айқын аңғартып тұрады. Ертеде қазақ ауылындағы қолөнер шеберлері қолдарынан келген өнерлерін әкесі баласына, енесі келініне үйретіп, ұрпақтан ұрпаққа қалдырып отырған. Осы үрдісті шеберлеріміз П.Садықов, Н.Оспановтар жалғастырып, ауданымыздың өзге де шеберлерімен өнердің қыр-сырымен бөліспек.

Шеберлік дәрісінде П.Садықов «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген халық даналығын басшылыққа алып, жас ұрпақты тәрбиелеуде, дамытуда, қалыптастыруда халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбие құралдарын (тіл, дін, өнер, үлгі өнеге) орнымен пайдалану, бүгінгі күн үшін де ерекше маңызға ие екендігін айтып өтті. Соның ішінде ең бірінші шикі затты қалай таңдау қажеттілігі мен оны өңдеуден бастады. Сабақ барысында қатысушылар шеберлерге түрлі сұрақтарын қойып белсенділік танытып отырды. Шебер П.Садықов келесі сабақ жоспарын таныстырып, бірқатар тапсырмалар берді.

Аудан әкімдігінің бастамасымен қолға алынған орталық жұмысына шеберлік дәрістеріне қатысушылар ризашылықтарын білдіруде. Ұлттық қолөнер мен дәстүрлер сабақтастығын насихаттайтын орталықта шеберлік дәрістері жоспарға сәйкес әр апта сайын жалғасын тауып отыратын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары