$ 446.49  475.38  4.79

Жезқазғанда газ тартылатын үйлер анықталды

Елбасының бес әлеуметтік бастамасында алға қойылған басты мәселенің бірі елімізді газбен қамтамасыз етуді одан әрі жалғастыру болып отыр. Осыған орай, Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана магистральді газ құбырын салу жобасы қолға алынғаны белгілі. Жақын болашақта жүзеге асатын бұл игілікке өңір тұрғындары да үлкен үмітпен қарауда.

Бұл тұрғыда Жезқазған бойынша не істеліп жатыр деген сауал қазір әркімнің көңілінде тұрғаны хақ. Біз Жезқазған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне арнайы барып, осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан едік.

«Сарыарқа» магистральді газ құбырының желісі 1136 шақырымды құрайтын болса, оның 26,3 шақырымы Жезқазған қаласының аумағынан өтеді. «КАТЭК» ЖШС-мен бірлесіп бүгінде қала бойынша газ тұтынуға қажеттілік мөлшерін анықтау жұмыстары өз мәресіне жеткен. Газдандыру схемасын бекіту жөніндегі арнайы комиссия да құрылды. Теміржол аумақтарынан құбырларды өткізетін жерлері анықталып, нақтыланды. Газ өткізгіш 6 қондырғыны және реттегіш шкафтарын орнататын жерлер де белгіленіп отыр.

Жалпы, Жезқазған қаласын газдандыру үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезекте — Талап ауылы мен Бөгенбай батыр ықшамауданы (Вокзал маңы.) Одан әрі Қабанбай батыр ықшам ауданы (Геология пос.) тұрғындары көгілдір отынның қызығын көретін болады. Екінші кезекте — Бекболатсай (Рыбачий), Қостангелді (Комбинатский) ықшамаудандары газға қосылса, одан әрі 91-99-орамдар, 7-8 ықшамаудандар, Батыс аудандар газ желісіне қосылады. Үшінші кезек — 66-84-орамдар мен 1-8-орамдарды қамтиды.

Белгіленген жоспар бойынша Жезқазғанға газ беру Талап ауылы маңында орын тебетін газ тарататын станса арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда айқындалып отырғаны 12 шақырымдық 14 көшені, 900 тұрғынды, бір мектепті қамтитын Жезқазған Станциясы маңайындағы үйлерге, 6 шақырымдық 9 көшені, әлеуметтік нысан ғимаратын қамтитын Геология кентіне, 10,1 шақырымға созылатын 20 көшені қамтитын Комбинатский үйлеріне және 15 шақырымдық 16 көшесі, әлеуметтік нысаннан мектебі бар Бекболатсай тұрғын үй жайларына тарату желілері тартылып, газ беріледі. Сондай-ақ, 7-8-ықшамауданның 4 көшесін қамтитын 8 шақырымдық, 91-94-орамдардың 21 шақырымдық 12 көшесіндегі үйлерге, әлеуметтік нысандардан бір мектеп пен бір балабақшаға газ желілері тартылатын болды.

Батыс ауданның газ желілері тартылатын көшелері әзірше анықталған жоқ, дегенмен, 2010 адам газбен қамтамасыз етіледі деп жобалануда. Талап ауылының ішіндегі 9 көшеге 11 шақырым желі тартылып, ондағы үйлердің барлығы газға қосылады. Сонымен қатар, жобада мектеп пен әкімшілік ғимараты сияқты әлеуметтік нысан да бар. Талаптағы жоба бойынша 3,5 мың жекеменшік үйлер мен 14 көп қабатты үй газбен қамтылып, 12 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынның игілігін көрмекші. Бүгінгі таңда «Газ бөлетін компания» филиалы орын тебетін жер телімін таңдау жұмыстары жүргізілуде. Компания филиалы Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданына тартылатын көгілдір отын желілерінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету жолында қызмет жасайтын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары