17.08.2015, 09:51

Жанат АХМАДИ, жазушы: Әруақтың атын ауызға алмайтындай, әруақ арам өлген мал емес қой

massaget.kz

– Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау  ұлтымыздың рухани кеңістігін керемет олжаға кенелткелі тұр. Президентіміз осы шараны қолға алуға пәрмен беруімен күллі хандарымыздың әруағын қайта тірілткендей мәдени дүниені қозғалысқа келтірді.

Бүгінгі діннің «білгірлері» «ширк қосты» деп асыл қағидаттарымызды шетінен аластатқысы келетін жағдайларды көз көріп отыр, Аллаға зары жеткен әруақ та солардың қатарында алыстатылып барады. Әруақтың атын ауызға алмайтындай,  әруақ арам өлген мал емес қой. Ендеше хандардың әруағын көтеру арқылы халқымыздың да атын асқақтатамыз.

Аз-кем хан мен шешендік өнер туралы айтып берейін. Ханның аузымен айтылатын қазына сөзден хатқа жазылып, тарих болып таңбаланып қалғаны көп емес. Көп мағлұмат бізге ауызекі тілмен жетті. Шешендік – ханның бір қасиеті. Орақ тілді шешен болмаса, ол хан болар ма? «Ділің жетпеген нәрсеге тілің жетпейді», хан ділі жеткен соң данышпан болып, ел билейді. Кісі өлімі, құн дауын хан алдымен қазы, билерге табыстаған. Қазы мен биден шешімін таппаса ғана дауласушы екі жақ ханның ордасына барады. Мәселен, құн дауы болды делік. Кісі өлтірген жақтың бір биі және кісі өлімі болған жақтың бір биі алдын-ала сайланып, осылардың үстінен қарайтын төбе би тағы сайланады. Араға ала арқанды тастап («ала жіпті аттамаудың» бір ұшы осында жатыр), арқанның екі жағына екі рулы елді отырғызып, екі биді екі жағына алып, ортадағы төбе би екеуіне кезек-кезек сөз береді. Туысы емес, туғаны емес, билер мұнда өзі үшін емес, ру үшін күйеді. Кісі өлтіріп, жазықты болған жақтың биі айтады:

–  «Жазықтының тілі қысқа» деген, тілім қырқылып отыр. Иілген басты қылыш кеспейді, басымды иемін. Айып аламын десең, жайылған малым сенікі, жалпақ үйім сенікі. Көшіремін десең, шуақты қонысым сенікі, суатты өрісім сенікі. Дүрелеймін десең, арқа етім сенікі, түкіремін десең, арық етім тағы сенікі. Алсаң, міне, бас, алмасаң, алдияр бас, тек ашуыңды бас, тақсырбас! Бұдан басқа айтарым жоқ,– дейді. Бұл – ханға барар алдындағы сөз.

– Ал, енді сен сөйле,–дейді төбе би кісісі өлген жаққа.

– Желден көрік басып, құрғақ сөзін жорғалатқан жауапкердің сөзіне менің жүйе-жігім босап кеткелі тұрған жоқ. Өйткені, мен жеткіншегімнен айрылып, жер таянып отырған адаммын. «Көшірем десең, шуақты қонысым сенікі, суатты өрісім сенікі», дейді. Бұл не деген сайқалдық? «Айып аламын десең, жайылған малым сенікі, жалпақ үйім сенікі», дейді. Бұл не деген көлгірлік? Қыз алыспайтын екі рулы елміз, бұған дейін де жазықты болған жері бар, ақыр соңы кісі өлтіріп тынды. Асу сайын қақпан құрып, мертіктіріп болды. «Үш рет мертіккен оташы болады» деген, өз сынығымды өзім салатын дәрежеге жеттім. Қанға – қан, жанға – жан, ортаға дар құрғызып, дауасын жаса!

Төбе би айтады: – Қош. Құрастырып айтса, құлдыкы жөн. Біріктіріп айтса, бидікі жөн. Ердің құны – жүз жылқы, ары– мың жылқы. Ата дәстүрден аттап кетпей, кісі өлтіргенге асықпасаң, атаң да мына қара жер, анаң да мына қара жер. Осы отырған бәріңді ертең жалмап тауысады. Сондықтан бүкіл ру-ел тана-торпақ, тай-байтал бола ма, қырық жылқының құнын төлесін. Соған көнесің, – дегенде, кісі өлтірген кінәлі жақтың биі келіспей, кері тартады.

– Қазір осыған көнсем, сенген елім ақылға көнгіш екен, мақұлға көнгіш би деп мазақтап кетеді. Менің арым – рулы елдің ары. Рулы ел бір адамның айтқанына көне салмайды, осы жағынан келгенде сөз басында айтқаным айтқан: қанға – қан, жанға – жан!

Сонда төбе би ханмен ақылдасады. Хан айтады:

– Ақылға көнбесе, ақылға көнбеген адамға азап бар, ырыққа көнбеген адамға құрық бар, құрыққа көнбеген адамға сырық бар, құшаққа көнбеген адамға пышақ бар, деген. Екі-үш жігіттің қойнына шылбыр салдырып бар да, көнбеген адамды бас салып, байлатып, тізеге салмасаң, ақылмен басқара алмайсың,– деп ақыл береді. Ханның ақылымен төбе би «Байлаңдар!» деп бұйрық береді. Екі-үш жігіт ыршып тұрып байлағалы жатқанда, би:«болды көндім, ақылың асса да, халықтан аса алмайсың деген, бір қателік кеткен шығар, осы кесімге көндім!» дейді. Құн дауының түбірі қайда десең, хандарда жатыр. Бітпеген істің үкімі ханның өзіне келіп тіреледі.

Менің әкемнің ағасы, аға сұлтан болған Керімбектің қызын жолаушылап бара жатқанда, қытайдың бір жігіті тартып алып, қашып кетеді. Кеңес өкіметінің қазағын орыс билесе, Қытайдың қазағына қытай қожаңдаса, Монғолиядағы қазақты монғол иектесе, не болады? Сол өңірге белгілі түксиген қарабурыл қасы бар, суық қабақты, отты көзі үнемі бір нәрсені сынға алғандай болып қарайтын 80 жасқа таяған Тайлақбай би қазақтарды жинап алып: – Ана жаман тоғышар Мамозының бір білгенін (қытай жігіті), сен, момын қазақ, өз ішіңнен он біліп отырсың. Бірақ, амалың не? Күні туған күдістің Әзірәлідей күші бар деген. Күдері болсаң шыдарсың, Күмілжік болсаң, күйтіктеумен шығанға шығарсың. Ел секитіп серке қойған соң, серкеш дауын бітірмесең, кімге серт? Ана сүтін ақтамай, адасып бақсаң, кімге серт? Бұл бола қоймас, жарандар! Алыс жол атты сынайды, ауыр жол ерді сынайды. Өмірдің сынына қандай жігіт сынайды? Ел иесі болған соң қанша ауыр болса да, ауытқымай бақ. Сүйекке бастырған таңбалы өліммен, құнсыз өліммен өлгенше, мінсіз өліммен өл. Арыңа мақұл болмай, барыңа мақұл болсаң ғана, халық ананың парызын өтейсің. – Сонау құба қорым қалмақ заманынан бері, қазақ, сенің жақсылық көрген жерің жоқ. Жеңсең тасымаған, жеңілсең жасымаған, шын ерен халқың бар еді. Енді бүгін айдаһардың аузында, арыстанның жолында отырсың. Жатсаң – жұтады, жортсаң – жарады. Айналдырған бір болыс ел күндес көргеннің қызындай болмайық. Азар бүгін аңдамайтын әңгі, тыңдамайтын пәңгі, сірә, сен болып кетсең де, айналаңа бір қарататын жеріңе жеткізіп отыр. Қайтер екен десе, қымтай-қымтай қызымыздың іші білініп болды, ағайын,– деп намысы күйген ер елінің рухын жаныпты. 

Менің «Дүрбелең», «Шырғалаң» деген екі романымның басты кейіпкері Керімбек жаңа ғана бауыздалған құрбандықтың шыныдағы көпіршіген жып-жылы қанына сұқ саусағын салып, зор  дауысы тарғылдана: –Ағайын, елім, қарындас халқым үшін, елдің есе-теңдігі үшін, ананың қарыз ақ сүті, атаның қарыз мақсаты үшін іргең тиген арқаң тиген тас болса да, тал бесігің үшін қу шоқыда туымыз, қу далада тәніміз қалғанша, құба түзде төріміз, құба жонда еліміз қалғанша, Бәйтіктің басы, қолдай гөр!–деп жылымшы қанды жалап алады. Бұл серт пе – серт. Міне, осылайша көшпелі елдің қазы-билерінің, хандарының әділдігінің арқасында дала заңы бірнеше ғасыр салтанат құрып, рухани дүниеміздің бір бөлшегі болып жалғасып жатты.

Мұндай шешендік Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың та бойында бар. Президентіміз сағаттап сөйлесе де, оның мүлт кетіп мүдіргенін, сөз арасын бөтен сөзбен былғағанын, «ііііі...» деп ауа қармап, сөз таппай ыңыранғанын өз басым әлі естіген емеспін. Ағып тұрған шешен адам, бір айтқанын екі қайталамайды. Сөйлегенде сөз шіркін іркес-тіркес болып, бірінің соңын бірі ала атқылап шығып жатады. Осы қасиетін әрдайым айтып, таңырқап жүреміз. Менің мақтауыма Елбасы мұқтаж емес, бірақ жақсы нәрсеге қызығу – әр адамның кісілік шарты.

Жазып алған Айгүл Халықова