$ 446.49  475.38  4.79

ЭКСПО көрмесінен не тамашалауға болады?

Астана ЭКСПО-2017  Халықаралық көрмесінің басталуына санаулы ғана күндер қалды. ТМД елдері арасында тұңғыш рет қазақ жерінде өткелі отырған осынау көрмені не үшін, тым болмаса, бір күн аралап көру керек? Шет елден келетін туристерді айтпағанда, өзіміздің қарапайым халыққа бұл халықаралық көрме не береді?

Осы және өзге де сауалдарды біз ЭКСПО-2017 жедел штабының Алматы қаласы бойынша жетекшісі Самғат ЕРМЕКБАЕВҚА қойып, жауап алған едік.

- Көрменің «Болашақтың энергиясы» тақырыбы инновациялық жаңалықтарға меңзеп тұр. Демек, ғылыммен айналысып жүрген жандарға үлкен жаңалықтың ортасы болғалы тұр ғой?

- ЭКСПО Халықаралық көрмесі Астанада 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтетінін естеріңізге саламын. Көрменің мақсаты – жарыссөздер ұйымдастырып, ғаламшардағы энергия пайдалануды бақылау әрі табиғатқа тигізетін залалды азайту, энергияны жоспарлап әрі үнемді пайдалануға үйрету және адамдарды жауапкершілікке шақыруды көздейді. Көрмеге 2 миллион адам келеді деп жоспарлануда. Оның 85 пайызы – қазақстандықтар, 15 пайызы – шетелдік азаматтар, яғни, туристер болмақ. Халықаралық көрменің біздің елде ұйымдастырылып, өткізілуінің халықаралық, мемлекеттік және жергілікті деңгейі бар. Мәселен, көрменің жергілікті деңгейі туристік сала, қонақүй бизнесі мен қызмет көрсету салаларына үлкен серпіліс береді. Сонымен қатар, шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына септігін тигізбек.

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2016 жылы ЭКСПО көрмесі Анталияда өтті. Көрме тақырыбы «Гүл және сәби» деп аталған болатын. Көрме – гүлдермен қалай абаттандыру жұмысын жүргізуге болатынын көрсетті. Ал біздің елдегі көрме табиғатта бар нәрседен баламалы энергия көзін қалай алуға болатынын көрсетпекші. Осыған сәйкес, көптеген тематикалық дүниелер ұсынылады. Мысалы, «Tesla» электромобильді автокөлігінің жаңа моделі көрмеге қойылады. Онда көліктің жасалу технологиясын көруге болады. Vestas компаниясы инновациялық жел энергетикалық қондырғыларының жаңа үлгісін ұсынады. Яғни, желден энергия алу көздерінің шағын және үлкен түрін көрсетеді. Өзге халықаралық компаниялар сутегімен жүретін көлік шығаруды қарастыруда. Одан бөлек, Ұлыбритания қалдықтарды қолданудың жаңа технологиясын көрсетсе, малайзиялықтар биоотын өндірісін дайындауды көрсетеді. Біріккен Араб әмірліктері күн энергетикасындағы ноу-хаумен бөліспекші. Нидерланды өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өндірісінен қалай жасыл экономикаға көшу керектігін көрсетеді.

«Үздік тәжірибелер аймағы» павильонында тұрақты энергия көздері саласындағы жүзеге асқан технологиялар мен жобалар көрсетіледі. Стэнфорд университетінің профессорлары, Силиконды алқап компаниялары, Үндістанның индустриалды технопаркі, Қытай, Біріккен Араб әмірліктері, Австралия және Сингапур елдері ең үздік жобаларын ұсынбақшы. Біздің елдің павильонынан материалтану термоядролық «Тоқамақ» реакторын көруге мүмкіндік туады. Яғни, бүкіл дүние жүзінде бар дүниелер, озық технологияларды бір жерге жинап, 93 күн бойы өзіміздің қазақ халқына, кәсіпкерлерге, ғылыми жұмыспен айналысып жүрген азаматтарға, технология саласының мамандарына болашақта не болатынын өз көздерімен көруге, қолмен ұстап, сезінуге мүмкіндік жасалып отыр. Мұның бәрі – жақын болашақтың мысалдары. Алдағы уақытта көшеде велосипедпен жүріп, ұялы телефонды зарядтап алуға мүмкіндік туады. Жапония және Оңтүстік Корея елінің азаматтары өзінен-өзі автоматты жүретін сағат пен табаны жанып тұратын, яғни, өздігінен қуат алатын аяқ киімдер ұсынатын болады.

- Қарапайым халыққа, мектеп оқушыларына көрмеден не көруге болады?

- Көрме барысында қазақстандық және шетелдік шығармашылық ұжым, спортшылар мен талантты жастардың қатысуымен болатын 700-ден аса шара жоспарланған. Ең басты назар – қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен дәстүрін көрсетуге арналған шараларда. Аумағы 2,5 мың шаршы метр болатын «Қазанат» ипподромындағы «Этноауыл» ұлттық мәдени кешен бірнеше аймақтан тұрады: қолөнершілер, ұлттық асхана, аң аулаудың дәстүрлі түрлері, ұлттық ойындар мен спорт түрлері және концерттік аумақ. Ұлттық спорт түрлері де осы ауылдың ішінде орналасқан. Ипподромда Президеттің сыйлығына арналған бәйгеден республикалық турнир өтеді. «The Spirit of Tengri» аясында Венгрия, Норвегия, Түркия және өзге де елдердің музыканттары өнер көрсетеді.

Астана Опера театрында 50-ден астам шаралар болады. Әлемдік опера аңызы Пласидо Доминго негізін қалаған, опера әншілері арасындағы әлемдегі ең беделді вокалды байқау «Опералия» болады. Доминго Дж.Вердидің «Тривиата» операсын орындайды. Қыркүйектің басында Ла Скала «Фальстаф» операсы мен Бетховеннің №9 симфониясын ұсынады. Билеттер сатылымға шығып қойды.

15-16 маусым күндері Дж.Вердидің «Аида» операсының қойылымы Бейбітшілік және келісім сарайы алдында, ашық аспан астында қойылады. 25 маусым күні Людвиг Минкустың «Дон Кихот» қойылымы болады.

«Цинь Шихуанди Императорының сары саз әскері» көрмесі болады. Онда 50-ге жуық археологиялық заттар: әскерлердің саздан жасалған ескерткіштері, қару-жарақ, ыдыс, алтын және күміс әшекейлер қойылады. «Ежелгі Египет ескерткіштері» көрмесінде Тутанхамонның тұтынған заттары, Эрмитаж қорынан Шығыс және Батыс қару-жарақ үлгілері көрмесі, сонымен қатар, «Сұлтан Бейбарыс және оның дәуірі» көрмесі өткізіледі.

Әлемге әйгілі Дю Солей циркінің әртістері 93 күн бойы көрмеге келушілерге өз өнерін көрсетпек. Шет елде бұл цирк қойылымына кіру үшін 1-2 апта кезекке тұрып, кіре алмай қалатындар болады. Сондықтан ЭКСПО көрмесі барлық жастағы адамның қызығушылығын қанағаттандырады.

Спортсүйер қауым үшін 14 спорттық шара ұйымдастырылады. Оның ішінде 6 әлем чемпионаты, 2 Азия чемпионаты, 3 халықаралық жарыс, 2 Президент Кубогы және 55 жыл сайынғы Дүниежүзілік боксерлік кеңес конвенциясы жоспарланған. Әрбір сайысқа 16 елден бастап 90 елге дейін қатысады.

- ЭКСПО билетінің құны әр түрлі екенін білеміз. Демек, құнына қарай көретін дүниелер де шектеулі бола ма?

- Билет бағалары әр түрлі. Бір күннің ішінде көрмені түгел аралап шығу мүмкін емес. Өйткені, көрме аумағы 173,4 гектар. Ең бастысы, көретін нәрселер билет құнына қарай шектелмейді. Көрме ішінде электронды таблойдтар арқылы қай жерде қандай елдің көрмесі орналасқандығы туралы ақпарат, қалаған елдің көрмесін аралап, қалаған мәдени шараны тамашалауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 5 түрлі билет түрі бар. Біріншісі, дүйсенбіден жұмаға дейінгі аралықтағы күні белгіленген билет құны – 4000 теңге. Ал белгіленген күні бар, бірақ, сенбі және жексенбі күндердің билеті болса, құны – 6000 теңге. Ал дүйсенбіден жұмаға дейінгі аралықта күні белгіленбеген, бірақ, қалаған уақытыңызда баратын билет болса, ол да 6000 теңге. Ал күні белгіленбеген, бірақ кез-келген сенбі, жексенбі күндеріне арналған билет болса, онда құны 8000 теңге. Сувенирлік билет бар. Құны – 20 мың теңге. Аптаның кез-келген күнінде сол билетпен кіріп, көрмені тамашалауға болады. Мектеп жасындағы оқушыларға 50 пайыз жеңілдік қарастырылған.

Сұхбаттасқан Әсел ДАҒЖАН.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары