$ 446.49  475.38  4.79

Мұхтар ТАЙЖАН: «ЭКСПО – пайдасы жоқ бос шығын»

Астанадағы Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінің басталғанына да бір айға жақын уақыт өтіпті. Осы уақыт аралығында аталған шараны сынап-мінегендер де, мақтап көкке көтергендер де көп болды. Бір тарап «Қазақстанның әлемдік аренада абыройы асқақтады» деп атойласа, екінші тарап жұмсалған миллиардтар үшін (бәлкім триллион) алаңдаулы.

Ресми деректе (Ахметжан Есімовтің айтуы бойынша) жалпы көрмені бастан-аяқ өткізуге шамамен 1,3 млрд доллар жұмсалды делінген. Ал, бейресми дерек 3 млрд доллардың жұмсалғанын айтады. Мұндай ақпарат ресейлік ақпарат құралдарында алғаш болып жарық көрсе, артынша қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев мұны тілшілерге берген сұхбатында айтып қалды. ЭКСПО-ға қонақ болып кеп-кеткен америкалық журналист Джеймс Палмер болса мүлдем жағамызды ұстатты. Оның жазуынша, Астанадағы ЭКСПО көрмесін ұйымдастырушылар көрмеге деп бюджеттен 5 млрд доллар алған екен. Ал, бұлардың қайсысына сенесіз, ол сіздің еркіңізде.

ЭКСПО-ның шығынын бекерден-бекер санап отырғанымыз жоқ. Ол сіз бен біздің маңдай терімізбен тапқан ақша болғандықтан қалай жұмсалып жатқанын білуіміз міндетті. Мәселен, танымал сарапшы, экономист Мұхтар Тайжан бұл миллиардтардың желге ұшқанын айтып отыр. Яғни, ЭКСПО көрмесі Қазақстан халқына түк пайдасы жоқ бос шығын дейді ол.

«Үлкен ғимараттар салынды, өте үлкен. Бірақ олар көрмеден кейін кімге керек болады? Павильондардың ішкі заттарын елдердің бәрі үш айдан кейін өзімен алып кетеді. Сонда бұл ғажап үлкен ғимараттарды қыс бойы кім жылытып тұрады және кімнің есебінен? Менің ойымша, бұл ғимараттарға 2-5 млрд долл кетпеді-ау, әрі кетсе 100 млн доллар. Сонда қалған қаражат қайда кетті? Мұндай бос шығын жасаудың орнына қаншама ауылға ішетін таза су жеткізуге болар еді, интернет, жол, қаншама ауру адамдарға операция жасауға болар еді...», - дейді М.Тайжан.

Ол сондай-ақ, шетелден Астанаға ЭКСПО көрмесін тамашалау үшін өз еркімен келген туристің жоқ екенін де айтып отыр.

«Шет елдерден өз еркімен арнайы көрмеге келген қонақтарды көрмедім. Осы күндері 1 млн адам ЭКСПО-ны барып көрді деген мәліметке өз басым сенбеймін. Ал, ауылдан келген халық мәз, ол рас. Бірақ олар бұл көрменің қаражат жағын біле бермейді ғой...», - деп жазды Тайжан өзінің Facebook-парақшасында.

Айта кетейік, Қазақстан билігі ЭКСПО көрмесі аяқталғаннан кейін оның нысандарының бірде-бірі қаңырап бос қалмайды дегенді айтып отыр. Яғни, бұл кешенде ақпараттық-технологиялық орталық құрылуы тиіс, басқаша сөзбен айтқанда Астана ЭКСПО кешені Азияның «силикон аңғарына» айналады-мыс. Бұл жоспардың қаншалықты жүзеге асарын алдағы бірер жылда көретін боламыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары