2017 жылдың 18 маусымынан бастап «GeorgianAirways» әуе компаниясы Астана – Батуми – Астана бағыты бойынша жаңа рейс орындауды жоспарлап отыр. Бұл рейс Boeing 737 ұшағымен аптасына бір рет, жергілікті уақыт бойынша жексенбі күні сағат 05:20-да Астанадан аттанады.
Аталмыш рейсті ашуда ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті мен Грузияның авиациялық билігі бірлесіп жұмыс атқарды.
Қазақстан мен Грузияның авиациялық билігі бұл ашылған жаңа әуе бағыты екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынасын нығайтып, туризм саласының қарқынды дамуына ықпал ететініне сенімді.
Еске сала кетейік, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы мен Грузия арасында «AirAstana» әуе компаниясы Астана – Тбилиси және Алматы – Тбилиси, сонымен қатар, «SCAT» әуе компаниясы Ақтау – Тбилиси, Ақтау– Кутаиси, Ақтау – Батуми бағыттары бойынша тұрақты рейстерді орындап келеді.
Айта кету керек, «WizzAir» венгерлік лоукостер Астана мен Будапешт арасына қатынайтын жаңа әуе байланысын іске қосқан болатын. AIRBUS әуе компаниясының А320 әуе кемесі аптасына екі рет, бейсенбі және жексенбі күні әуе рейсін орындайды. Алғашқы рейспен Венгер Республикасының ұлттық экономика министрі Михай Варга бастаған делегация ұшып келеді.
Мамандандырылған халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында ашылып отырған жаңа бағыт айтулы оқиға болып отыр. Бұл Қазақстан мен Венгрия арасындағы дипломатиялық және бизнес қарым-қатынасты, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін болады.
Сондай-ақ, ЭКСПО көрмесі қарсаңында Астана мен Пекин арасын жалғайтын тағы бір жаңа әуе рейсі бұған дейін іске қосылған. Әуе рейстер Эйрбас-320 типіндегі әуе кемесімен аптасына 3 рет, сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері орындалады. Аталмыш рейсті ашуда ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті мен Қытай Халық Республикасының авиация билігі бірлескен жұмыстар атқарған.