$ 498.34  519.72  4.85

ОҚО ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындалып жатыр

Оңтүстiк Қазақстан облысының туристiк ақпараттық орталығы «ЭКСПО–2017» халықаралық мамандандырылған көрмесiне барынша дайындалуда. Осы жылдың тамыз, қыркүйек айларында орталық мамандары Астана қаласында өткен тренингке қатысып қайтты. Сол жиында облыс атынан жаттықтырушылар мен үйлестiрушiлер тағайындалды. Астана iссапарының ерiктiлер жұмысын тиiмдi ұйымдастыруды үйренуге көмегi мол болды.

Бүгiнде республиканың әр облысындағы Жастар және туристiк орталықтар 150-ден астам ерiктiнi даярлап, ЭКСПО көрмесiне жiберуге әзiр. Әсiресе, студент жастар арасында ерiктiлер қатарын толықтыруға қызығушылық күннен-күнге артып келедi. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ мен Оңтүстiк туризм орталығы бiрлесiп азаматтарға арнайы оқыту тренингтерi мен курстарын ұйымдастырмақ.

«ЭКСПО–2017» халықаралық көрмесiнiң қарсаңында облыста көптеген маңызды iс-шаралар өткiзу жоспарлануда. Солардың арасындағы ең айтулысы – халықаралық туристiк форум. Ауқымды шара барысында туристiк кәсiпорындар мен жергiлiктi бизнесмендер және түрлi ұйымдардың қатысуымен арнайы жәрмеңке өтедi. Онда аталған ұйым өкiлдерi туристiк бағыттағы өз тауарларын келушiлер назарына ұсынады. Сондай-ақ, өңiрдiң тарихи, мәдени, көрiктi аймақтары саналатын Түркiстан, Шымкент қалалары мен Ақсу-Жабағылы қорығына ақпараттық турлар ұйымдастырылады. Бұл Оңтүстiк Қазақстан облысы халықаралық «ЭКСПО–2017» көрмесiнде туристердi қабылдап, өңiрдiң көрiктi жерлерiн тамашалатуға әзiр екенiн бiлдiредi.

Айта кету керек, өткен жылы «ЭКСПО –2017» халықаралық көрмесiн насихаттау жұмыстары аясында облыста көптеген игi шаралар атқарылды. Соның iшiнде жол бойына 80 жалауша мен 76 жарнамалық билборд орнатылып, жергiлiктi «Қазақстан-Шымкент», «Арыс толқындары», «Elnur TV» және «Сәт» телеарналарынан көрме жайлы бейнеролик көрсетiлдi. Сонымен бiрге, көрме қонақтары үшiн 3-5 күндiк туристiк бағыттар әзiрленiп, «Recommended by EXPO» белгiсiн иелену үшiн «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ мен «Шымтур», «Саэль тур» және «Мирас» турфирмаларының арасында ынтымақтастық жөнiндегi меморандумдар түзiлдi. Сондай-ақ, өткен жылы өңiрлiк, республикалық және халықаралық деңгейдегi форумдар мен республикалық жәрмеңкелер, ақпараттық турлар және арнайы тренингтер ұйымдастырылды.

Қазiргi таңда облыста елiмiз үшiн маңызды iс-шараны насихаттау жолында 137 жоба iске асырылып, көрме жайлы халықтың таным-түсiнiгiн арттыру бағытында тиiстi жұмыстар жүргiзiлуде.

Жасұлан ТӨЛЕБЕКОВ,
«Ontustik Tourism Center» туристiк ақпараттық орталығының директоры.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары