Еуропалық инвесторлар ОҚО-да екі бірдей күн электр станциясын салмақшы

13.11.2017, 17:22

Еуропалық инвесторлар ОҚО-да екі бірдей күн электр станциясын салмақшы

Күні кеше Астанада өткен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі Қазақстандағы баламалы энергия көздерін дамытуға үлкен серпіліс беріп отыр. Көрме өткізу құқығына ие болған уақыттан бері елімізде күн, жел, су электр станциялары салынып, энергия көзін үнемдеудің жаңа тәсілдері қарастырылып жатыр.

Осындай күн станцияларының екеуі жақын болашақта Оңтүстік Қазақстан облысында салынатын болады. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың Германия мен Голландия елдерінен келген инвесторлармен кездесуі барысында белгілі болды.

Кездесуде шетелдік кәсіпкерлердің жобасымен танысқан облыс басшысы аймақтың экономикалық әлеуетін баяндап, инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерді атап өтті.

«Үш миллионға жуық халқы бар өңір үшін бұл жоба өте қажет және өте тиімді. Себебі, біз электр энергиясының 65 пайызын сырттан тасымалдап отырмыз. Өңір тұрғындарының қажеттілігі жаз айларында 350-370 МВт болса, қыс мезгілінде 450-480 МВт электр энергиясын тұтынамыз. Сондықтан да біз қажеттілікті өзімізде өндіру үшін осы сынды жобаларды жүзеге асыруымыз қажет. Бұған өңірдің табиғаты күн сәулесінен электр жарығын өндіруге өте қолайлы»,-деді әкім.

Мақтаарал ауданында екі күн электр стансасы мен асфальт-бетон зауытын салуды қолға алып жатқанын айтқан шетелдік кәсіпкерлер жергілікті билік тиісті құжаттарды рәсімдеуде қолайлы жағдай жасағанын жеткізді.

Салынатын күн электр стансасы жобасына германиялық NwComp Solar GmbH компаниясы 7 млн евро инвестиция құйып отырғанын айтқан «Компания KADI» ЖШС-нің бас директоры  Мұрат Даврешов компания Қазақстанда бірқатар жобаларды жүзеге асырғанын мәлім етті.

Жетісай қаласының қоқыс полигоны аумағында салынатын электр стансасының қуаттылығы 4,8 МВт. Бүгінгі таңда рұқсат беру құжаттамалары әзірленіп, құрылыс жұмыстары  осы жылдың  қараша айында басталады деп жоспарлануда.

Екінші жобаның инвесторы голландиялық VTK Investments B.V компаниясы болып табылады. Ауданнан 100 МВт күн электр стансасын салу бойынша екі жақты меморандумға қол қойылған болса, бүгінде 300 га жер бөлу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жоба құны 150 млн евро.

Бүгінгі таңда инвестор Тайлан Караманли осы сынды жобаны Ақмола облысында жүзеге асыруда.

Еске салайық, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі биыл 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтті. Көрменің тақырыбы – баламалы энергия көздерін дамыту.

«Skifnews.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

E-mail: info.skifnews@gmail.com

Сайтта жарнама орналастыру

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 


©2016 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

DivideGroup — сайт әзірлеуші