Біраз бұрын qamshy.kz сайтында Әлихан Бөкейхановтың атқосшысы болған Рамазан атты кісінің баласы Қабылбек ақсақалмен белгілі журналист, ақын Ықылас Ожайұлының видео сұхбаты жарияланып еді.
Видео сұхбатты жариялау барысында Ықылас: «Қабылбек ақсақалмен алты сағатқа жуық әңгімелесіп, әңгімесін бейнетаспаға жазып алдық. Жанымыз ауыра отырып жарты сағатқа қысқартқан бейнебаян көп әңгіменің көзмоншақтай бір үзігі ғана. Барлығын толықтай беруге көрерменнің уақытын аядық», - деген тұғын.
Жарты сағатқа жуық әсерлі сұхбатты көріп шыққан соң «шіркін, қысқартып, монтаждау барысында талай әсерлі әңгіме тасада қалды-ау, Ықыластың өзімен жолыққанда бұл жайлы сұрармыз» деп ойлап жүр едік. Сәті түсіп Астанада жолықтық, әңгімелестік. «Әлиханның азаматтық өмірі мен кісілік келбетін көрсететін бір керемет деталь бар еді, сол жерін жігіттер байқамай қысқартып жіберіпті» деген жерін өзінен жазып алдық.
Әңгіме былай болады. Бір күні Семей шәрісіне Сәкен Сейфуллин келеді. Әлихан Бөкейханов күтіп алады. Ат арбамен келе жатқандарында, не сайтан түртті екен, көшеге тезегін тастамай үйренген жануар күйісінен жаңылып, тезегін тастайды. Дәл сол кезде Рамазан атқосшының бүйіріне сарт етіп таяқ тиеді. Тосыннан тиген таяққа Рамазан марқұм артына жалт қарайды. Еуропаның ақсүйектері секілді қолына таяқ ұстап, сері жүретін Сәкен: «Мұның не? Атты дұрыс баптап үйретпейсің бе!», - деп екінші рет ұрмақшы болғанда, Сәкеннің таяқ ұстаған қолын шап беріп ұстап алған Әлихан: «Сәке, бір ашуыңды бер, мал малдығын қылады да», - деп сабырға шақырады. Артына бұрылған Рамазан атқосшы Әлиханның көзіндегі тамып кетердей үйіріліп тұнған жасты көріп, аңырып тұрып қалады. «Міне, осындай кісі еді, анамдай мейірімді еді. Ары қарап кеткен арысым бері бұрылып келмеді ғой. Сондай мейірімді, сондай адал кісіні көзі қиып, қайтіп атты екен бұл үкімет. Осыны түсіне алмадым», - деп көзіне жас алатын Рамазан әкем». Қабылбек ақсақалдың да үнін өксік жайлап, айтқаны осы екен.
Жазып алған Ырысбек ДӘБЕЙ