$ 446.49  475.38  4.79

«Партиотизм отбасылық құндылықтарды сыйлаудан басталады»

Алматы қаласы Медеу ауданы өзгелер секілді үздік отбасын таңдады. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы аясында сәуір-мамыр айларында құжат қабылдап, іріктеу кезеңін өткізді. Өтінім берген жанұялар арасынан Асқаровтар, Әбдірахмановтар мен Доскеевтер және Сембаевтар келесі кезеңге жолдама алды.

Асқаровтар әскерилер отбасы. Яғни, өздері қалыптастырған қатаң отбасылық ережелері бар. Олар істе нақтылық пен дәлдікті жақсы көреді. Адамда болуға тиісті негізгі қасиет – еңбекқорлық. Сол себепті балаларын әскери салаға баулыған. Себебі, әскери өмір еңбек пен тәртіпке негізделеді.

«Патриотизм отбасылық құндылықтарды сыйлаудан басталады. Сондықтан, балалардың жастайынан жігерін жанып, әскери тәртіпті ұстанамыз. Намысты бәрінен жоғары қойғанын қалаймыз. Сол себепті біздің әулетімізде осымен үшінші буын әскери салада қызмет етіп келеді», - дейді Асқаров Мергенбай Шайықұлы.

Ал Әбдірахмановтар отбасы жиырма төрт жылдан бері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Әбдірахманов Қуаныш Төлеубайұлы кез келген салада, кез келген жұмыста өзін жақсы қырынан көрсетіп, елдің алғысына бөленіп жүреді. Марапаттары мен мақтау қағаздары, жеткен жетістікері аз емес.

«Біздің отбасымызда қалыптасқан жақсы бір дәстүр бар. Туған күн, мереке, жалпы кез келген қуанышта бүкіл әулет мүшелері бір шаңырақ астында жиналамыз. Қуаныш бөліссең, көбейеді емес пе? Сондықтан, мұндай күндері жұмыс қанша жерден көп болса да бірге бас қосуға тырысамыз. Қазір көпшілік отбасыға осы дәстүр жетпейтін секілді», - дейді Қуаныш Төлеубайұлы.

Доскеевтер математиктер әулеті. Балаларының барлығы жоғары білімі алған. Себебі, олар үшін білім-ғылым – өмірдің негізгі қазығы. Әулет келіні Нұрбибі Мырзатайқызы ұстаздық қызметінде инновациялық жаңалықтарды қолданып, өзге оқытушыларға семинар өткізіп тұрады.

Сембаевтар отбасы бес бала тәрбиелеп отыр. Олар студенттік жылдарында жанұя құрып, бала сүйген. Оқу мен бала тәрбиесін қатар алып жүріпті. Сембаев Бақытбек отандық хирургия саласындағы білікті мамандардың бірі. Ол «Менің өмірлік ұстанымым – кәсіби біліктілік. Сондықтан, адам үнемі ізденіс, даму үстінде болуы керек. Заман ағымынан қалуға болмайды. Балаларымнан да соны талап етемін», - дейді.

Г.Сембиева

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары