30.09.2022, 01:38

Павлодар облысында 174 шенеунік айыппұл арқалады

Оларға жалпы сомасы 5 232 620 теңге айыппұл салынды.

Павлодар облысында 174 лауазымды тұлғаға айыппұл салынды, деп хабарлады Polisia.kz.

Жолдарды күтіп ұстау кезінде кемшілік жібергені және жұмыс жүргізу ережелерін бұзғаны үшін 174 лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылды, оларға жалпы сомасы 5 232 620 теңге айыппұл салынды.

"Жол жөндеу жұмыстары кезінде жол қауіпсіздігі шаралары сақталуға тиіс. Талаптарға сәйкес, жұмыс орнында жол белгілері, жарықтандыру, қоршаулар қойылуы керек. Егер күндізгі уақытта жүргізуші жолдағы кедергіні дер кезінде байқаса, түнгі уақытта көріну бірнеше есе нашарлайды", – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының инспекторы Арман Абжанов.

Тәртіп сақшысы полиция қызметкерлері жолдарды үнемі тексеріп отыратынын атап өтті. Мәселен, Республикалық маңызы бар Павлодар-Қызылорда автожолының 132 км жол төсеміне тексеру жүргізу кезінде шұңқырларды жөндеу кезінде жолда жұмыс жүргізу қағидалары бұзылғаны, дәлірек айтқанда, жол жұмыстарын жүргізу кезінде жол белгілері болмағаны анықталды.

Аталған құқық бұзушылық үшін ЖШС ҚР ӘҚБК 631-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Тағы бір факт Ленин-Ақсу-Көктөбе-Үлкен Ақжар-Курчатов автожолында болды. 125-135 км учаскеде жолдарда жұмыс жүргізу ережелері бұзылғаны анықталды. ЖШС ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Спикердің айтуынша, Павлодар өңірінде жыл басынан бері 27 050 шақырымды қамтитын жалпы қолданыстағы автожолдарға 1091 тексеру жүргізілді, оның барысында 3380 ақау анықталды. Жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жоюға ұйғарымдар берілді.