$ 444.32  473.33  4.76

Маңғыстау облысында 500-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлады

Қазақстандықтардың басты проблемасы саналған баспана мәселесі соңғы бірер жылдан бері оң шешімін тауып келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге аса бастаған «Нұрлы жер» бағдарламасы бүгінде мыңдаған отбасын қуанышқа бөлеп отыр.

Ширек ғасыр бойы шешімін таба алмаған тұрғынүй проблеманың осылайша айналдырған 2-3 жыл ішінде түйіні тарқатыла бастағандай.

Мәселен, Маңғыстау облысында биыл тұрғынүй құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүргізілуде. Күні кеше дәл осы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында облыстағы 500-ге жуық отбасы өз үйлерінің кілтін алып, олардың алды қоныс тойын тойлауға кірісіп те кетті. Тұрғындарға баспананы табыстау рәсіміне облыс әкімі Ералы Тоғжанов пен «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Руслан Кәкім қатысып, маңғыстаулықтардың қуаныштарымен бөлісті.

Айта кетейік, салтанатты шара Ақтау қаласының 55 жылдық мерейтойы қарсаңында жүзеге асып отыр. Бұл күні үй кезегінде тұрған 478 отбасы көптен күткен пәтерлерін алып, баспана проблемасынан біржола құтылды. 478 отбасына: 161 бір бөлмелі, 237 екі бөлмелі  және 80 үш бөлмелі пәтер кілттерін табысталған. Жаңадан салынған көп қабатты тұрғын үйдің жалпы ауданы 26 122,4 шаршы метр. Пәтерлер таза әрлеуден өткен. Олардың барлығында қажетті коммуникациялар мен газ плитасы және сантехника орнатылған. Жаңа тұрғын үй Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жер» бағдарламасының «Сатып алумен жалға беру» бағыты аясында жүзеге асып отыр дейді ипотекалық компанияның басшылары.

Айта кетейік, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша елімізде 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұрғын үй салу жоспарланған. Сонымен қатар, салынатын ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қойылуда. Осыған орай үкіметке, жергілікті атқарушы билік органдарына халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету ісін жедел әрі тиімді жүргізу бойынша үлкен салмақ салынып, жауапкершілік жүктелді.

«Бүкіл еліміздегі сияқты, қазір бұл бағыттағы нақты жұмыстар Ақтау қаласында да іске асырылып жатыр. Облыс орталығындағы жаңа шағын аудандарды игеру, барлық инфрақұрылымымен жаңадан үйлер тұрғызу, мұның барлығы да түптеп келгенде әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған жоспарлы жұмыстардың нәтижесі», - деді Ералы Тоғжанов салтанатты шара барысында.

Ақтау қаласында «Сатып алумен жалға беру» бағыты бойынша бүгінге дейін жалпы ауданы 56664,9 шаршы метрді құрайтын 986 пәтері пайдалануға берілді.

«Қазақстан Ипотекалық Компаниясы үшін қазақстандықтардың, бірінші кезекте, халықтың ең осал топтары – көп балалы және толық емес отбасылардың, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың, жетімдердің тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру басымырақ. Бұл Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асырылған біздің ортақ ісіміз. Бізге жауапты миссия жүктелді және біз ортақ күш-жігерімізді біріктіре отырып, жоғары нәтижелерге қол жеткізе алатынымызды дәлелдей алдық», - деп атап өтті Руслан Кәкім.

Айта кетейік, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы былтыр іске қосылған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыған дейін жарияланған тұрғынүй бағдарламаларының барлығын біріктіріп, тек біреуі ғана жұмыс істесін деп үкіметке тапсырған еді. Сол уақыттан бері баспаналы болған қазақстандықтардың саны еселеп артып отыр. Оның үстіне, биыл Мемлекет басшысы «Бес әлеуметтік бастамасын» жариялап, оның аясында «7-20-25» бағдарламасын іске қосылды. Сол жарты жылдың көлемінде елімізде 2 мыңға жуық отбасы баспаналы болып үлгерді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары