ЭКСПО-2017 көрмесіне Маңғыстаудан 100 студент ерікті ретінде аттанады - Жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары. Skifnews.kz ақпараттық портал

ЭКСПО-2017 көрмесіне Маңғыстаудан 100 студент ерікті ретінде аттанады

15.10.2016 18:11
ЭКСПО-2017 көрмесіне Маңғыстаудан 100 студент ерікті ретінде аттанады Tumba.kz

Келер жылы Астанада ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі өтетіні белгілі. Бұл оқиға қазақ тарихына алтын әріптермен жазылып қалмақ. «Болашақ энергиясы» деген тақырыппен өтетін осынау маңызды шара баламалы энергия көздеріне және «жасыл» технологияларға арналған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осынау тақырып аясында Астанаға әлемнің ең үздік деген энергия өндірушілері жиналып, өз жетістіктерін ортаға салады. Ал, ғалымдар осы көрме аясында болашақтың энергиясын ойлап табуға күш салатын болады.

Айтулы көрме тек «жасыл» технология саласын дамытып қаймай, Қазақстанның экономикалық, ғылыми және әлеуметтік дамуына да үлкен серпін бермек.

ЭКСПО-2017-нің ресми сайты бүгінде көрменің басталуына қанша күн қалғанына онлайн есеп жүргізуде. Дәл бүгінгі уақытпен есептесек, тура 237 күннен кейін Астананың төрінде мамандандырылған халықаралық көрме бастауын алады. Үш айға созылатын шараға әлемнің 100-ден астам елі мен 20-дан астам ірі ұйымдары қатысады. Ал, келушілердің саны 2 миллионнан асып жығылады деп күтілуде.

Көрменің ұйымдастыру жұмыстарына жастар да белсенді атсалыспақ. Қазіргі таңда Маңғыстаудағы жастар-ресурстық орталығы 100 ерікті студентті аталған шараға дайындап жатыр. Олар жергілікті университеттер мен колледждердің шәкірттері. Аталған орталықтың қызметкері Әділбек Шаменовтың айтуынша, ЭКСПО-ға ерікті ретінде қатысуға тілек білдірген 250 студенттің тек 100-і ғана іріктеуден өтіпті. Оларға қойылған негізгі талап – ағылшын тілін жетік меңгеру.

«ЭКСПО-ға еріктілер тобын дайындауды жоспарлау жұмыстары аяқталды. Енді біз іріктелген жастарды оқытуды қазан айының ортасынан бастамақпыз. Оқыту деп отырғаным, бірінші медициналық көмек көрсету және құтқарушылардан алатын курстар. Ерікті студенттерге төтенше жағдай бола қалса қандай шара қолдану керектігі айтылады. Сондай-ақ, құқық қорғаушылар да көрме басталмастан бұрын ерікті жастармен кездесулер өткізіп, оларға қажетті дәрістерін өтеді. Сонымен қатар, жастар Қазақстан тарихын ағылшын тілінде жатқа білуі шарт. Бұл келген қонақтарға Қазақстан туралы айтып беру үшін қажет», - дейді Ә.Шаменов.

Оның айтуынша, маңғыстаулық ерікті студенттер қазір облыс аумағында өтіп жатқан барлық қоғамдық шараларға қатысып, тәжірибелерін шыңдап жатыр.

«Skifnews.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

E-mail: info.skifnews@gmail.com

Сайтта жарнама орналастыру

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 


©2016 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

DivideGroup — сайт әзірлеуші