$ 447.4  477.55  4.76

Алматы мен Гонконг инновация саласы мен инвестиция тарту бойынша ынтымақтастықты нығайту жөнінде уағдаласты

Алматы әкімі Гонконгқа жұмыс сапары барысында өңірдің мемлекеттік және іскер ортасымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, сонымен қатар Гонконг әкімшілігінің басшысы Кэрри Ламмен жүздесті. Тараптар инвестициялық және туристік салалар бойынша ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады, қалақұрылысы саласы мен смарт- технологияны енгізу бойынша тәжірибе алмасты.

Кездесу барысында Кэрри Лам Алматы экономикасы Гонконгтағыдай түрлі сервистен,саудадан, қаржы қызметі мен логистикадан құралатындығын, соның арқасында тұрақтылық қамтамасыз етіліп, қала инвестиция тарту үшін тартымды болатындығын атап өтті.

«Алматы – өңірдің қаржы және мәдени орталығы әрі біздің еліміздің маңызды серіктесі болып табылады. Сіздердің Президенттеріңіз Н.Ә.Назарбаевтың интеграциялық саясаты арқасында аймақта Еуразиялық экономикалық одақ құрылып, оның нарығына 180 млн. адам енген, бұл инвесторларға зор мүмкіндіктер береді. Мен Алматыны инвестиция салуға әбден лайық қала деп санаймын. Кезінде біздің басты инвестициялық саясатымыз Гонконгке инвестиция тарту болатын, ал қазір біз инвестицияны басқа елдерге салатын өз компанияларымыз бен кәсіпорындарымызды ынталандырып келеміз. Біз жаңа нарықты іздеудеміз және инвестиция салу үшін есігімізді айқара ашамыз. Инвестициядан өзге екі жаққа да пайдалы туристік ағымдар бар. Экономикалық субъект болғандықтан біз Қазақстанмен, соның ішінде Алматымен мәдениет, білім, сауда және экономикалық салалар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ынталымыз. Мен өз тарапымнан екі жақты байланыстың дамуына ықпал етемін», - деді К.Лам.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек қалада инвестиция мен гонконгтік компаниялардың тәжірибесін қажет ететін бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалардың қолға алынғанын айтты.

«Бүгінгі күні Қазақстанда әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену үшін Мемлекет басшысының бастамасымен «Қазақстан 2050» Стратегиясы» бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асуда. Біздің Президентіміз «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын енгізуді алдымызға міндет етіп қойды. Қазіргі кезде Алматыда «Смарт сити» жобасы іске асуда, оның басты бағыты қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім, ТҮКШ және көлік реформасы. Бізге Гонконгтың осы салаларда смарт-технологияны пайдалану тәжірибесі маңызды. Бұлардан өзге, Алматы инвестиция тарту бойынша үлкен жұмыстар жүргізуде. Егер «Doing Business» рейтингінде Гонконг 4 орында тұрса, әлемнің 190 елінің ішінен Алматы 36-ыншы орында. «Бір терезе» қағидасы бойынша біз Алматыға келген инвесторларға жобаларын жүзеге асыру үшін барлық көмекті көрсетеміз. Орталық Азияның 65 миллиондық, Еуразиялық экономикалық одақтың 180 миллион адамы бар нарығы қызықтыратыны сөзсіз. Егер кәсіпорын Алматыда орналасса бұлар қожетімді болады. Мысалы, өткен жылы Президентіміз телекөпір арқылы Алматыда Жапонияның «Tokyo Rope» зауытын ашты. Бір тапсырыстың өзі ғана зауытты салуға жұмсалатын шығыннан бес есе артты. Қазір бұл компания өз өнімдерін тек Орта Азияға ғана емес, сонымен қатар БАЭ, Ресейге жіберуде. Бүгінгі күні компания Алматыда үшінші зауытын салуда. Біз гонконгтік инвесторларға да барлық жағдайды жасаймыз», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары барысында Гонконгітің инвестиция және технология бойынша хатшысы Николас Янгпен, Қытай өндірушілерінің «The Chinese Manufacturers Association» ассоциациясымен кездесті. Бұлардан өзге Алматы делегациясы ғылыми және технологиялық парк жөніндегі Гонконг корпорациясының жұмысымен де танысты. Тараптар стартаптарды дамыту және қолдау, қалалардың экономикалық әлеуетін арттыру мен жоғары технология салаларында жұмыс орындарын ашу мәселелерін талқылады.

Алматы делегациясы Гонконгтың жсопарлау және инфрақұрылым жөніндегі көрме галереясында да болды, мұнда мегаполистер алдында тұрған міндеттер оларды шешу жолдары туралы айтылды.

«Бүгінгі күні Гонконг тұрғындары өте тығыз орналасқан, бір шаршы метр 6 мыңға жуық адамды құрайды. Қаланың жаңа аудандарын жоспарлауда көлікпен қамтамасыз ету маңызды.Гонконгте 7,2 млн. адам тұрады, 730 мың автомобиль бар, жолдардың ұзындығы 2100 км. Яғни, бір километр жолда 350 машина жүреді. Сондықтан Гонконг тұрғындарының 90%-ы қоғамдық көлікті пайдаланады. Автомобиль – қымбат, оның үстіне бағасы сағатына 30-40 гонконгтік доолларды құрайтын көлік тұрағын табу қиын. Соңғы жылдары қала орталығында көлік тұрағы азайып, экологияны жақсарту шаралары жүзеге асуда», - деп түсіндірді Гонконгті дамыту жөніндегі хатшының орынбасары Лю Чунь Сан.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша келер жылы Алматыда Гонконгтің саудасын дамыту жөніндегі Кеңес өкілдігін ашу туралы келісімге қолжетті. Бұлардани өзге, Гонконг пен Алматыда сауда, инвестиция, инновация және ШОБ бойынша ынтымақтастықты нғыайту үшін «Алматы» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен Гонконгтің сауданы дамыту Кеңесі арасында қажетті меморандумға қол қойылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары