$ 498.51  522.84  4.81

Астанада EXPO Fashion fest сән фестивалі өтті (ФОТО)

Әдемілік бізге көптік етпейді немесе Астанада қазақстандық дизайнерлердің алғашқы EXPO Fashion fest сән фестивалі қалай өтті?

Астанадағы алғашқы сән фестивалі болғандықтан, толқыныс, қобалжу болғаны түсінікті. Дегенмен, сән мен сұлулық мерекесі болғандықтан, көркемдік пен кербез сипат басым түсті. Астана әкімдігі медиа орталығының тілшілері елорда билігінің ұйымдастыруымен өткен алғашқы сән фестиваліне қатысып қайтты.

EXPO Fashion fest сән фестивалі ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында арнайы ұйымдастырылды. Мақсаты – қазақстандық дизайнерлердің жұмыстарын халыққа кеңінен насихаттап, отандық сән индустриясының ахуалын паш ету. Қазақ елінің сән әлемінде қол жеткізген табыстарымен таныстырып қана қоймай, дизайнерлердің бір-бірімен танысып, өзара ынтымағын нығайтуды көздеді.

Фестиваль барысында қазақстандық 36 дизайнер топтамалары көрме сатылымға шығарып, шоу-рум өткізді. Олардың арасында сән әлемінің тісқаққан Аида Кауменова бастаған майталмандарымен қатар бұл салаға енді аяқ басқан жас дизайнерлер бар.

Астана тұрғындары мен қонақтары үшін бұл фестиваль жаңалыққа толы болды. Соның бірі - белгілі қазақстандық имиджмейкер Жанна Ахметова өткізген шеберлік сыныбы. Ахметова қыз-келіншектерге киім киюдің әдебі мен сауаттылығы жөнінде білгенін үйретіп бақты.

Ұйымдастырушылар тұрғындарға тағы бір тосын сый жасады. Мэйкап шеберлері жиналғандардың шашын сәндеп мен тегін макияж жасайды деп ешкім күтпеген-ді. «Артист» сұлулық салонының шеберлері 40-қа жуық қыз-келіншекті сәндеп, айымдардың ажарын әрлей түсті.

Сән әлемінің мамандары адамға әдемі болып көріну үшін тек сәнді киім кию жеткіліксіз дейді. «Адам көркі шүберек» деген қағиданы естен шығармаған жөн. Алайда, сұлулық тек киім-кешекпен өлшенбейді. Әйелдер сәнді киініп, бет әлпетін әрлеп қана қоймай, сондай-ақ әдемі сөйлеп, әдемі жүре білуі де тиіс. Мамандардың елорда тұрғындары мен қонақтарына берген кеңесі осыған саяды.

Сән фестивальі болғандықтан, сән көрсетілімісіз өтуі мүмкін емес қой. Ашық аспан астында қазақстандық алты дизайнердің жаңа топтамаларының таныстырылымы өтті. Жинағандар көрсетілім арасында жас орындаушылардың концертін тамашалады.

Сонымен бірге Ayana style брендімен танылған еліміздің ең жас дизайнері Аяна Мұратованың жаңа топтамасы да Астана жұртшылығына таныстырылды. Дизайнердің өзі Миланда өтіп жатқан сән конкурсына қатысып, бас жүлдені иеленгені де сол жерде белгілі болды. Дизайнердің киім үлгілерін киіп подиумға шыққан кішкентай сәнгерлер Ақтөбеден арнайы келген екен. 

«Астанада мұндай сән фестивалі алғаш рет өткізіліп отыр. Астана қаласының әкімдігінің қолдауымен фэшн фестивальді жыл сайын өткізіп отырамыз деген жоспарымыз бар. ЭКСПО көрмесі Қазақстан үшін зор әрі ұмытылмас жетістік болып қалмақ. Сәйкесінше, аталған көрме аясында өткізіліп отырған біздің фестивальіміз де отандық сән тарихында өз ізін қалдырады деп ойлаймыз», - деді EXPO Fashion fest ұйымдастырушысы  Айгерім Сүйіндікова медиа орталықтың тілшісіне берген сұхбатында.

Мәтіні: Айнұр ШОШАЕВА

Фотосы: Әділхан ІЛИЯСОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары