$ 443.85  474.3  4.8

Нұрлы жол: Алматы облысында темір жол телімі мен автокөлік көпірі пайдалануға берілді

2015 жылы тікелей Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасының игілігін қазақстандықтар көріп жатыр. Аталған жоба аясында республика аумағында мыңдаған шақырым жол қайта жөндеуден өтіп, тағы мыңдаған отбасы баспаналы болып үлгерді. Одан бөлек елімізде әуе қатынасы мен темір жол байланысы да даму үстінде. Сөзімізге мысал ретінде Алматы облысында күні кеше пайдалануға берілген екі бірдей нысанды айтуға болады. Олардың алғашқысы «Алматы – Шу» теміржол желісінің екінші телімі болса, екіншісі «Алматы – Шамалған» бағытындағы автокөлік көпірі. Аталған нысандар бүгін салтанатты түрде ашылды.

Айта кететін болсақ, ұзындығы 113 шақырымды құрайтын екінші теміржол телімінің құрылысы екі жылда толық аяқталып, өте ауқымды жұмыстар жасалды. Құрылыс барысында 16 станция жаңғыртылып, 13 көпір мен жол өткелдері салынды. 156 шақырымға электр желісі мен басқа да өндірістік инфрақұрылымдық нысандар тұрғызылды. 

Бұл жерде «Елтай – Мерей» жаңа автокөлік жолы төселіп, 740 метрлік  өткел салынғаны да аса маңызды. Себебі, осы уақытқа дейін округ аумағындағы Береке, Екпінді, Жетісу елді мекендерінің тұрғындары мен жалпы жұртшылық жол азабын тартып келген болатын. Аталмыш көпір екі теміржол айырығындағы кептелісті азайтып, автожол арқылы тәулігіне 17 мың автокөліктің өтуіне мүмкіндік береді. 

Мерекелік жиында алғашқы болып сөз алған «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының басшысы Қанат Алпысбаев «Алматы – Шу» екінші теміржол телімінің құрылысы аяқталуымен құттықтап, жаңа жолдың трансқазақстандық соны бағдарларды дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл жоба пойыз қозғалысын әлдеқайда жеделдетіп, өңірлердің коммуникациялық байланысын одан әрі арттыра түспек.

– Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы трансқұрлықтық тасымалдауды дамытуды белсенді жүргізуде. Соған орай, жаңа инфрақұрылымды жасақтау мен жаңғырту жұмыстары атқарылып, жүктерді жеткізу мерзімі әлдеқайда қысқарады. Бұл жоба өңірдің ғана емес, жалпы ел экономикасын дамытуға сүбелі үлес қосатын болады, – деді ол сөзінің соңында. 

Келесі болып мінберге көтерілген облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов «Бір жол – бір белдеу» және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобаларының түйіскен жерінде жүзеге асырылған айтулы құрылыстың аяқталуымен құттықтап, еліміздің транспорт-логистикалық мүмкіндігін еселеп арттыратын маңызды құрылысты қысқа мерзімде аяқтаған азаматтарға алғысын жеткізді.

Ақын Асқар Тоқмағанбетовтың жыр жолдарымен сөзін бастаған Қазақстан теміржол қатынасының ардагері, ҚР Құрметті теміржолшысы Қалтай Сәмбетов өткен ғасырдың 30-шы жылдарында атақты «Түркістан – Сібір» теміржолын салған аға ұрпақтың ерлігін қайталаған бүгінгі буын өкілдеріне алғысын айта келіп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында даңқты «Түрксіб» теміржолын салған ата-бабалар аруағын ұмытпас үшін мыңдаған құрылысшы мен теміржолшылардың ерлікке тең еңбегін жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында «Луговой» торабын «Түрксіб» торабы деп өзгерту туралы ұсынысын алға тартты.

Соңында «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының басшысы Қанат Алпысбаев, облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов, көлік саласының ардагері Қалтай Сәмбетов, қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, «ҚТЖ» ҰК» АҚ президентінің кеңесшісі Фарид Галимов тұғырға қойылған қондырғыны басып, Ақсеңгір стансысынан «Қытай – Еуропа» транзиттік контейнерлік пойызы мен «Тұлпар – Тальго» жүрдек жолаушылар пойызының өтуіне сәт сапар тіледі. Дәл осы сәтте теміржол үстінен салынған өткелмен автокөлік керуені де алыс сапарға бет алып бара жатты.

Халқымыздың ежелгі дәстүрі бойынша шашу шашылып, аудан өнерпаздары жиналған жұртшылыққа тамаша концерттік бағдарлама ұсынды. Ал, қуаныш иелері қазақтың қара шаңырағы – киіз үйлер тігіп, қонақтарға дастарқан жайып, астан дәм таттырды.

Қуат Қайранбаев

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары