$ 498.51  522.84  4.81

Түркістандық кәсіпкер 2 млн теңгеге ЭКСПО билеттерін сатып алды

Еліміздің түкпір-түкпірінде мұғалімдер ЭКСПО-2017 көрмесінің билеттерін мәжбүрлі түрде алып жатырмыз деп, білім бөлімінің басшыларына шағым айтып жатқанда, Түркістан қаласының кәсіпкері өз қалтасынан 2 миллион теңге шығарып, 500 билетті сатып алды. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Рахым Тәңірбергенов бұл билеттерді өзінің қарамағында істейтін жұмысшыларға тегін таратып бермекші. Сондай-ақ, ол көрме басталған уақытта автобустар жалдап, түркістандықтарды тегін Астанаға апаруды жоспарлап отыр екен.

- «ЭКСПО-2017» көрмесіне әрбір азамат атсалысуы тиіс деп есептеймін. Өйткені бұл өте маңызды шара. Елімізге әлемнің 100-ден астам мемлекеттен қонақтар келгелі отыр. Сондықтан осындай ауқымы зор шарадан оңтүстікқазақстандықтар да сырт қалмауы тиіс деп ойлап, бүгін өз қаражатыма 500 билет сатып алып отырмын. Бұл билеттерді өзіме қарасты мекемеде ерен еңбегімен көзге түсіп жүрген азаматтарға ұсынамын. Сонымен қатар, жаз айында көрмеге бару үшін  арнайы автобустар ұйымдастырып, түркістандықтарды өз есебімнен Астанаға апарып қайтамын, - деді Рахым Көлбайұлы.

Айта кетейік, бұған дейі айтылғандай, Оңтүстік Қазақстан облысы ЭКСПО көрмесі үшін 10 тонна балмұздақ дайындайтын болады. Сондай-ақ, көрмеге ОҚО атынан 150 ерікті қатысады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары