29.06.2017, 13:05

Нью-Йорк музейінің жауһарлары алғаш рет Астанаға әкелінді

Бүгінгі таңда ел ордасы Астана жаңа ғасырда жаңғырған Қазақстанның, егемен еліміздің жасампаздық істерінің жарқын белгісіндей, мәңгіліктің көшін бастады. Әлемдік нарыққа сай қайта құрылып, жаңарған Қазақстанның жаңа өмір кезеңдері, жаңа тарихы жасалып жатқаны баршаға белгілі. Әлем назарын өзіне аударған ерекше архитектуралық әсем үлгідегі әрі саяси-экономикалық, мәдени әлеуеті күшті Еуразия жүрегі - Қазақстан астанасы қазіргі кезде «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме есігін айқара ашты.

Елімізде «ЭКСПО -2017» көрмесінің өтуіне орай, көптеген іс-шаралар жоспарланған. Осы ретте Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі әлемді мойындатқан түрлі картиналар мен экспозициялардың бірегей алаңына айналмақ.

Көрменің алғашқы күндерінен бастап, орыс суретшісі Николай Рерихтың 20-ғасыр басында жарық көрген 40-қа жуық туындысы Астана қаласына әкелінеді. Құрама Штаттардағы жалғыз мұражай алғаш рет Қазақстанда өз коллекциясынан алынған аты аңызға айналған суретші, философ, саяхатшы, археологтың жұмыстарын қала қонақтары мен тұрғындарына ұсынады.

Аты әлемге әйгілі «Шамбаланы іздеу жолында: Николай Рерихтің Нью-Йорктегі музейінен алынған жауһарлар» көрмесі, шебердің шығармашылық ауқымын кеңінен көрсетеді. Бұл көрмеде суретшінің жасөспірімдік шағында, сондай-ақ, 1920-1940 жылдары жарыққа шыққан 37 жұмысын қамтиды.

XIX -XX ғасырларда мәдени құндылықтарды таратуда керуен жолдарының маңыздылығы кең болатын. Оны суретші Рерих те жақсы ұғынып, түсінген еді. Сол кездері керуен жолдарының ең танымал тарамдалған желісі - Қытай мен ортағасырлық Еуропа мемлекеттерін Орталық Азия мен Оңтүстік Қазақстан кеңістіктері арқылы байланыстырған Ұлы Жібек жолы еді. Ұлы Жібек жолының айтарлықтай бөлігін жүріп өткен Рерихтар отбасының зерттеулері бітімгерлік-мәдени идеялармен алмасу үшін өте құнды.

Николай Рерих өзі де - заманында өте көп саяхаттаған өнерпаз. Ол Орталық Азия экспедициясының бағытымен Қытай Түркістанында, Моңғолияда, Үнді, Тибет және Алтайда болып, аталған мекендер туралы мыңдаған жұмыстар жазған. 1926 жылдың көктемінде Рерихтардың экспедициясы Шығыс Қазақстандағы Зайсан көлінің маңында болды. Ары қарай экспедиция кемемен Өскемен, Семей, Павлодар және Омбыны басып өтті.

«ЭКСПО -2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында өткізілуі жоспарланған Н. Рерихтың «Шамбаланы іздеу жолында: Николай Рерихтің Нью-Йорктегі музейінен алынған жауһарлар» көрмесі Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Миссиясының  және Қазақстан мен АҚШ Елшіліктерінің ресми қолдауымен өткізіледі.

Қазақстан жағы логистикалық және сақтандыру шығындарын, ал көрмені ұйымдастыруға байланысты басқа шығындарды американдық «Son Mar Group» компаниясы мен АҚШ-тың жеке қорлары өтейді.

Сондай-ақ, Қазақстанда алғаш рет «АҚШ-тың жеке коллекцияларынан алынған орыс өнерінің жауһарлары» атты сирек көрсетілетін көрме астанамыздың қонақтарына ұсынылады. Оның құрамына 35 туынды кіреді, оның ішінде - дүниежүзіне танымал марионист Айвазовскийдің, XIX ғасырдың танымал кескіншілері Маковскийдің, Харламовтың, Шухаевтың, авангардшылар Бурлюктың, Ларионовтың, Гончарованың, Экстердің, орыс импрессионизмінің көрнекті өкілі Коровиннің және басқалардың жұмыстары бар.

Дерккөз: Қазақпарат