Биыл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен еліміздің тарихында тұңғыш рет «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылды. Қаржы орталығы 1 қаңтардан бастап қызметіне кірісті деп жазады Elorda Aqparat тілшісі.
«Астана» қаржы орталығы тәуелсіз қаржылық соты мен ағылшын құқығы қағидаттарына және жеңілдетілген салық режіміне сәйкес құрылған. Елорданы халықаралық және аймақтық бизнес хабқа айналдыратын орталық – Азия елдері, Кавказ республикалары, Еуразиялық экономикалық одақ, Таяу Шығыс елдері, Батыс Қытай аумағы, Моңғолия мен Еуропа елдеріне қызмет ететін қаржылық хаб. Заманауи инфрақұрылым мен озық технологияларды пайдалануды көздейтін қаржы орталығы «ЭКСПО-2017» аумағында орналасқан.
Бүгіннің өзінде шетел мемлекеттерінің көптеген инвестициялық, брокерлік компаниялары мен қаржы-банк институттары «Астана» қаржы орталығында өз өкілдігін ашуға ниетті.
«Қазақпарат» тілшісіне берген сұхбатында АХҚО-ның басқарушысы Қайрат Келімбетов компания жанынан әлемнің екі бірдей ірі қаржы биржасымен тығыз байланыс орнататын жаңа биржа ашылатынын мәлімдеді.
«Технологиялар ұсынатын Nasdaq америкалық жоғары технологиялық биржасы мен біздің биржамыздың ірі серіктесі және тең акционері Шанхай қаржы биржасы қаржы қоғамдастығымен байланысты дамытуға ықпал етеді. Болашақта қытайлық әріптестермен Астанада юань оффшорлық орталығын ашуды көздеп отырмыз», – деді компания басшысы.
Осы жылдың бірінші тоқсанында АХҚО биржасы белсенді жұмыс істеп, алғашқы мәмілелер жасайды. Жоспарға сәйкес, жылдың екінші жартысында Астана қаржы орталығының алаңында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының» компанияларын жекешелендіру басталады. Сондай-ақ, Халықаралық арбитраж орталығы және АХҚО тәуелсіз соты өз жұмысын бастайды.
Былтыр желтоқсан басында Елбасы «Астана» халықаралық қаржы орталығы соты төрағасының ант қабылдау рәсіміне қатысқан еді. Мемлекет басшысының тиісті өкімімен тағайындалған Лорд Гарри Кеннет Вульф «Мен, «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының төрағасы ретінде Қазақстан Республикасына шын пейіліммен адал қызмет етуге және ҚР Конституциясымен қаржы орталығы құқығына сәйкес, барлық адамдарға қатысты сот төрелігін адал жүзеге асыратынымды салтанатты түрде растаймын» деп ант берді.
Лорд Гарри Кеннет Вульф – қаржы құқығы саласындағы халықаралық төреші әрі медиатр. Ол Англияның, Уэльстің, Қатар мен Гонконгтың сот жүйелерінде жұмыс істеген кәсіби тәжірибесі мол маман.
Болашақта «Астана» халықаралық қаржы орталығы тек Қазақстан үшін ғана емес, Орта Азиядағы активтер мен капиталдарды басқару нарығын дамытуға ықпал етіп, инвесицияның негізгі қақпасына айналмақ.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, 2017 жылғы 28 желтоқсанындағы орталық аумағы 25 гектардан 1632 гектарға дейін ұлғайды.