"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының өкілдері қазақстандық туроператорлар қауымдастығының өтінішін орындай алмайтынын мәімдеді.
"Біз олармен кеше хабарластық. Олардың бастамасына түсіністікпен қараймыз, қазір олардың компаниялары өте жақсы табыс тауып жатыр. EXPO көрмесі Халықаралық көрмелер бюросының регламенті бойынша жұмыс істейді. Осы регламен бойынша аталған көрме тек 3 ай ғана жұмыс істейді. Біздің туроператорлар мен кәсіпкерлердің ұсынысынан бас тартуымыздың негізгі себебі осы. Екіншіден, көрмеге қатысушы өзге мемлекеттердің уақыттары да, қаражаттары да өлшенген. Сәйкесінше, олар да Қазақстанда ұзақ уақытқа қала алмайды", - деді компанияның Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов.
Айта кетейік, күні кеше Астананың туроператорлары мен қонақ үй иелері және өзге де кәсіпкерлер ЭКСПО көрмесінің мерзімін 1 қарашаға дейін созуды сұраған болатын. Олар тіпті петиция әзірлеп, қол да жинай бастаған.