Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданына қарасты Мәдени ауылында биылғы археологиялық маусым аяқталу үстінде. Ғалымдар соңғы қазба жұмыс күндерінің бірінде үлкен тарихи жаңалықтың ашылуына куә болды. Мұнда мыңжылдық тарихы бар монша табылып, топырақтан толықтай аршылды деп жазады tvk-uko.kz.
Ханқорған көне қалашығының орнындағы қазба жұмыстары Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында басталған болатын. Археологтар дәл осы маңда XVIII ғасырда Абылай хан ордасын құрып, осында қайтыс болғанына сенімді. Дегенмен, Ханқорғанның тарихы одан да тереңде жатыр дейді зерттеушілер. Бұған дейін дәл осы қалашық орнында Маданкент деген қала болған.
«Бұл қала бірнеше кезеңді өткерген. Ең алғашында V-VI ғасырларда Батыс Түрік қағанатының құрамында болды. Одан кейін жүз жылдай қаңырап бос тұрып, IX ғасырда Саманидтер мен Қараханидтердің тұсында қайта гүлденді. Моңғолдардан кейін қайта бос қалып, Әмір Темір билігі тұсында тағы өркендеді. Ал, қаланың соңғы кезеңі Абылай ханның билік құрған уақытына тұспа-тұс келеді. Яғни, XVIII ғасырда Абылай ханның ордасы дәл осы қалашық орнында құрылған»,- дейді ҚР Археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев.
Қазіргі таңда Ханқорғанның аумағы 3 гектар жерді алып жатыр. Адайда, Маданкент болған кезде оның территориясы әлдеқайда үлкен болған. Қызығы сол, Қазақстан аумағындағы ең үлкен көне моншаны сайрамдық тұрғындар заңсыз құрылыс жүргізу кезінде анықтапты.
Моншаның аумағы 64 шаршы метр. Ол 5 бөлмеден тұрады. Арнайы кәріз құбыры бар. Археологтардың пікірінше, монша тоғызыншы ғасырда тұрғызылған және жүз жылдай уақыт жергілікті тұрғындарға қызмет етіпті. Кейін үстінен мола салынып кеткен.