$ 449.3  489.69  4.89

«Тұрғын үйдің бағасы көктемге қарай тұрақталады»: Отандық экономист келесі жылы қандай өзгерістер болатынын айтты

Ұлттық Банктің “7-20-25” бағдарламасы соңына таяп қалды, “Баспана хит” бағдарламасының тоқтағаны тағы бар. Осы ретте тұрғын үй нарығында баға реттеле бастады

2021 жыл экономикалық өзегерістерге толы кезең болды. Азық-түлік бағасы көтерілді, құрғақшылық орын алды. Осының барлығы экономикаға, халықтың тұрмысына әсер етті. Келер жыл елімізді қандай өзгерістер күтіп тұр? Тілшіміз GSB UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халықпен сұхбаттасып, өткен жылды қорытындылап, келер жылға болжамдарын сұрады, деп жазады Stan.kz.

–  Былтыр “2021 жыл Қазақстанды экономикалық жандануға алып келеді” деген болжам айтып едіңіз, осы болжам қаншалықты орындалды?

–  Бұл жолжам орындалып жатыр. Былтыр жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсу қарқыны 2,6 пайызға дейін құлдыраған. Бұл ең тоқырау шегі деуге негіз бар. Ал биылғы экономикалық өсімге қарасақ, 3,5-дан пайыздан асты. Бұл белгілі бір дәрежеде экономикада жандану фазасының қазір болып жатқанын көрсетеді, алайда экономикалық өсімге қол жеткіздік деген сөз емес. Егер осы қарқын сақталса, экономикалық өсім келесі жылдан бастап орын алады. Экономикада жандану фазасы бар деуіміздің себебі – минус көрсеткіштен ішкі өнімнің оң көрсеткішке өтуі. Ал егер былтыр мен биылғы жылды салыстырсақ. өсім тек 1 пайыз екенін көреміз (-2,6 пайыздан 3,5 пайызға дейін), шындығында 1 пайыздық өсім, өсім деп есептелмейді. 

– Теңгенің долларға шаққандағы бағамы 2022, 2023 жылдарда қандай шекке жетеді? Әртүрлі болжамдар айтылып жатыр, оның бәрі қандай факторларға байланысты?

– Теңгенің құнсыздануына әсер ететін сыртқы факторлардың бірі – мұнай бағасы. Әлемде мұнай бағасы төмендегенде бұл теңгенің құнсыздануына алып келетінін Тәуелсіздік алған жылдардан бері байқаймыз. Алайда мұнай бағасы жоғарыласа, теңгенің күшейгенін байқамаймыз. Көбіне ол тұрақтылық фазасында тұрады. Қазір әлемде мұнай бағасы құбылып тұр. Бұған омикрон штаммының таралуы да әсер етуі мүмкін. 

Келесі фактор, Американың федералды зерттеу жүйесі доллардың кілттік пайыздың мөлшерлемесін өсірсе, доллар әлемдегі валюталарға қатысты құнын арттырады. Оның ішінде дамушы елдердің валютасы көбірек құнсызданады. Ал дамушы елдерде инвестиция құйып отырған инвесторлар Американың құнды қағаздарын сатып ала бастайды. Себебі Американың қазыналық құнды қағаздарының пайызы өседі. Дамушы елдердегі қаржы капиталы сол жаққа кетеді. Бұл капитал ағыны деп аталады, осы кезде дамушы елдерде тапшылық пайда болады. Соның салдарынан теңге құнсызданады. Алдағы уақытта осы сценарий орын алады деген болжам бар. 

Американың ғана емес, Еуропаның, Жапонияның орталық банкін байқасақ, Quantitative Easing  (жеңілдетілген ақша несие саясаты) бағытын доғарамыз деп отыр. Оны тоқтататын болса, базалық мөлшерлемелік пайызын өсіре бастайды. Ол жағдай дамушы елдердің валютасының өсуіне әкеледі. Бұл сыртқы факторлардың теңгеге әсер етуі мүмкін. 

Біз импортқа тәуелді мемлекетпіз. Ал экспортымыз шикізатқа байланысты. Егер мұнайдың, шикізаттың бағасы жоғары болса, экспорт өнімдерінің құны да жоғары болады. Импорт пен экспорттың айырмасы – теріс сальдо сақталып отыр. Яғни импорттың мөлшері экспорттан көп. Сондықтан бұл белгілі бір дәрежеде төлем балансы теңгемізге қысым жасалып тұр. Қазақстандықтар көбіне шетелдік тауарларды сатып алғанды жақсы көреді. Импорттың өсуі доллардың жоғарылауына әсер етеді. Соңғы екі жылда теріс көрсеткіш 5,6 мың доллар болған. Өткенде Ұлттық банк төрағасы төлем балансы 3 млрд-қа дейін жақсарды деп айтқан еді. 

Халықтың девальвациялық күтімі жоғары болып тұр. Халық арасында теңге құнсызданды деген ақпар бар. Бұл белгілі бір дәрежеде азаматтардың долларды көптеп сатып алып жатуына алып келуде. Бұл азаматтардың теңгеге деген сенімділігін төмен екенін көрсетеді. Ұлттық банк интервенция (шетелдік валютаны реттеу – авт.) жасады, бұл да халықтың девальвациялық күтімінің жоғары екенін айғақтайды. 

Теңгеге омикрон штамының пайда болуы оңтайлы әсерін тигізуі мүмкін. Өйткені федералды зерттеу жүйесі, Еуропаның орталық банкі болсын, жеңілдетілген ақша несие саясатын доғарамыз деген бастамасын кейінге шегеруі мүмкін. Осындай белгісіздік Қазақстан экономикасына уақыт беруі мүмкін. Елдегі ақша несие саясатындағы проблемаларды шешіп, реттеуге уақыт болады. Бұл теңгенің құнсыздануын біршама уақытқа тежейді. 

–  Теңге инфляциядан басқа да факторлардың әсерінен шыға алмай отырғанын есепке алғанда, 2022 жылы ақшаны қалай ұстаған қолайлы болмақ? Акциялар мен облигацияларға ақша салу тиімді бола ма?

–  Өз қаражатыңызды жоқ дегенде үш валютада бөліп ұстаңыз. Бар қаражатты тек долларда, не теңгеде ұстау – тиімсіз. Сондықтан оны бөліп сақтаған дұрыс. Осы жағдайда девальвациядан, басқа да қиын жағдайлардан өзіңізді сақтай аласыз. 
Мәселен, былтыр бір ер адам пандемия басталған кезде доллар 450-ге дейін көтерілгенде өз бетінше долларды сатып алған. Жазда қызын ұзататын болғандықтан оған қаражат қажет болып, долларды 400 теңгеден сатуға мәжбүр болған. Қатты ашынды, себебі қаншама қаражатынан айырылып қалды.
Осы орайда, асығыстық жасаудың қажеттілігі жоқ. Бәрі сатып алып жатқан кезде сіз сатып алмаңыз. Себебі онда міндетті түрде спекулянттар болады. 

Екінші мәселе, барлық затыңызды бір ұяшықта сақтамаңыз. Егер бір ұяшықта сақтасаңыз, тәуекел жоғары болады. Мәселен, шартты түрде 1 млн теңгеңіз бар делік, оның 400 мыңына доллар алыңыз, 300 мыңына еуро алыңыз, қалғанын теңгемен сақтаңыз. Үш айдан кейін керек болады деген қаражат теңгемен тұра беруі керек. Ал егер ұзақ уақытқа сақтауды көздесеңіз, доллар, еуро, рубльмен сақтауға болады. Алтынды да айтпасқа болмайды, ол ұзақ жылдар бойы өзінің тұрақтылығын дәлелдеген валюта. Бірақ оны инвестиция ретінде сақтау керек. Алтынның құны көп түспейді, керісінше өсіп отырады. Көп адам алтынды әшекейлер түрінде де сақтауға болады деп ойлап жатады, бірақ олай емес, тек құймасы түрінде сақтау керек. Бүгінде Ұлттық банк 10, 50 грамдық құймалар сатады. Көп қаражатыңыз болса, 13 келілік алтынды қосса болады. Әркімнің өзінің талғамына байланысты. 

Қор нарығына ақша салған дұрыс. Неғұрлық ертерек акция мен облигациялар сатып алуға кіріссеңіз, соғұрлым көбірек тәжірибе жинақтайсыз. Қазіргі уақыт аумалы-төкпелі уақыт. 2022 жылы қаржылық дағдарыс болуы мүмкін деген болжам бар. Өйткені әлемдегі орталық банктер экономиканы қолдаймыз деп көп көлемде қаражат басып шығарған. Мұндай жағдайда қаржылық дағдарыс орын алуы мүмкін деген болжам айтылып жүр. Мұндай жағдай болса, акциялардың бағасы құлап, компаниялар құны төмендейді. 

Облигациялық инструменттер тәуекелі төменірек. Онда нақты келісім бар, компанияға қарыз бересіз, компания сізге жылдың соңына дейін қаражатыңызды 20 пайызға асыруға уәде береді. Осы орайда акцияға қарағанда облигацияға ақша салу тиімдірек, себебі компания сізге қаражатты қайтаруға міндеттеледі. 

–  Жаңа 2022 жылы азық-түлік, баспана, көліктің бағасы тағы өзгере ме?

–  Қымбатшылық орын алады деп айтуға негіз бар. Себебі осы жылы көптеген тауарлардың бағасы шарықтады. Оның ішінде жанар-жағармай мен дизельді айту керек. Ауыл шаруашылығы дизельге байланысты жүреді. Науқан кезінде дизельдің кеш жеткізілуі салдарынан көптеген шаруалар тауарлар бағасын өсіруге мәжбүр болды. Еттің қымбаттауы, құрғақшылық, осындай факторлар қымбатшылыққа әкелуі мүмкін. Азық-түлік бағасының қымбаттауы сақталады. Мемлекет шара қолданбаса6 картоп пен сәбіздің қымбаттағанындай жағдай болуы мүмкін. Сондықтан бақылауды ұстау мәселесі маңызды. Жетпей жатқан дүниені жеткізу маңызды. 

Үйдің бағасы көктемге қарай тұрақталуы керек. Өйткені былтыр үй бағасының шарықтауына әсер еткен фактордың бірі зейнетақы аударымдары болатын. Қазір де зейнетақы аударымдарын жасау мүмкіндігі сақталған, алайда үлкен сомадағы ақшаны шығара алмайды. Былтыр 5-50 млн-ға дейінгі қаражатты шешіп алып, азаматтар үй сатып алған. Ал қазіргі уақытта көп қаражаты бар адамдар аз, олар енді Отбасы банктің депозиттік шотына ғана аударады. Соның өзіне ондағы қаражатты үш жыл ішінде қолданады. Осы арқылы бұл фактор үйдің бағасына қатты әсер ете қоймайды. Сондай-ақ Ұлттық Банктің “7-20-25” бағдарламасы соңына таяп қалды, “Баспана хит” бағдарламасының тоқтағаны тағы бар. Осы ретте тұрғын үй нарығында баға реттеле бастады.         

Тұрғын үйдің бағасына қатты әсер ететін – құрылыс материалдары бағасының артуы. Импорттық инфляцияның әсерінен қымбатшылық орын алуы мүмкін. 

Құрылысшылар да еңбекақысын көтеруді талап етіп жатқан жағдайы бар. Бұл да үлкен ақыны құрайды, құрылыс компаниясы үшін шығынды ұлғайта түседі. Егер материалдарын сырттан әкелу тоқтатылмаса, бұл да үйдің бағасының шарықтауына әсер етуі мүмкін. 

Көлік бағасының қымбаттауына әсер еткен қалдықтарды өңдеу жұмысы болды. Қоғам белсенділері арасында үлкен талқылауға салынған мәселе болды. 

Осылайша, “Домино” эффектісі сияқты көптеген тауарлардың қымбаттауы басқа тауарлардың қымбататуына әсер етеді. Алдағы уақытта қымбатшылықтан арыламыз деген негіз жоқ.

– 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін ұлғаяды деп жоспарлануда. Бұл халықтың өмір сүру деңгейіне қалай әсер етеді? 

– 2022 жылы Қазақстан кедей мемлекеттер тізімен шығады. Әлемдік стандарттар бойынша жан басына шаққандағы табыс 10 мың доллардан асса, бұл ел кедей мемлекеттер тізімінен шығады. 2021 жылы біздегі көрсеткіш 9 мың доллар болды, ал келер жылдан бастап 10 мың долларға шығады. Егер теңгеміз құнсызданса, қайтадан кедей мемлекетке айналамыз. 

42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге ең төменгі жалақы мөлшерінің ұлғаюы бұл факторға әсер етпейді, оған тек ЖІӨ көрсеткіші әсер етеді. Менің пікірімше, әлемдік стандарттарға сәйкес, ең төменге жалақы мөлшері кем дегенде 75 мың теңге болуы керек, ал келер жылы бұл көрсеткіш 80 мың теңгеге шығуы тиіс. 

–  Қазақстандағы мұнай қорының жағдайы қандай, қашанға жетеді? Жанармайдың бағасы келер жылы қандай болмақ?

–  Global Fire Power Қазақстанда 30 млрд тонна баррел мұнай барын жазған. Біз әлемде мұнай қоры жөнінен 12-орында тұрмыз. Жылына 90-100 млн тонна баррель мұнай өндіруді сақтайтын болсақ, жарты ғасырға жетерлік мұнай қоры елімізде бар. 

Алайда қазіргі сәтте әлемде мұнай дәуірі аяқталып жатқан жағдайды көріп отырмыз. Төртінші кәсіптік революция заманына өттік. Бұл жерде басымдылық Жасыл экономика, Жасыл энергетикаға берілуде. Мұнайға деген сұраныс ақырындап азайып жатыр. Қазақстан мұнайдан басқа да экономиканың драйвері болатын бағыттарды қазірден ойланып, дамыту керек. 

Жанар-жағармай бағасы бойынша Қазақстан әлемдегі ең арзан баға ұсынатын елдерге кіреді. Ол бойынша алғашы ондықта орналастық. Екінші мәселе, азаматтардың төлем қабілеттілігінде. Егер жанармайды қымбаттатсақ, азаматтардың оған еңбекқасы жете ма деген мәселе туындайды. 

Айта кетерлігі, көрші елдерде жанармай бағасы Қазақстанмен салыстырғанда жоғары. Еуразиялық Экономикалық одақ аясындағы келісімдер бойынша, біз жанармай бағасын еркін айналымда ұстауымыз қажет. Сондықтан Ресейде жанармай бағасы қымбаттаса, сәйкесінше бізде де баға көтеріледі.

Елдің ақырындап Жасыл экономикаға көшуі болашақта жанармаймен жүретін көліктердің азаюйына әкеледі.  Үкімет назарда ұстауы тиіс мәселе, жанармайдың бағасы өсуі орын алса да, дизельдің бағасының өсуін болдырмау қажет.  Азаматтардың төлем қабілеттілігі болу үшін жалақыны өсіру мәселесін қолға алу қажет. Үкіметтің ең басты назарында халықтың көп бөлігінің алатын жалақысын арттыру.

–  Биыл құрғақшылықтың салдарынан ауыл шаруашылығы бірқатар қиындықтарға ұшырады. Бұл Қазақстан экономикасына қалай әсер етті? Келесі жылы қайталанса экономикада үлкен тоқырау бола ма? 

–  Еліміздің бірқатар аймақтарында қуаңшылықтың орын алғанын көрдік. Ол жақта шаруалар қиналып, қаншама мал қырылды. Мұның бәрі қазіргі уақытта еттің бағасының қымбаттауына әсер етіп отырған жағдайы бар. Қазір жем-шөп бағасы өскен. Барлығы еттің, мал бағасының өсуіне септігін тигізеді. Оның үстіне, дәнді дақылдардың бағасы көтерліуі мүмкін. 

Биыл Төтенше жағдай жариялайтындай жағдай болды, бірақ жарияланған жоқ. Бұл ретте ауа райын алдын ала болжайтын зерттеу агенттіктерін ашу қажеттігі туындады. 

Ауыл шаруашылығына мемлекеттен көптеген субсидия қарастырылған. Өткен жылы 366 млрд теңге қаражат бөлінген. Бұл аз қаражат емес, дегенмен бұл ақша қаншалықты деңгейде мұқтаж фермерлерге жетіп жатыр, осы мәселе өзекті. Көбіне субсидияны ірі шаруа қожалықтары алып, ал майда, шағын қожалықтардың оған қолы жетпей жатады. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиелерді кейбір шаруалар ала алмайтын сәттер бар. 

Кейде шаруалардың кепілдікке қоятын мүлкі болмай жатады. Қазір мемлекет тарапынан шаруаларға мүлкінің 15 пайызынан 50 пайызына дейін кепілдікке қойып, ал қалған бөлігін мемлекет төлейтін заң қарастырылған. 
Айта кетерлігі, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы шаруаларға 2-6 пайызға дейін жеңілдетілген несие беруді қарастырған.
– Қазақстанда АЕК-тің 146 теңгеге өсуіне байланысты әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар мөлшері өседі деп жоспарлануда. Жыл сайын төлемдердің өзгеріп, өсіп отыруы шын мәнінде халыққа пайдасын әкеліп жатыр ма?

–  АЕК-тің көбеюуі алдағы уақытта айыппұлдың өсуіне, салықтың көлемінің артуына ықпал етеді. Оның өскені табысы артпаған халық үшін жақсы емес. . 

–  Келесі жылдан бастап минималды жалақының өсуіне байланысты зейнетақыны алудың жеткіліктілік шегін арттыру мәселесі көтерілді. Шектің екі есе артуы орын алса, халықтың жайы не болмақ?

–   Жауапты министрлік мұның қате тұжырым екенін мойындады. Бірақ қате тұжырымның өзі тұрғын үй нарығындағы бағаларды 10 пайызға өсіріп жіберді. Жеткіліктік шегі сәуір айында көтеріледі. Бірақ оның жарияланымы келесі жылдың басында жүзеге асады деп ойлаймын. Бірақ үкімет шекті екі есе өсірмейді деп есептеймін. Министрлік бұл тұжырымынан күйді, дегенмен олардың мұны есептеу процесі, келтірілген уәждері еш қисынға келмейді. Қандайда бір әдіснама болса, онда оның бәрі ескірген. Жеткіліктік деңгейі елдегі инфляция деңгейінен көп болмауы керек деп есептеймін. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары