$ 494.87  520.65  4.91

«Петропавл ауыр машина жасау зауыты» саудаға шығарылды

Кәсіпорын жұмысшылары жалақы ала алмай, жұмыстан кетіп жатыр.

«Петропавл ауыр машина жасау зауыты» саудаға шығарылды. Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі кәсіпорындардың бірі 6,3 млрд теңгеге бағаланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Сатушы – «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы сатып алушыға бірқатар талаптар қойып отыр. Ең алдымен, конкурс жеңімпазы зауыт қызметінің бейінін, қызметкерлердің штат санын сақтап, жаңа жұмыс орындарын құруы тиіс. Меншік құқығы өткеннен кейін бір жыл ішінде сатып алушыға кәсіпорын активіне қатысты белгілі бір әрекеттер шектеледі және тыйым салынады.

Меншік иесі үш жыл ішінде «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ кредиторлық берешегін өтеуге тиіс. Қоса берілген анықтамаға сәйкес, өткен жылдың желтоқсан айында ол шамамен 12 млрд теңгені құрады.

2018 жылы республика қазынасынан 4,4 млрд теңге бөлініп, зауытты қайта жаңғырту жұмыстары басталған болатын. Жоспар бойынша модернизация 2020 жылы аяқталуы тиіс еді. Алайда ол да созбаққа салынды.

Германиядан әкелінген қондырғыларды әлі күнге дейін шаң басып тұр. Оны іске қосу үшін шетелден мамандар келуі тиіс болатын. Алайда пандемияға байланысты немістердің Қазақстанға сапары кейінге шегерілді. Карантиндік шаралар алынып, барлық кәсіпорындар қалыпты жұмыс жүйсеніе ауысқан соң да зауыттың жағдайы оңалған жоқ.

«Петропавл ауыр машина жасау зауытындағы» мәселелер бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Azattyq Ruhy кәсіпорын жұмысшылары жалақы ала алмай, жұмыстан кетіп жатқанын жазған болатын. 

Тағы бір шарт: сатып алушы экономиканың мұнай-газ өндіру, мұнай өңдеу, энергетика, темір жол салалары үшін азаматтық өнім шығару жөніндегі зауыттың бейінін сақтауы, кемінде бір жаңа өндіріс құра отырып және жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігімен азаматтық өнім желісін кеңейтуі, Зауытта шығарылатын арнайы техникаға сервистік қызмет көрсетуді ұйымдастыруы тиіс. 

Сауда-саттық ағылшын әдісі бойынша өткізіледі. 17 қаңтарға жоспарланған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары