ЭКСПО – елдіктің ерен жеңісі - Жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары. Skifnews.kz ақпараттық портал

ЭКСПО – елдіктің ерен жеңісі

09.11.2016 18:01

Тәуелсіздік тарихыннан ойып тұрып орын алатын тағы бір айрықша оқиға – халықаралық ЭКСПО-2017көрмесінің Қазақстанда өтетіндігі жөнінде шешім қабылданған сәт. Бұл 2012 жылдың 22 қарашасы болатын. Шешім ЭКСПО Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының Париждегі 152-сессиясында осы ұйымға мүше 161 мемлекеттің жасырын дауыс беруі нәтижесінде қабылданды. Бұл, сөз жоқ, Қазақстанның жаһан жұрты алдындағы беделінің тағы бір биіктегені, мемлекеттің мерейі.

Ұмытылмас уақыт

Тағдырдың тартуы болар, дәл осы оқиғамен орайлас күндері төрткүл дүние назарын өзіне аударған Франция астанадасы Парижде болу маған да бұйырды. Әрине, журналистік сапармен барғанбыз. Осы оқиғаға орай Парижге аттанған «Егеменнің» екі журналисінің бірі Жақсыбай Самрат Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының Париждегі 152-сессиясынан мақала жазса, мен шешім шыққанға дейінгі соңғы рет өткізілген қорытынды баспасөз мәслихатына қатыстым. Бұл баспасөз мәслихаты Бас Ассамблея сессиясында дауысқа түсетін қос ел – Бельгия мен Қазақстанның өзара пікірсайыс жекпе-жегімен ерекшеленді. Басты үміткер екі шаһардың бірі – Астана, екіншісі Бельгияның Льеж қаласы еді. Осылайша жеңіске дейін атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Баспасөз мәслихаты мінберінен орын алған бас спикерлеріміз – сол кездегі Үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетов пен сол кездегі Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов әлем журналистерінің алдында сан сауалға жауап бере отырып, Қазақстанның қарышты қадамдары мен жетістіктерін баяндады. Ал қазақстандық журналистер бәсекелес топ бельгиялықтарға қарсыластық танытып, ұтымды әрі салмақты сұрақтарымен елдің беділін одан әрі үстеуге үн қосты.

«Әлемнің 2,5 млрд халқы біздің елімізге тікелей жақын өмір сүреді. Астанадан 3 сағатта Үндістан астанасына, 5 сағатта Қытай астанасына және 3 сағатта Мәскеуге жетуге болады. Біздің байланыстарымыз бен мүмкіндіктеріміз мол. Біз жаһандық шараларды бірнеше рет өткіздік. Мәселен, Қысқы Азия ойындарын, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиттін қабылдадық. Астананың мұндай шараларды өткізуде тәжірибесі мол, сонымен қатар біздің еліміз 2017 жылы әлемдік Универсиада өткізуді жоспарлауда. Астананың мүмкіндігі көрмені өткізуге және «жасыл экономика» идеясын өңірге ғана емес, әлемнің өзге елдеріне таратуға жетеді» деген сыңайлы дәйекті пікірлердің үлесімен баспасөз мәслихатында біздің елдің бәсі биік түсті.

Баспасөз мәслихатынан бір күн бұрын ұйымдастыру алқасы арнайы дайындық жұмысын өткізіп, журналистер үшін семинар-терининг жасауы да біздің алдымызда жауапкершілігі зор сәттің тұрғанын аңғартқандай еді. Шынайы бәсекенің бет-бейнесі осы жарыссөз барысынан-ақ байқалды. Ең қуантарлығы, қай жағынан болсын, сақадай-сай келген біздің топ бұл күні жоғары деңгейден көрінді. Әрине, бізді жеңіске жетелеген еліміздің бүгінге дейінгі жетістіктерінің жемісі. Еуропаның қақ төрінде әлемнің алпауыт елдерінің журналистерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында жап-жас тәуелсіз Қазақстан мемлекеті жиын тізгінін қолдан бермеді. Осылайша бір күн қалған дауыс беру сәтіне дейін шетелдіктер алдында Қазақстанның жеңіске деген зор құлшысыны тағы бір дәлелденді.

Баспасөз мәслихатынан кейінгі келесі күні Франция астанасы Парижде өткен Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 152-ші сессиясында әлемнің 161 мемлекеті жасырын дауыс беру арқылы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізетін мемлекет анықталып, Астанаға үлкен үміт артылды. Ондағы Халықаралық көрмелер бюросының 103 қатысушы-мемлекеті Астананы қолдап, 44-і қарсы дауыс берген.

«Бельгияның Льеж қаласын басып озған ару Астананың, әрине, бұл күнде абройы асқақ, мерейі үстем. Ал бұл жетістік әрбір қазақстандықтың көңілін шаттыққа бөлеп, бойын мақтаныш кернеді. Олай болса, ЭКСПО-ға қатысты жоспарлы жұмыстардың бәрі енді елімізде нақты жүзеге асырылмақ. Ал ол біздің әлем елдері алдындағы абырой-беделіміз ғана емес, Қазақ елі үшін қыруар жұмыс орны, табыстың көзі болып, экономикамыздың дамуына қосылар үлес, әлеуметтік жағдайымыздың артуына зор мүмкіндік болары анық. Ендеше, қуан, қазақ жұрты», деп жаздық біз сол күндері.

Жеңіс сол сәттің немесе сол күнгі шешімнің ғана қорытындысы емес, әрине. Бұл белесті бағындыруымыздың бедерінде біздің бұған дейінгі жетістеріміздің барлығы шоғырланды. Онда еліміздің бұған дейінгі қаншама қажырлы қайраты, зор еңбегі жатыр. Оның алдында, яғни оған дейінгі екі жыл бұрын ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасап, саммитін өткізуіміздің өзі осы жолға өзіндік үлес қосты. Ал сол саммитте бірауыздан қорытынды құжат – Астана Декларациясының қабылдануы да әлем алдында биіктей түскен абыройды одан сайын асқақтатты. Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшыларының съездерін қайта-қайта ұйымдастыру да, дүбірлі Азиада жарыстарын ойдағыдай өткізуіміз де әлемге танылуымызды, жәй ғана танылып қоймай, оны нақты істермен дәлелдеп жүргенімізді жеткізді. Ендеше, осындай абыройлы жетістіктер жетегіндегі Қазақстан Республикасы ЭКСПО сияқты ірі шараның да шырайын келтіреріне сенім зор болатын.

Тарихи күн

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парижде сөйлеген сөзінде бұл күнді «тарихи күн» деп атаған болатын. Сол уақытқа тағы бір оралсақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ол күндері Францияда сапармен болды. ЭКСПО-2017 көрмесінің Қазақстанда өтетіндігі жөнінде шешім қабылданғанған сәтте Президент ел халқына құттықтауын Парижден жолдады. Елбасы барша қазақ­стандықтарды зор жеңіспен құттықтап, енді біздің алдымызда ЭКС­ПО-2017 көрмесін лайықты деңгейде өткізу міндеті тұрғанын жеткізді. «Бұл еліміз үшін сынақ қана емес, көрме біздің жасампаз әлеуетімізді ашуға мүмкіндік береді. Астанада ЭКСПО көрмесін өткізу республикамыздың инновациялық дамуына серпін береді. ЭКСПО көрмелерінде әлемнің барлық мемлекеті өздерінің ең үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсетеді. Олар жаһандық дамудың жаңа күн тәртібін қалыптастырады. Мұндай іс-шараға барлық құрлық­тың ондаған елінен миллиондаған адам қатысады. Бәсі биік бәсекеде Астананың жеңіп шығуы бекерден бекер емес. Біріншіден, елордамыздың әлемдік деңгейдегі шараны лайықты өткізе алатын орталық ретінде қалыптас­қаны баршаға белгілі болды. Екіншіден, таңдаудың Қазақстан пайдасына шешілуі мемлекетіміздің табыстары жоғары бағаланғанын білдіреді және Еуразия өңірінде де оның даму келешегі кемел екенін айғақтай түседі. Үшін­шіден, біздің «Болашақтың энер­гиясы» атты өзекті тақырыпты ұсынуымыз же­ңіске жетуімізге көмектесті. Ең бастысы, Астананы таңдауы – Қазақстанның барша халқының күш-жігерінің нақты жемісі», деді Елбасы.

Бұдан бөлек, Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығын иеленген еліміздің құрметіне орай Халықаралық көрмелер бюросының қабыл­дауына қатысты. Мемлекет басшысы іс-шараға қатысқандар алдында сөйлеген сөзінде ЭКСПО-2017 көрмесін Астанада өткізу туралы шешім қабылданғаны үшін Қазақстан Республикасы атынан алғысын айтты. Президент келем деу­шілердің барлығын қазақ қонақжайлылығын сезініп, табиғаттың және ұлы дала кеңістігіндегі заманауи қаланың ғажайып әсемдігін тамашалау үшін Қазақстанға шақырды.

 Көрме кереметтері

Жалпы, ЭКСПО дегеніміз индустрияландырудың символы. Техникалық жетістіктер мен техниканың өзін назарға салатын халықаралық көрме. ЭКСПО көрмелерінде әлемнің барлық мемлекеті өздерінің ең үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсетеді. ЭКСПО-ның бүкіл халықаралық көрмелердің арасында алар орыны айрықша. Бүкіләлемдік көрмелерде елдер адамзаттың ең көкейкесті мәселелерін шешуге жол ашатын ғылыми-техникалық, технологиялық, экономикалық шешімдерді көрсетуге, таныстыруға, талқылауға мүмкіндік алады. Ал ол кезде жария болған жетістіктер қазіргі күнгі заманауи технологияларға жол ашты. Әрине, ЭКСПО-лардың арқасында айналымға еніп, әлемді таңқалдырған көрменің кереметтері көп. Алайда, тақырыбымызға тұздықтап, олардың арасындағы негізгі он жетістікке қана тоқталып өтейік. Мысалы, тұңғыш телефон аппараты осындай көрмелердің көмегімен әлемге жол тартқан. 1876 жылы Филадельфиядағы бүкіләлемдік көрмеде «сөйлейтін телеграф» қалай жұмыс жасайтыны таныстырылып, адамзатты тамсандырған екен.

Ал 1878 жылы Париждегі бүкіләлемдік көрме кезінде фонографты (дыбысты жазуға арналған құрылғы) көргендер тіпте «естен таңды». Бұл бір сиқырдай таңғажайып дүние болған. 1893 жылы Чикагода өткен бүкіләлемдік көрмеде алғашқы ең биік айналаны шолу дөңгелегі көрмеге қойылған. Дөңгелектің биіктігі 80 метрден асатын, ал салмағы 2 мың тоннаға дейін жететін. Бұл құрылғыны америкалықтар осының алдында Парижде өткен көрмедегі Эйфель мұнарасына жауап ретінде ойлап тапқан деседі. Тағы бір керемет, қазіргі қолданыста көп пайданалатын сыдырма ілгек те («молнияны») 1893 жылғы Чикагодағы бүкіләлемдік көрмеде ұсынылыпты. Әрине, ол кездегі нұсқасы қазіргілерден әлдеқайда қарабайырлау болған, бірақ жетілдіріле келе, қазіргі күні тұрмыста өте қажетті дүниеге айналды. Сондай-ақ, 1901 жылы Буффалодағы көрмеге қойылған рентген аппараты, 1904 жылы Сан-Луистегі көрмеде танылған балмұздаққа арналған вафлидан жасалған стақан, 1939 жылы Нью-Йорктегі көрмеде нейлон мата, 1970 жылы Осакадағы көрмеде көпшілікті таңғалдырған ұялы телефон, 1982 жылы Носквилдегі көрмеде таныстырылған сенсорлық экран сияқты ғажайыптар шынымен адамзат игілігіне енді. Тағы бір айта кететін керемет, 1939 жылы Нью-Йорктегі көрме алғаш рет телехабар арқылы тараған. Бұл көрмеде теледидар саласындағы RCA-ның алғашқы жетістіктері және алғашқы су турбиналары көрсетілді.

ЭКСПО эволюциясы

Әлемнің әйгілі көрмелерінің ең алғашқысы Париж маңында өткен екен. Оның негізін 629 жылы Дагоберт король қалаған деседі. XVIII-XIX ғасырлар аралығында Өнеркәсіптік төңкерістің нәтижесінде өнімдерді сатуға шығаратын жәрмеңкелерден кейін, тауарды шығарудың түрлі жолдарын көрсететін жиындар, орындар пайда бола бастады. Онда сатылатын тауарлар емес, тек үлгілері ғана қойылды. Сол кезеңдерде «әлем көрмелері» деген термин пайда болған.

Бірінші дүниежүзілік көрме 1851 жылы Лондондағы Гайд-саябағында мемлекет қайраткері, кәсіпкер және дизайнер Генри Коулдің және Альберт Девиз ханзаданың бастамасымен өткен. Көрме «Барлық елдер ұлы іс – адамзатты жетілдірумен айналыссын» деген ұранда болыпты. Көрменің негізгі көрнекті жері Джозеф Пакстон салған темірден және шыныдан тұрғызылған «Хрусталь сарай» болған. Ғимарат жеңіл жиналатын және бөлшектенетін жекелеген құрылымнан тұрғызылған. «Алтын ғасырды» бейнелейтін сарайдың үлгісімен келесі жылдарда ірі қалаларда шыны мен темірден осыған ұқсас ғимараттар салына бастаған. Өйткені, ол кездердің өзінде көрмелерде көрсетілген жетістіктер назарға алынып, оны адамзат өркениетіне пайдалануға шешімдер шығарылып отырған. Себебі, ол көрмелердің негізгі мақсаты да сол – жаңадан шыққан ғылыми-техникалық жетістіктерді паш етіп, болашақта дамыту болған. Сондай-ақ, қатысушы елдердің тарихын, салт-дәстүрлерін және мәдениетін көпшілікке көрсетуді мақсат еткен.

Көрмелердің табысты болғаны соншалықты, кейбір елдер оны қайталауға шешімдер қабылдады. 1855 жылы Наполеон III көрмені Парижде өткізуге бұйрық берді. 1862 жылы форум Лондонда қайтадан өтті. 1867 жылы Парижде қатысушы елдердің экспозицияларын арнайы салынған ұлттық павильондарға орналастыру дәстүрін бастаған кезекті дүниежүзілік көрме өтті. Францияның астанасы ұзақ уақытқа басты көрме орталығы болды. 1889 жылғы Эйфель мұнарасы әлі күнге дейін Париж көрмесінің жарқын белгісі болып сақталған.

Ал 1900 жылы Париждегі дүниежүзілік көрмеге 51 миллион адам келіпті. Бұл XIX ғасырдың бүкіл тарихындағы көрермендердің рекордтық саны болған. 1904 жылы Сан-Луисте (АҚШ) келушілер алғаш рет мұзы бар шайдың, ыстық бұршақтың, балмұздағы бар түтікшенің дәмін татып көрді және жаңадан туған нәрестелерге арналған инкубаторларды алғаш рет тамашалады.

1939 жылғы Нью-Йорктегі дүниежүзілік көрмеден бастап, көрмелердің бастапқы сипаты өзгере бастады және оларды қоғамға арналған жарқын болашақты болжай отырып, нақты мәдени тақырыптарға арнады. Көрмелер инновацияларды алмастыру мақсатында белсенді мәдениетаралық байланысты қолдады.

Екінші дүниежүзілік соғыс біткеннен кейін адамзат қалжырап, рухани жаңартудың қажеттігін сезінді. Бейбітшілік пен ілгерілеуге деген ұмтылыс Біріккен Ұлттар Ұйымын құруға ұласып, ол дүниежүзілік көрмелердің рухынан көрініс тапты. Ал Брюссельдің Атомиумы, Фуллердің геодезиялық күмбезі және 1967 жылғы Монреальдағы израильдік сәулетші Моше Сафди жобалаған «Хабитат 67-сі», Сиэтлдегі «Ғарыштық ине» және Осакадағы «Күн мұнарасы» адамзаттың барлық жаңа және заманауи нәрселерге деген талпынысының көрінісі. Бұдан әрі дүниежүзілік көрмелер ойын-сауық және бос уақытты өткізу орындарына айналды. Монреальдағы «Ла Ронд» саябағы, Осакадағы «EXPOland» осының мысалдары. 1988 жылдан бастап елдер өздерінің көрмелік павильондарын өздерінің ұлттық бейнесін жақсартудың құралы ретінде пайдалана бастады.

ЭКСПО және Қазақстан

Қазақстан Халықаралық көрмелер бюросының мүшелігіне 1997 жылы қабылданған болатын. Ендеше ЭКСПО-ның әлемдік тарихын тізбектеуді қойып, еліміз мүше болған жылдардан бергісіне ойысайық.

Біздің ел мүше болғаннан кейінгі көрме 1998 жылы Португалияда «Мұхитболашақтың мұрасы»тақырыбында өтті. Тақырып португалдық теңізші Васко да Гаманың Үндістанға дейін ашқан теңіз жолының 500 жылдығына байланысты таңдалыпты. Көрмеге шамамен 11 млн адам барған. ЭКСПО-1998 алаңы 5 км-ге созылды. Көрменің басты жаңалығы швейцариялық «Swatch» сағат кәсіпорыны болды, олар магниттеуден кейін өткізіп тұратын турникеттердегі кіру билетінің қызметін атқаратын кіріктірме чипі бар арнайы қол сағаттар шығарды.

ЭКСПО-2000 көрмесі «Адам – табиғат – техника – жаңа әлемнің тууы» деген тақырыппен Германияда өтті. Федерациялық республика үшін ЭКСПО өзін 10 жылдан кейін әлемге қонақжай ел екендігін, мәдениеті жоғары дамыған және заманауи ғылымы бар ұлт екендігін көрсетуге жақсы мүмкіндік болды.

Испанияда туған идея

Қазақстан көрмеге белсенді экспонент ретінде 2005 жылдан бері қатысты. Бұл жылы көрме Жапонияда өтті. Онда 100-ден астам ел болды. Көрменің негізгі әрекет етуші «тұлғалары» – айналаны тазалаумен айналысқан, келушілерге ақпарат берген және балалармен ойнаған сансыз роботтар болған. Ал 2008 жылы Испания «Су және тұрақты даму» ұранымен болған бүкіләлемдік көрмені қабылдады. Үш ай ішінде бәрінің назары су тақырыбында болды. Көрменің қорытындысы бойынша, қатысушы 104 елдің арасында, «С» санаты бойынша Қазақстанның павильоны сыртқы және ішкі безендіру бойынша үшінші орын – қола жүлдеге лайық болды. Қазақстан Республикасының Президенті осы Сарагосадағы ЭКСПО-2008 халықаралық көрмесіне жасаған сапары кезінде мұндай шараны Астана қаласында да өткізуге болатынын айтқан болатын.

Содан кейінгі көрмелерде Қазақстанның жетістіктері арта берді. Мәселен, 2010 жылы Қытайдың Шанхай қаласында өткен бүкіләлемдік көрмеде де еліміз ерекше белсенділік танытты. Көрменің тақырыбы «Жақсы қала – жақсы өмір» деп аталған болатын. Оған 198 ел мен 27 халықаралық ұйым қатысты. Ондағы Қазақстанның павильоны «Азия» аймағында Жапония және Оңтүстік Кореямен көршілес орналасты. Шанхай көрмесінде қазақстандық павильонның негізгі мақсаты – Астананың халықаралық жайғасымын, оның ең жас және серпінді түрде дамып келе жатқан астана екендігін көрсету. Қазақстанның «Астана – Еуразия жүрегі» ұлттық павильонына шамамен 1 млн-дай адам келді.

2012 жылы Оңтүстік Кореяның Ёсу қаласы «Тірі мұхит және жағалау» деген ұранмен Халықаралық мамандандырылған көрмені өткізді. Бұл жолы Қазақстан өзінің павильонын Бүкіл дүниежүзілік ЭКСПО әмбебап көрмесінде төртінші рет көрсетті. Қазақстанның павильоны мәдениет пен ғылымдағы, бизнес пен туризмдегі дәстүрлер мен инновацияларды ескере отырып, салынған. Павильон су тақырыбына арналды және Қазақстанның тарихы мен салт-дәстүрлері туралы, оның заманауи өмірі мен болашағы туралы баяндады.

Қазақстандық павильон 6 аймақтан тұрды. Келушілер бүкіл павильон бойынша таратылған интерактивтік шоуларды тамашалады. Қазақстанның павильоны Астанаға ерекше назар аударды. Сол кездің өзінде ол «Болашақтың қуаты» ЭКСПО-2017-ні өткізуге үміткер қала болған.

Мүмкіндіктер елі

Еліміз Италияның Милан қаласында өткен 2015 жылғы халықаралық көрмеге де қатысты. Миландағы ЭКСПО-2015 дүниежүзілік көрмесінде Қазақстанның Ұлттық павильоны «Тақырып пен мазмұнның үздік ашылуы» номинациясы бойынша ең үздік павильондардың үштігіне енді. Қазылар алқасының бағалауынша, қазақстандық павильонның мазмұнды бөлігі көрменің тақырыбын аша алды, сондай-ақ, келушілерді егіншілікпен, географиямен, азық-түлікпен қамсыздандырудың дәстүрлері және ерекшеліктерімен, сондай-ақ, ұлттық тағамдарымен таныстыра алды. Жалпы ауданы 3000 шаршы метрлік аумақта орналасқан Қазақстан павильонының тақырыбы «Қазақстан – мүмкіндіктер елі» деп аталды. Біздің еліміздің павильоны көрменің бүкіл кезеңі бойына көрермендер ең көп келген павильондар қатарына кірді және көрмені ұйымдастыру комитеті өткізген дауыс беру нәтижелері бойынша көшбасшы болды.

Болашақтың энергиясы

Алдағы жылы Астанада өткізілетін ЭКСПО-2017 көрмесінінің басты тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталады. Бұл тақырыпты ұсынудың себебі, ол ең алдымен, баламалы энергия көздерін дамытуды қоса алғанда, энергетикадағы сапалы өзгерістер жолы мен оны тасымалдау тәсілдерін іздестіруге бағытталғандығы болып табылады. Бұл – бір. Екіншіден, орнықты энергиямен жабдықтау осы күнде жаһандық көлемдегі негізгі мәселе болып саналады және оны шешу экономикалық өсімді қамтамасыз ету және қоршаған ортаға келер зиянды төмендетуге септігін тигізеді. Үшіншіден, Қазақстанның бұл тақырыпты таңдауының басты негізі – еліміздің дәстүрлі энергиялық ресурстардың елеулі қорына ие бола отырып, баламалы энергия көздерін пайдалану жөніндегі шараларды дәйекті түрде қабылдауда және «жасыл» экономика құру бағытын ұстанғандығы.

Халықаралық көрмеге арқау болып отырған «Болашақтың энергиясы» тақырыбы қазіргі таңда өзекті болып отыр. Бүгінде күллі әлемде энергия тапшылығы байқалып отырғаны белгілі. Әлем елдері энергияны үнемдеу, күн, желден баламалы энергия көздерін алуға көше бастады. Қауіпсіздік жағынан талапқа сай келетін әрі арзан энергия көздерін пайдалануға әлемнің көптеген елдері құштар. Осы саладағы тәжі­­рибелер кім-кімнің де қызығу­шы­лығын тудырары сөзсіз. Қазақ елі «Болашақтың энергиясы» тақырыбын көтеру арқылы күллі адамзатты алаңдатып отырған мәселені дөп басты. Сондықтан жаһандық энергетикалық проблемалардың түйінін шешуге бағытталған ха­лықаралық көрме баламалы энергия көздері саласында адамзаттың үздік жетістіктерін айшықтайтын алаңға айналарына сенім зор.

Шараға дайындық ойдағыдай

Уақыт шіркін, жүйрік қой. Сол сәттері осы айтулы шараның өтуіне әлі бірталай уақыт – бақандай бес жыл бар дескен едік. Ал енді алдағы жаңа жылдан кейін бұл шараның да шымылдығын түргелі отырмыз. Қазіргі күні еліміз көрмені ойдайғыдай өткізуге барынша дайын. Мұны Халықаралық көрме бюросының Бас хатшысы Висент Лоссерталес те растап отыр.

Шараға дайындық барысында еліміз құрылыс жұмыстарын бастамас бұрын оның эскизін сызып, эмблемасы бекітті. Кешеннің үздік эскиз-идеясы Халықаралық архитектуралық конкурстың қорытындысы бойынша жарияланды. Онда америкалық жоба жеңімпаз атанды. Бәйгеде бәсі биік болып, бағы жанған «Adrian Smith+Gordon Gill Architecture» компаниясының архитектуралық эскизі ЭКСПО нысандарының орналасуын белгіледі.

ЭКСПО өтетін алаңның жалпы аумағы 173,4 гектарды құрайтыны белгілі. Оның ішінде 25 гектары көрме кешенінің өзіне тиесілі болса, 148 гектар аумақта тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік-мәдени, білім және денсаулық сақтау нысандары, сауда және ойын-сауық орталықтары, саябақтар, гүлзарлар, жолдар орналасты. Ондағы Қазақстан павильоны киіз үйге ұқсайды.

ЭКСПО-2017 көрмесінің басты символы болып табылатын іші бірнеше қабаттан тұратын, шар тектес нысанның ауданы 24000 шаршы метрді құрайды екен. Павильон дизайны «Заманауи киіз үйге» ұқсас жасалған. Бұл жоба дәстүрлі қазақ архитектурасының жаһандық өркениетке ұласқан заманауи келбетін паш етеді, дейді сарапшылар. Бұл эскиз-жобаның авторы – Адриан Смит бастаған АҚШ сәулетшілері тобы. Америкалық авторлар өздерінің негізгі ойын дәстүрлі киіз үйдің отбасы көлеміне ауқымдалған кішірек тұжырымдамасын бүкіл қоғам көлеміне жауап беретін үлкен заманауи киіз үйге ұластыра отырып беруге тырысыпты. Авторлардың көзқарасы бойынша, осы эскиз-жоба қазақтың ұлттық дәстүрлерін «Үшінші өнеркәсіптік революция» және «Болашақтың энергиясы» қағидаларымен байланыстырады.

Қазақстан Елтаңбасы негізіндегі заманауи киіз үйдің шаңырағы аспан аясындағы күмбез ретінде айналаға сәуле шашады. Аталмыш эскиз-идеяның негізгі тұжырымдамасы бойынша бұл болашақ қалалардың үлгісі болумен қатар, ол жаңғырмалы электр қуатын дамыту және тарату орталығы болмақ. Ал бұл заманауи технологияларды ашатын зертханалар болашақта ұрпақ игілігіне айналмақ.

Астанаға бұйырған ЭКСПО халықаралық көрмесі 2017 жылдың 10 мау­сымынан 10 қыркүйекке дейін созылады. Қазіргі уақытта, 103 ел мен 17 халықаралық ұйым өздерінің қатысатындықтарын растады. 98 секцияның комиссарлары тағайындалды. Халықаралық ұйымдарды қоса алғанда, елдермен 82 қатысу шарттарына қол қойылды және 61 мемлекет ұлттық күндерін белгілеп қойды. «Осылайша, шарттарға қол қою үдерісін ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлаудамыз», деді жақында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов көрмеге дайындық жайын баяндау барысында.

Биылғы жылдың 10 маусымында бүкіл әлем бойынша көрмеге билеттерді сатудың ресми сайты іске қосылған болатын. Ал 10 желтоқсанда тикет-офистерде және билет кассаларында ЭКСПО-2017 көрмесіне билеттерді офлайн сату басталады.

2017 жылы Астанада өтетін көрме Орталық Азия өңіріндегі ғана емес, ТМД аумағында өткізілетін алғашқы халықаралық көрме болғалы отыр. Біз бұл биікке де бүкіл ТМД кеңістігінің, бүкіл түркі дүниесінің, бүкіл мұсылман әлемінің арасынан бірінші болып қол жеткіздік. Жалпы, ЭКСПО-ны өткізген елдер бүкіл Азияның өзінде саусақпен санарлық. Мәселен, көрме өткізу тәжірибесі бар Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай сияқты алпауыт елдер қатарын Қазақстан толықтырғалы тұр.

Қазақ елі Тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы бола білді. Ал алдағы жылы өтетін ЭКСПО осы белестердің тағы бір ең биігіне айналарына сеніміміз зор.

Динара БІТІКОВА

«Skifnews.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

E-mail: info.skifnews@gmail.com

Сайтта жарнама орналастыру

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 


©2016 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

DivideGroup — сайт әзірлеуші