19.06.2017, 15:57

Астанаға келген әйгілі ғалым жаһандық проблемаларды шешу үшін бірігуге шақырды

Бүгiн елордада «EXPO-2017» көрмесiнiң iскерлiк бағдарламасы аясында «Болашақтың энергиясы: инновациялық сценарилер және оларды жүзеге асыру әдiстерi» атты WSEC-2017 Дүниежүзiлiк инженерлер мен ғалымдардың конгресi өз жұмысын бастады. Екi күнге жалғасатын шараға Нобель сыйлығының лауреаттары да қатысуда деп жазады Baq.kz.

Конгресс барысында әлемнiң Нобель сыйлығының лауреаты, энергетика, тұрақты даму, климаттың өзгеруi саласындағы сарапшы, Шри-Ланка мемлекетiнен келген Мохан Мунасингхе «Энергетиканың тұрақты дамуы және теңдестiрiлген экологиялық өсу: инженерлер мен ғалымдардың негiзгi рөлi» тақырыбында баяндама жасап, баспасөз мәслихатына да қатысты.

«Қазiргi таңда әлемдiк қауымдастық көптеген проблемамен кездесiп жатыр. Олардың қатарында қаржы мәселелерi, энергетикалық ресурстардың жетiспеушiлiгi бар. Сондықтан бiз тұрақты даму үшiн бiрiгiп, ортақ шешiм қабылдауымыз керек. Бiз климаттың өзгерiсi, ашаршылық сияқты проблемалармен қатар басқа да мәселелердi шешу үшiн диалог құрып, жұмыла бiлуiмiз қажет. Бұл жерде ғылыми-инженерлiк қауымдастық маңызды рөл атқарады. Осы қауымдастық мүшелерi проблемаларды шешу үшiн iскерлiк қауымдастық, бизнес, мемлекет өкiлдерiнiң басын қоса бiлуi керек. Бiз тұрақты даму қажеттiгiн естен шығармауымыз қажет. Мен саммитте тұрақты дамудың «үшбұрышын» ұсындым. Онда экономикалық, әлеуметтiк және экологиялық аспектiлердi келтiрдiм», - дедi баспасөз мәслихатында Мохан Мунасингхе.

Ғалымның пiкiрiнше, Қазақстанда проблемаларды шешу үшiн адами ресурстар да, экономикалық, экологиялық ресурстар да бар. «Қазақстан болашақта тұрақты энергетиканы дамыту саласында көшбасшы атана алады» деп түйiндедi ол.

Атап өтсек, Конгресс спикерлерінің қатарында Нобель сыйлығының төрт лауреаты, «Жаһандық энергия» Халықаралық сыйлығының сегіз лауреаты, танымал қазақстандық және шетелдік ғалымдар, экологтар мен сарапшылар бар.

WSEC-2017 Дүниежүзiлiк инженерлер мен ғалымдар конгресі Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда алғаш рет өткізіліп отыр. WSEC-2017 ғалымдар мен инженерлердің дискуссиялық алаңы ғана емес. Конгресс жұмысы барысында әлемнің энергетика саласындағы ең үздік трендтер бекітіледі деп күтілуде.