06.10.2016, 12:25

Отырар туристерді қабылдауға дайындалып жатыр

Елiмiзде өтетiн «ЭКСПО–2017» халықаралық мамандандырылған көрмесi кезiнде «Отырар мемлекеттiк археологиялық қорық-музейi» Астана қаласында қойнауы тарихқа толы Қазақ өркениетiнiң алтын дiңгегi Отырардың тарихын көпшiлiкке насихаттау мақсатында көрме экспозициясын жасақтайды.

Көрмеде музей қоры жинағындағы VI-ХVIII ғасырларға тән археологиялық жәдiгерлер мен IХ-ХХ ғасырлардағы этнографиялық зергерлiк бұйымдар жиынтығынан жәдiгерлер экспозицияланып, көрермендерге өңiр тарихынан мәлiмет беретiн деректер қамтылады.

Ғасырлар бойы өз атауын сақтап келген Отырардың көпжылдық тарихы бар екендiгi 1971 жылы Оңтүстiк Қазақстан кешендi археологиялық экспедициясының (ОҚКАЭ) зерттеуi барысында анықталды. Отырар I ғасырдан XVIII ғасырға дейiн өмiр сүрдi. Көне қала өзiнiң жағрафиялық орналасу жағынан да ұтымды жерде орналасқан.

Елiмiзде өтетiн «ЭКСПО–2017» халықаралық мамандандырылған көрмесi кезiнде өлкенiң аталмыш тарихының әр кезеңiнен сыр шертер көне жәдiгерлерiмiз туристер назарына ұсынылмақ.

Отырар ауданында туризм саласын дамыту үшiн, көрмеге келушi туристерге қолайлы жағдай жасау үшiн аудан әкiмдiгi бiршама жұмыстар атқаруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» көлiк дәлiзiнiң Отырар ауданына бұрылар тұсынан бастап, ауданымызда орналасқан туристiк және әлеуметтiк нысандарға бағыттайтын сiлтемелер орнатылады.

Орнатылатын тақтайшалар туристiк нысандардың ара қашықтығы мен қысқаша тарихын үш тiлде (қазақ, орыс, ағылшын) сипаттайды.

Одан бөлек, Отырар ауданында туризмдi дамытуға бағытталған күре жол бойынан бой көтеретiн туристерге қызмет көрсету (демалыс орындары, саябақтар, этно-мәдени кешен, қонақүй, қолөнер шеберлерiнiң орталығы мен дүкенi) орындарын салу жоспарланған.

Отырар мемлекеттiк археологиялық қорық музейiнiң ауласынан этно-мәдени кешенiндегi тұрғын жайлар мен ұстаханалар келушiлердi өткен ғасырларға жетелейдi.

Арыс өзенiнiң жағалауын абаттандыру жобасы ауданымыздың ажарын аша түспек. Онда жазғы ойын-сауық орындары, киiз үй, алтыбақан, көлеңкелi орындықтар, субұрқақтар салынады.

Қоғам ауыл округiне қарасты Мыңшұқыр елдi мекенiнен бой көтеретiн заманауи талаптарға сай, шығыс үлгiсiндегi 150 орынды қонақүй кешенi де туристерге сапалы қызмет көрсетпек.

Одан бөлек, әлем туристерiн қызықтырған ежелгi Отырар қалашығының аумағын абаттандыру жобасы дайындалған. Онда автотұрақтар, сауда қатарлары, тазалық орындары мен iшкi аяқ жолдар, көлеңкелi орындықтар орнату жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Арыстанбаб кесенесiнiң кiреберiс қақпасының аумағын абаттандыру жобасы да дайын.

Ал, бұл жұмыстардың барлығы жыл соңына дейін, яғни ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі.