Қазақстандағы мемлекеттік бюджет тағы бір «сатыға» көбейетін болды. Бұл туралы кеше Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.
Осы күні Мәжілісте енді әр ауылға өз бюджетін иеленуге жол ашатын жаңа заң жобасының тұсауы кесілді. Бұл әрине, тарихымызда болмаған жайт. Қазіргі кезде ең төменгі бюджет – аудандық саты саналады.
Бір айта кетер жайт, жаңа құжатты талқылауға тек депутаттар ғана емес, сондай-ақ сайлау қорытындысында қажетті көлемде дауыс жинамау салдарынан Парламентке кіре алмаған саяси күштер – «Бірлік», «ЖСДП» және «Ауыл» партияларының өкілдері шақырылды. Сонымен бірге, Бас прокуратураның, Ұлттық банктің, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың сарапшылары қатысты.
Министр Қ.Бишімбаевтың түсіндіруінше, «Кейбір заңнамалық актілерге жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Ұлт жоспары аясында әзірленген.
– Мемлекет басшысы 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам Ұлт жоспарында 98-қадам ретінде селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізуді тапсырды. Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің, соның ішінде Польшаның тәжірибесін ескере отырып, жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу бойынша тәсілдерді пысықтап шықты, – деді министр.
Бір қызығы, келешекте осы заң арқасында ауылдардың да төл коммуналдық меншігін кезең-кезеңмен құру қолға алынады. Бұл ретте жоба «жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджеттік процестерді және төл коммуналдық меншігін басқарудағы өкілеттіктерін одан әрі кеңейту кезінде орын алатын қоғамдық қатынастарды реттеуді қарастырады».
Қуандық Бишімбаев қазіргі уақытта ауылдық елді мекендерді қаржыландыру «аудандық бюджет құрамындағы 19 бюджеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылатынын» айта кетті. Мұның сыртында ауыл-село әкімдеріне, жергілікті тұрғындардың келісімін ала отырып, жергілікті өзін-өзі басқару органының бақылау есепшотындағы төл табыстарын өз бетімен жұмсауға рұқсат етілген. Бұл табыстарға мысалы, «алтын бесік» ауылынан кіндігі үзілмеген азаматтардан түскен қайырымдылық қаржылар да жататыны мәлім. Ал осы заң қабылданған соң, еліміздегі барлық селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қалаларға төл бюджетін қалыптастыруға, соның есебінен мысалға, тіпті төл коммуналдық шаруашылығын ашуға мүмкіндік беріледі. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, осылайша, Қазақстандағы бюджеттің төртінші деңгей-сатысы құрылады. Бұл үдеріс енді 2,5 мыңдай әкімшілік бірлікті қамтығалы тұр. Заң бойынша 2018 жылдан бастап, 2 мыңнан астам адам тұратын елді мекендерде төл бюджеті ендіріледі деп жоспарлануда. Ал 2020 жылдан кейін бұл үдеріске барлық ауылдар тартылады.
Сонымен, жаңадан ашылғалы тұрған жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджеті қандай көздерден толығатыны да анықталып отыр. Ауылдың кіріс көздері салықтың алты түрінен, автожолдар бойында жарнама орналастыру ақысынан, сондай-ақ салықтық емес түсімдерден құралады деп күтіледі. Салықтық емес түсімге мемлекеттік мүлікті жалға беруден түсетін кіріс, жеке және заңды тұлғалардың ерікті аударымдары, әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін әкім жинайтын айыппұлдар жатқызылуда. Рас, айыппұлдармен ауқатты ауылға айналу беймүмкін нәрсе. Сондықтан ауылды көркейткісі келсе, әкім кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығының және басқа да салалардың дамуына жағдай жасап, өз бюджетіне түсетін салықты көбейтуге күш салуға тиіс.
Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін де аудандық мәслихат бекітеді, бірақ одан бұрын ол бюджет жергілікті жұртшылықтың жиынында талқылануы міндет. Ал бұл бюджеттің орындалуына ауыл әкімінің аппараты жауапты.
Айтқандай Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия поляктар елінің тәжірибесін үлгіге ұсынып отырғаны бекер емес. Өйткені Польшадағы 1980-жылдары басталған әкімшілік реформа федералдық емес, унитарлы елдер жағдайына көбірек жақын әрі Украина секілді посткеңестік елде сынақтан өткен. Оның үстіне поляктардың тәжірибесінен мұндай реформалардың жақсы жақтары мен олқы тұстарын байқауға болады, бұл тиісінше, олардың қателіктерін қайталамауға мүмкіндік береді. Бүгінде Польшада өзін-өзі басқарудың тәуелсіз үш деңгейі құрылған, олардың өкілеттіктерінің ара-жіктері нақты айқындалған әрі әрқайсысының тәуелсіз бюджеттері бар. Жергілікті деңгейлерге «жергілікті жұртшылықтың күнделікті тіршілігіне қажетті басты қызметтерді ұсыну, сондай-ақ аумақты әлеуметтік-экономикалық дамыту құқығы мен міндеттері» тапсырылған. Бұл жерде «жергілікті тұрғындар өз мәселелерін өздері жақсы біледі, демек, дұрыс шешімі де солардың қолында» деген қағида ендірілген.
Сонымен бірге мықты орталық мемлекеттік аппарат қалды: оның өңірлерде өз өкілеттіктері жұмыс жасайды, бірақ ол өкілдіктер өз күшін «ойын ережелерін» орнатуға және ел заңнамасы мен стандарттарының сақталуын бақылауға шоғырландырады.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың еуропалық хартиясына сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқару – жергілікті қоғамдастықтың өз мәселелерін өз мүдделеріне лайық түрде шешу құқығы және қабілеті болып табылады. Сонымен бірге жергілікті жұртшылық өз істері бойынша өздері шешім қабылдап қана қоймай, соның жауапкершілігін де арқалай білуге міндетті. Мемлекетті ведомстволық ұйымдастыру және централизм қағидатына сүйенетін кеңестік Конституциясы тұғырынан осы реформасын бастаған Польша бүгінде біраз жетістікке жетті. Ал біздің Үкімет озық халықаралық тәжірибенің үздік тұстарын өзімізде іске жаратуға кіріспек.