Оңтүстіктен 5 оқушы ЭКСПО-2017 көрмесіне жолдама алды - Жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары. Skifnews.kz ақпараттық портал

Оңтүстіктен 5 оқушы ЭКСПО-2017 көрмесіне жолдама алды

14.12.2016 15:27
Оңтүстіктен 5 оқушы ЭКСПО-2017 көрмесіне жолдама алды

Оңтүстік Қазақстан облысының әр алуан ауылдарынан келген балаларға «Жақсылық жаса» қайырымдылық жәрмеңкесінен түскен қаржы есебінен ЕХРО-ға жолдама берілетіні туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Бұл игі шара Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Ақжайық» шағынауданында орын тепкен физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ұйымдастырылып отыр.

Күні кеше осы акцияның нәтижесі жарияланды. Яғни, 5 бірдей оқушының арманы орындалды. Мектеп оқушылары енді 2017 жылы өтетін ЭКСПО көрмесіне қатысып, өз көзімен көруге мүмкіндігі бар. Ал мұндай мүмкіндікті Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ұжымы жасап отыр деп хабарлайды "Отырар" телеарнасы.

Жолы болған оқушылар — зияткерлік мектебінде өткен ашық есік күнінде келгендер. Облысымыздағы жалпы орта мектептерінен келген 200-ден аса оқушы арасында түрлі сайыстар ұйымдастырылған болатын. Осы байқауда белсенділік танытып, өзін жақсы қырынан көрсете білгендердің арасынан 5 бала жолдамаға ие болды.

— Бұл оқушылар бірнеше сайыстарға қатысты. Үздік шығып, арнайы сертификатқа ие болды, — дейді физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Қаракөз Абдрахманова. — Сонымен қатар, бұл ретте балалардың әлеуметтік жағдайы да ескерілді. Ал оған кететін шығын Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мен ұстаздары ұйымдастырған қайырымдылық акциясы кезінде түскен қаржы есебінен төленеді. Расында, ЭКСПО көрмесіне кез келген оқушының баруға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан балаларға қуаныш сыйлауға бүкіл ұжым болып атсалыстық.

Аталған оқу орнында түрлі акциялар жиі ұйымдастырылады. Ал ұжым одан түскен қаржыны қайырымдылық шараларға жұмсауды әдетке айналдырған. Енді Евтихия Дюжечкина (Төле би ауданы), Нұржігіт Құрбанов (Ордабасы ауданы), Ақнұр Намазова (Ордабасы ауданы) және Үміт Рзақұлова (Сайрам ауданы) мен Равиль Ахаев (Сайрам ауданы) 2017 жылдың 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысып, күн сайын болатын концерттер, шоу, ұлттық күндер және өзге де ойын-сауық іс-шараларын тегін тамашалайтын болады.

 

«Skifnews.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

E-mail: info.skifnews@gmail.com

Сайтта жарнама орналастыру

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 


©2016 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

DivideGroup — сайт әзірлеуші