$ 448.15  483.46  4.86

Алматыда «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми-тарихи карта атты республикалық дөңгелек үстел өтті

Алматыда  «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи карта» жобасының тұсаукесері және дөңгелек үстел өтті. Жобаны ұйымдастырушы - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне Ғылым комитетіне қарасты Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және География институты мен Ақпараттық және есептеу технологиясы институты.

Жоба 2017 жылы сәуірде өткен ҚХА-ның ХХV сессиясында бекітілген Елбасының тапсырмасы негізінде қолға алынып отыр. Мемлекет басшысы «Білім және ғылым министрлігіне Қазақстан халықтар ассамблеясымен біріге отырып ғылыми негізде интерактивті картаны дайындауды және келесі жылы наурыз айының бірінде, яғни алғыс айту күнінде тұсауын кесуді» тапсырған болатын.

Жобаның басты идеясы – Қоғамдық сананың жаңаруына, ұлттың рухани жаңғыруына бағытталған Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласы ның негізгі қағидаларын ескеру мақсатында. «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын жасау арқылы қазақ жеріндегі ұлттар мен халықтардың жаңа жиынтығын тарихи процесте көрсету.

Дөңгелек үстел барысында үш институттың бірігіп жасаған жобасы ұсынылып, қызу пікір-таласқа түсті. Ақпарат және есептеу технологиясы институты бас директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары – Мирас Мағзомның ұсынған презентациясы көпшіліктің сын-пікіріне ілікті. Мирас Мағзомның ұсынған слайды «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын дұрыс ақпараттармен толықтырмағандығы және бірыңғай тарихи деректерді нақты фактімен дәлелдеу керектігі ескерілді. Бұл тұста ғалымдар мен қатысушылар екі тарапқа бөлінді.

Астанадан арнайы келген Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми сараптама кеңесінің мүшесі, Гумилев атындағы ЕҰУ-нің тарих ғылымдарының докторы Наталья Калашникова өз ұсынысы мен ескертуін жасады.

- Ұсынылған слайд тек тарихи даталармен толықтырылған. Түртіп алар маңызды ойлар жоқ. Слайдты Елбасыға ұсынбастан бұрын біраз жұмыс жасалыну керек. Үш минуттың ішінде адамды елең еткізетін дүниелерді көрсетуге болады. Тіпті картаның өзін алап қараңызшы. Қазақстанда қанша ұлт өкілдері өмір сүреді. Осы картаға түгелдей ұлт өкілдерін көрсетуіміз керек. «Қазақстан халқы» интерактивті картасы дегенде әр ұлттың тарихы сыр шертіп тұруы керек дейді,- Наталья Калашникова.

Осы ретте ұйымдастырушылар қатысушылардың  айтылған ұсыныстары мен ескертулірін түртіп алып, алдағы уақытта жобаны толықтыратынын айтты. Сондай-ақ, жобамен бір ғана адам жұмыс жасамай ҚР Президенті архиві, Мемлекет тарих институты, ҚХА-ның ғылыми-сараптама тобы және т.б. орталықтармен жұмылып жұмыс жасауға уәде берді.

- Жалпы жобаның мақсаты – интерактивті түрде қазақ халқы көп ұлтты өкілдермен тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын көрсету. Ежелгі тарихтан бүгінгі күнге дейінгі көріністі ұсыну. Бұл жобаның аясында «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасы кітабының тұсауы кесілді.  Сонымен қатар, эксперт-ғалымдармен тығыз жұмыс жасадық. «Көш жүре түзеледі»,-дегендей ескертулердің бәрін хаттамаға енгізіп алдағы уақытта жұмыстар жасалынады. Енді апта сайын жиналып, бір жүйеге келтіреміз. Жалпы ғылыми жобамен жұмыс ағымдағы жылдың 31-ші желтоқсанында аяқталуы керек. Бірақ, біз келесі жылы екі ай бойы толық нұсқасын бекіткенге дейін тынбай еңбек етеміз. 2018 жылы наурыз айында Елбасының алдында «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын сақадай сай етіп ұсынатын боламыз,-деді Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов.

«Қазақстан халқы» интерактивті тарихи карта Қазақстан этностарын Халық болып бірігуге шақырады. Тәуелсіздік кезеңіндегі барлық этнос өкілдерінің тұрақтылығын сақтауға, толерантты қоғамның дамуына негіз болып отыр.  

Айта кетейік, «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасы 5 блоктан тұратын болады.

  1. Ұлы дала тарихы;
  2. Қазақстан халқының қалыптасу тарихынан;
  3. Өткенге тағзым- болашаққа тағылым;
  4. Н.Назарбаевтың «Қазақстан –болашағы біртұтас ұлт»;
  5. Алғыс айту күні.

Аталған шараның өтуіне сондай-ақ, Мемлекет басшысының 100 нақты қадам Ұлт жоспары да себепкер болып отыр. Аталған құжаттың 87-қадамында Елбасы Қазақ тарихын жаңғыртуды, оны зерттеуді дамытуды тапсырған болатын.

Айымхан Әмірбекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары