Алматылық зиялылар Латын әліпбиіне көшу бастамасын қолдады

13.09.2017, 11:51

Алматылық зиялылар Латын әліпбиіне көшу бастамасын қолдады

Қазақстан қоғамы соңғы бірер күннен бері қазақ тілінің Латын әліпбиіне көшу бастамасын қызу талқылап жатыр. Зиялы қауым өкілдерінен бастап белсенді қазақ жастарына дейін аталған бастамаға қолдау танытуда. Өйткені, ана тіліміздің баюы үшін, әлемдік өркениетке ілесуіміз үшін жазуымызды кириллицадан латын қарпіне көшуі маңызды. Мұны тіл мамандары да растап отыр.

Осы ретте Елбасының бастамасын Алматыдағы ақын-жазушылар мен ғалымдар да жүзеге асыру керек деп есептейді. Зиялылар латын әліпбиіне көшуден қазақ ұлты ұтпаса, еш ұтылмайтынын айтып отыр.

Серік ҚИРАБАЕВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР ҰҒА академигі:

- Латын әліпбиіне өтуіміз керек – ол анық дүние. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Біз ол арқылы түркі тілдес халықтарға бір қадам жақындаймыз.

Түркі халықтарының мәдениеті, сөздік құрамы латын әліпбиінде жазылғандықтан, оларды зерттеуде оңайға түседі. Түп негізінде латын әліпбиіне көшу – түркі тілдес бауырлармен толық ынтымақтастық орнатумен тең.

Негізі бұрын бізде латын әліпбиінде жазып, оқығанбыз. Сол кезде жазылған қаншама жәдігерлер зерттелмей немесе аударманың арқасында өз құндылығын жоғалтып алды емес пе?! 

Мәңгі ел боламыз десек, онда біз мәңгі қалатын тілімізді, әліпбиімізді жасауымыз керек.  Бұл жұмысты өте мұқият және қоғаммен санаса отырып жүргізсек, жақын арада нәтижесіне жетеміз деп ойлаймын.

Шөмішбай САРИЕВ, ақын, «Платиналық Тарлан» сыйлығының иегері:

- Латын әліпбиіне көшу Елбасымыздың алға қойған ауқымды мақсаты. Латын әліпбиі әлемде кеңінен тараған әліпбилердің бірі. Өз бастауын ежелгі Грек және Рим елдерінен алып, бүгінгі таңға дейін жалғасып, өркендеуде.

Тәуелсіз еліміздің латын әліпбиіне көшу тегін емес, ел үшін жеке басын сипаттайтын, ешкімге еліктемей ұлттық кодымызды одан әрі нық қалыптастыру мақсатында іске асырылып отыр.

Біз дара, талантты халықпыз, біздің ұлтымызға әліпбидің ауысуы қиынға соқпайтындығы баршамызға мәлім.

Латын әліпбиіне ауысу еліміздің өз дамуын жалғастыруда зор ықпалын тигізеді.

Латын әліпбиіне көшуді орынды, жұртымыздың сана сезімін арттыратын және болашағы зор шешім деп санаймын.

Хорлан ТУРСЫМБЕКОВА, техника ғылымдарының кандидаты, доцент:

- Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын оқығанда өте жақсы әсер алдым. Елбасы өз сөзін ұлттық санадан бастайды, бұл тегін емес. Ұлттық санаға, ең алдымен, әсер ететін күш – ана тілі. Тілімізді реформалау ұлттық сананы жаңа деңгейге көтеретін қадам деп есептеймін. Сонымен қатар, латын әліпбиіне көшу мәселесін Елбасының халық талқысына ұсынуы мені Қазақстанның азаматы ретінде қуантты

Латын әліпбиі еліміз үшін, еліміздің болашағы үшін өте маңызды деп білемін. Себебі техника мен ғылыми-инновация кезеңінде латын әріптерін оқи алатын, латынша жаза алатын маман ғана өз жаңалығымен әлемді таңғалдыра алады.

Асима ЕРАЛИЕВА, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің PhD докторанты:

- Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін атап айтқан болатын. Біз латын әрпін қолдаймыз. Бұл жазу - елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын, халықтың сауаттылығын танытатын көрсеткіш деп білемін.

Тәуелсіз мемлекетіміз жылдан-жылға өсіп-өркендеп, отандық ғылым-білім саласы дамып келеді. Осындай тамаша кезеңде латын әліпбиіне көшсек, ешқандай қиындық туындамайды деп ойлаймын. Бұл қадамға бару болашақ үшін маңызды екеніне сенемін. Латын әліпбиі ол өзінің қажеттілігін мойындата білді. Сол сияқты латын әліпбиінің де болашағы зор болатынына еш күмәнім жоқ. Біз, жастар, латын әліпбиіне көшуді қолдаймыз.

Пікір  

+ 0 Берік 13.09.2017 19:28
Латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың, мемлекетіміздің болашағына байланысты болған соң, оған аса үлкен жауапкершілікпен қарау қажет. Мұндайда науқаншылықты, қазақбайшылықты қою керек, зиялылардікі жөн!
Жауап беру
+ 0 өркен 13.09.2017 19:29
Латын әліпбиіне көшуден бұрын, алдымен оның артықшылықтары мен кемшіліктерін әркім анықтап жатыр-ақ...бірақ шешінген судан тайынбас деген, енді нартәуекел етіп, нәтижеге ұмтылайық!
Жауап беру

«Skifnews.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

E-mail: info.skifnews@gmail.com

Сайтта жарнама орналастыру

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 


©2016 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

DivideGroup — сайт әзірлеуші