24.07.2017, 12:04

ЭКСПО-ға келген жапон делегациясы бағдарламасын қазақ тілінде әзірлеген

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің аумағында Жапония мемлекетінің ұлттық күні өтті. Мерекеде қонақтар Күншығыс елінің дәстүрлі мәдениетімен танысуға мүмкіндік алды деп жазады Egemen.kz.

Мәдени қойылымдармен басталған шарада – жапонның дәстүрлi музыка шеберi Хидэки Тоги, ұлттық үрмелi және iшектi аспаптар орындаушылары өнерлерiн ортаға салды. Содан кейiн «Оsaka Parad» шеруi өттi. Сахна төрінде жапондық музыка шеберлері ұлттық аспаптарда ойнап, жұртшылықты тамсандырды.

Мерекенің ресми бөлігінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Жапо­ния­ның энергетикалық тиім­ділік жағынан озық он елдің қатарына кіретінін ерекше атады. «Күншығыс елі Қазақстанның ірі инвесторы болып саналады. Соңғы 12 жылдың ішінде бұл мемлекет еліміздің экономикасына 5,5 млрд АҚШ долларын құйған. Қазіргі кезде машина жасау, тау-кен, агроөнеркәсіп, көлік-логистика және тағы басқа салаларда жалпы сомасы 1 млрд доллардан асатын 10 ірі жоба қолға алынды. Бұл әріптестік әлі де күшейе түседі деп сенемін. Қазақстанның бай шикізат қоры мен Жапонияның теxнологиялары – екіжақты тығыз ынтымақтастықтың негізі», - деді Жеңіс Маxмұдұлы.

Жапонияның Өндіріс, сауда және экономика министрі Хиросигэ Секо павильондарын «Болашақ энергиясы» тақырыбына сай жасақтауға тырысқандарын айтты. «Ол жерде баламалы энергия және энергия үнемдеу саласындағы теxнологиялармен, тәжірибемен танысуға болады. Негізі, Жапония ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға бірден келіскен. Себебі, ондай шаралар «жасыл» экономикаға көшу тәжірибесімен алмасуға таптырмайтын алаң бола алады», - деді Жапония өкілі. 

Мерекелік шаралар ұлттық павильонда жалғасты. Ондағы интерактивті шоу-бағдарлама толығымен қазақ тілінде әзір­лен­ген. Келушілерге барынша түсінікті болу үшін экспозицияларды үш залға бөліп қойған. Бірінші залда көрермен арнайы мобильді қосымшаны жүктеп, павильонмен танысса, екінші зал кинотеатр үлгісінде жасақталған. Ол жерде жапон жігіті баламалы энергияның маңыздылығын қазақ тілінде түсіндіреді. Үшінші залда осы саладағы теxнологиялармен танысуға мүмкіндік бар. Пави­ль­онда қонақтарды қарсы алып жүрген жапон қыздары да қазақ тілін үйреніп алған. Осында ұйымдастырылған мерекелік шарада жапондықтар өздерiнiң ұлттық биiмен қатар, қазақтың «Қара жорғасын» биледі. 

Жапонияның Осака қаласы 2025 жылы ЭКСПО көрмесiн өткізуге үмiткер. Павильонда осы қаланы таныстыруға арналған алаң да бар. Онда Күншығыс елi мен Осака қаласы туралы ақпарат пен суреттер назарға ұсынылған. Стендтiң жанында суретке түсiп, әлеуметтiк желiге салғандарға сыйлықтар таратылуда.