15.07.2022, 12:40

Бағдат Мусин Samsung компаниясының зауытын Қазақстанға көшіруді ұсынды

Министрдің айтуынша, "Samsung" компаниясының өкілдерін қазақстандық IT саласының әлеуеті қатты қызықтырып отыр.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин "Samsung" корпорациясының тұрмыстық электроника өндіретін зауытын Қазақстанда да ашу туралы ұсыныс жасағаны белгілі болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Samsung Electronics Central Eurasia компаниясының басқарма төрағасы Санг Юн Ким бастаған делегациямен кездестім. Кездесу барысында электроника өндірісі бойынша "Samsung" корпорациясының көшбасшы екенін ескере отырып, компанияның тұрмыстық электроника өндіретін зауытын Қазақстанда да ашу туралы ұсыныс жасадым. Бұл өз кезегінде отандық IT мамандар үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына серпін болмақ"- деді Бағдат Мусин.

Министрдің айтуынша, "Samsung" компаниясының өкілдерін қазақстандық IT саласының әлеуеті қатты қызықтырған.

Жалпы айтар болсақ, "Samsung" компаниясы қазақ үкіметі арасында жақсы байланыс орнатылған. Мәселен, Әл-Фараби ҚазҰУ және Astana IT University базасында мобильді Java және Python деректерді талдау жүйесін әзірлеуді үйрететін Samsung-тың IT мектептері жұмыс істейді. Онда қазіргі күні 500-ге жуық IT маман білім алып жатыр.

Кездесу барысында тараптар осы мектептерді Қазақстанның басқа да өңірлерінде ашу мүмкіндігін талқыланды.

Кездесу соңында министр "Samsung" өкілдерін осы жылдың қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін "Digital Bridge-2022" форумына қатысуға шақырды.

Айта кетері, мемлекет басшысы 2020 жылы Корея Республикасына іс-сапармен барып, R&D зертханаларын және бірлескен өндірістерді құру мәселелері бойынша "Samsung" корпорациясымен бірқатар келісімге қол жеткізген болатын.