Қазақстандағы экономикалық өсімнің негізгі серпінді күштерінің бірі – құрылыс индустриясы. Осы жылдың алты айының қорытындысы бойынша құрылыстағы жалпы ішкі өнім 9,2 пайызға жеткен (елдің ішкі жалпы өнімі 3,6 пайызға өсті). Елімізде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 42 пайызы осы салаға тиесілі.
Finprom зерттеуінше, бүгінде құрылыс саласы елдің жалпы ішкі өнімінің бес пайызын құрайды. Бұл ретте сектор өңдеу өнеркәсібін, атап айтқанда машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру, сауда, көлік-логистика және т.б. ынталандыра отырып, экономикаға мультипликативті әсер етіп отыр.
Құрылыс саласы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосып отыр. Секторда 637,5 мың адам жұмыс істейді. Яғни, бұл сала жұмыс беруші ретінде сауда, агроөнеркәсіптік кешен және білім беру сияқты салалармен қатар алда келеді.
Құрылыста жұмыспен қамтылғандар саны республикадағы барлық жұмыспен қамтылғандардың 7,2%-ын және нақты секторда жұмыс істейтіндердің бірден 17,4%-ын құрайды (ҚР нақты секторына құрылыс, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және коммуникациялар кіреді) .
«Құрылыс секторы жұмыс істейтін компаниялар саны бойынша көшбасшылардың бірі саналады. 2022 жылдың тамызында 50,3 мың компания осы салады жұмыс істеді (бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,2%-ға көп). Бұл Қазақстандағы барлық жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 13,3%-ын және нақты сектордағы барлық кәсіпорындардың 41,9%-ын құрайды», - дейді сарапшылар.
Осылайша, құрылыс тікелей және жанама түрде экономиканың өсуі мен нақты сектордың дағдарыстан шығуына мүмкіндік бере отырып, халықтың тұрғын үй мен жұмыспен қамтуға деген әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз етеді және барлық деңгейде іскерлік белсенділікті ынталандырады.
Azattyq Ruhy