Алматы қаласы Алмалы ауданының дарынды оқушылары Астанаға арнайы келіп, ЭКСПО халықаралық көрмесін тамашалады. Аудандық әкімдік пен «Metal Prom Group» ЖШС бірлесе елордаға 60-ға жуық баланы аттандырған.
Жалпы, Астанадағы мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінің басталғанына 1,5 айдан аса уақыт өтті. Бүгінге дейін аталған көрмеге 2 миллионға жуық адам келіп, павильондарды аралаған. Келесі айдың басында 2 миллионыншы келушіні күтіп отырмыз дейді ұйымдастырушы тарап.
Осы 2 миллионға жуық туристің дені өз азаматтарымыз екені белгілі. Қазақстанның түкпір-түкпірінен лек-легімен келіп жатқан тұрғындар «болашақ энергиясының» қандай болатынын өз көздерімен көріп, таңданыстарын жасырмауда. Олардың қатарында мектеп оқушылары да көп. Балаларды облыс, қала әкімдіктері және жеке кәсіпкерлер өз қаражаттары есебінен көрмеге жіберіп жатыр. Мақсат – келушілер қатарын көбейту емес, жастардың ғылымға деген қызығушылығын ояту.
Осындай бір топ оқушы күні кеше Алмалы ауданынан Астанаға аттанып, ЭКСПО-ға қойылған болашақтың энергия көздерімен танысып шықты. Олар – өз қатарларының алды, түрлі білім олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, ғылыми жұмыстардың авторлары.
Көрме аясында оқушылар барлық мемлекеттердің павильондарын қамтуға тырысты. Тек аралап қана қоймай, мүмкіндігінше әр экспонаттың функциясымен анық танысып, қағаз бетіне түсіріп отырды. Одан бөлек, өз пікірлерін білдіруге таласты, бір-бірімен пікір алмасты. Экскурсия соңында жиған ақпарлары мен мәліметтерге сүйене, әр бала өзіндік идеяларын айтып, мақсаттарымен бөлісті.
Аталмыш экскурсия Алмалы ауданы әкімі аппаратының және Алмалы аудандық білім бөлімінің мұрындық болуымен, аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының қолдауымен, «Metal Prom Group» ЖШС-нің демеушілік бастамасымен жүзеге асырылып отыр. Көрмеден бөлек, балаларға Елорданың көрікті жерлеріне де саяхат ұйымдастырылып, жағымды көңіл-күй сыйланды.
- Елімізде өтіп жатқан осынау халықаралық көрме менің өзім үшін де, мына балалар үшін де аса маңызды. Бүгінгі таңда көптеген дамыған мемлекеттерде жүзеге асып жатқан инновациялық жобалармен, түрлі өңдеуші шаралармен, технологиялық өндірістермен таныса білген азаматтар – болашақта еліміздің өркендеуіне үлкен үлес қосатынына сенімім мол. Яғни, біз осы дарынды оқушыларды ЭКСПО-ға алып келгендегі мақсатымыз – ертең болашақта олардың Қазақстан ғылымына үлкен үлесін қоссын деп ниеттеніп отырмыз. Экскурсияға демеуші болудағы мақсатымыз да сол, барлығы болашақ үшін, барлығы жастарн үшін, - дейді «Metal Prom Group» ЖШС бас директоры Абдулхалил Долқынтай.
Оқушылардың ата-аналары да ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, Астана қаласынан балаларының ерекше көңіл-күймен оралғандарын айтып отыр.
Қоғамның энергия көздеріне қол жеткізуі олардың әлеуметтік, экономикалық және экологиялық тұрақты дамуына қол жеткізеді. Осыған орай, жастардың технологиялық ілімге қызығушылық танытуы – жақсылықтың нышаны. Ал Елордамызда өтіп жатқан Халықаралық көрмеге көзайым болу – әрбір инновацияға құштар азаматқа үлкен мотивация.