$ 446.49  475.38  4.79

«Зейнеткерлердің жерін тартып алатындай соншалықты кедей ме едіңіздер?»: Ақтөбе әкімінің есептік жиыны шумен аяқталды

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов халық пен облыс әкімінің алдында есеп беріп, бір жыл бойы атқарған жұмыстары туралы айтып берді. Ол өз баяндамасының басынан аяғына дейін тек жағымды деректерден мысал келтіріп, қалада айтарлықтай проблеманың жоқтығын меңзеді.

Алайда, есептік жиынға келгендер әкімнің баяндамасымен келіспейтінін айтып, шаш етектен жиналған проблемаларды өздері тізбектеп берді. Әсіресе, мүгедектер өздеріне тиісті көмектердің көрсетілмей отырғанын айтып, «жап-жақсы» басталған жиынның шырқын бұзды.

«Президент мүгедектерді қолдау керектігін айтты. Бірақ, біз әліге дейін билік тарапынан қолдау көрмей келеміз. Демек, біздің қаланың шенеуніктері жұмыс істемейді. Сондықтан, мен олардың жалақысын 50 пайызға қысқартуын талап етемін. Одан қалған қаражатты межицина саласына бөлсін. Біздің дәрігерлер күніне небәрі 2 сағаттан жұмыс істейді. Олар бұл уақытта неге үлгереді, Сапарбаев мырза, айтыңызшы?» - деп ашынды жиынға келген 2-топтағы мүгедек Сәлімгерей Сатиев.

Әкіммен кездесуге балдақпен келген ер азаматтың жергілікті билікке деген өкпесі қара қазандай. Айтары да жиналып қалыпты.

«Теледидарды қосып қалсаң, барлық мүгедекті қажеттіліктерімен қамтамасыз еттік деп айтып жатады. Ал, мен қарапайым қоларба ала алмай жүрмін. Қайда қоларбалар? Кімге сенеміз? Өтірікті айтып отқан мына сіздер ме, әлде халық па? Мен әкімдікке телефон соқтым, сөйлеспейді де, тұтқаны қоя салады. Болмаған соң Бас прокуратураға хабарластым, олар мүлдем телефонға жауап бермейді. Демек, жұмыс істемейді. Болмаған соң әкімдікті бірінші қабатынан үшінші қабатына дейін аралап шықтым. Мен ол кезде жүре алатынмын. Шағын бір кабинетке бас сұқтым. Төрт адам бар екен, компьютерлерінде карта ойнап отыр. Мұны қалай түсінуге болады?» - дейді С.Сатиев.

Ол дәрі-дәрмектің жетіспеушілігін, қаладағы жолдардың тым сапасыз екенін, әлеуметтік нысандарға бөлінген қаражаттың талан-таражға түскенін де айтып салды.

Жиынға келген Алдабергенов есімді зейнеткер де жергілікті билікке наразы. Ол шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа белшеден бастқанын айтып отыр.

«Менің саяжайда үйім болатын. Оны маған сыйға берген. Әйелім екеуміз бау-бақша жұмыстарымен айналысатынбыз. Алайда, әкімдік біздің саяжайды тартып алды, құжаттары дұрыс емес деген желеумен. Орнына басқа жер телімін берді. Бірақ, ол жер саяжай емес, айдала. Мен түрлі инстанциялардан өттім, барлық жерде коррупция, іс «Сәке – Бәке» принципі бойынша шешіледі. Егер полицияға барсам бәрібір одан пайда жоқ, ақыр аяғында өзіңді ақымақ қылады. Біздің жеріміз қайда? Сіздер зейнеткерлердің жерін тартып алатындай соншалықты кедей ме едіңіздер?» - деді ашынған зейнеткер.

Әкімдер болса ашулы топтың арыздарын толық қарап, заі аясында шешуге уәде беріп құтылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары