Бүгін қазақтың марғасқалары кескінделген «Ұлы көштің» авторы, монументші-кескіндемеші әрі спортшы, Таэквандо федерациясының еліміздегі тұңғыш президенті Бексейіт Әбдезұлы Түлкиевтің туған күні.
Ол Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы Қасқасу ауылында 1955 жылы дүниеге келген. 1981 жылы Мәскеудегі жоғары көркем-өнер училищесін бітірген. Бейнелеу өнері саласындағы шығармашылық еңбегін спортпен де етене ұштастыра отырып, жастарды спортқа баулыды. Өзі таэквандодан «қара белбеу» иесі.
Шығармалары Бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қойылған ол «Ұлы көш», «Замандастар», «Әке», «Ата-баба жері», «Суретшінің түсі», «Әже», «Түсіру алаңы», «Әкені майданға шығарып салу» секілді кескіндемелік туындылардың авторы.
Кеңес заманында бейнелеу өнеріне өзіндік жанрымен келген Б.Түлкиев сол заманғы жастар арасындағы ең жоғары сыйлық «Ленин комсомолы» сыйлығының иегері.
Есімі спортшылар мен суретшілер арасында кең танымал Бексейіт ағамыз көзі тірісінде Мұстафа Өзтүрік пен қытай актері Джеки Чанмен жақын араласқан.
1998 жылдың 15 сәуір күні қарақшылар қазақ өнері мен спортына үлкен еңбек сіңірген қайраткердің ғұмырын қиды.