$ 446.49  475.38  4.79

«Нұротандықтар» Тараз тұрғындарына «Нұрлы жол» бағдарламасымен қалай баспана алу керектігін түсіндірді

«Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы экономикалық және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталғаны белгілі. Бағдарлама аясында жаңа автожолдар салынып, ескілері күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Сонымен қатар, әуе қатынасы, темір жол байланысы да қайта жаңғырып, желілердің саны артуда. Бұлардан бөлек, бағдарлама аясында халықты баспанамен қамтамасыз ету жайы да қаралған болатын. Бұл ретте басымдық негізінен жас отбасыларға беріледі. Ал, қолжетімді бағадағы тұрғын үйлерді салуға қажетті қаражат Ұлттық қордан бөлінеді.

Осынау  бағдарлама аясында қолжетімді баспанаға ие болудың жолдарын бүгін Тараз тұрғындарына «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалы қызметкерлері түсіндірді.

Бүгінгі күні Тараз қаласында тұрғын үй алу кезегінде 15 мыңға жуық азамат кезекте тұр.Биыл олардың 500-ге жуығы мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болды. Яғни «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша кез-келген азамат баспананыекінші деңгейлі банктерден ипотекаға ала алады. Үйді сатып алуға берілетін ипотеканың пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігін мемлекет субсидиялайды.

«Баспаналы болудың бұл ең тиімді жолдарының бірі, яғни «Нұрлы жол» арқылы жас отбасылардың үй алуы өте жеңіл. Бастысы азаматтың тұрақты жұмысы болса болды, ол аз пайыздық мөлшерлемемен несиеге баспана ала алады», - дейді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын–жай коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Қуаныш Шайымқұлов.

Кездесу барысында сала мамандары жас отбасыларға пәтер кезегіне тұру, жеке депозиттік шот ашу, бағдарлама аясында баспана алудың тиімділігін кеңінен түсіндірді. Мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар үшін шарттар жеңілірек - банкте пәтер құнының 50 пайызын жинаса болғаны. Пайыздық мөлшерлемесі 8,5-тен 4 пайызға төмендетілген.

Партиялықтармен кездесуге келгендердің бірі Тараз қаласының тұрғыны – Руслан Қайырбеков. Ол жас отбасылардың санатында және баспана кезегінде біраз жылдан бері тұр. Руслан баспананы көпқабатты үйден алғанды қаламайды, ол мемлекеттік бағдарлама аясында жер алып, үлкен үйді өзі салып алмақшы.

«Мен жер қатынастарына қатысты сұрақтармен келіп, тұшымды жауап ала алдым. Мемлекеттің жастарға осындай көмек беріп отырғаны расымен де үлкен қолдау. Барлық жас азаматтар баспаналы болып, осы еліміз үшін еңбек етсе өркениетті елдер қатарына қосылатынымыз сөзсіз», - дейді Руслан Қайырбеков.

Айта кету керек, биыл мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Тараз қаласындағы Арай иіні аумағында 480 пәтер соғылды. Яғни, кез-келген азамат құжаттарын жинап, «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкі арқылы баспана ала алады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары