$ 449.58  486.94  4.86

Таразда Шерхан Мұртазаның 85 жылдық мерейтойына орай мүшайра өтті

Қарымды қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 85 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Заманның заңғар тұлғасы» атты республикалық мүшайраның бүгін жеңімпаздары марапатталды. Айтулы жыр сайысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткізілген болатын.

Естеріңізде болса, ақпан айында Шерхан Мұртазаның 85 жылдық мерейтойына орай жабық ақындар мүшайрасы жарияланған еді. Содан бері мүшайраға қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 25 жас ақынның шығармалары келіп түскен.

Қазақ журналистикасы тарихында соны із салып, талай өрімдей жастың бағын ашқан, әдебиетімізде де өзінің қайталанбас талантымен олжа салған сөз зергері Шерхан Мұртаза мүшайрасы – ақындарды қолдай отырып, қазақ әдебиетінің дамуына жазушының қосқан үлесін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Кіл мықтыдан кім мықты. Мүшайраға қатысқан әр ақынның өлеңдері мазмұнды, мағынасы кең. Тақырыбы аясы ауқымды. Осындай кіл мықтылардың ішінен бас жүлдені Жамбылдық ақын Хамит Есаман иеленді. Ал, бірінші орынға шымкенттік ақын Маралбек Сұлтанов лайқық деп танылса, екінші орын Табиғат Абаилдаевқа бұйырды. Барлық жеңімпаздарға арнайы дипломдармен қатар ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Шерхан Мұртаза өзінің шығармаларында адам бейнесін табиғаттың сұлулығымен астастыра отырып, өте көркем бейнелейді. Әрі әр кейіпкердің ойын терең түсіне отырып, адам мен табиғаттың тынысы бір екенін көрсете білген жазушы. Осындай қарымды қаламгер, белгілі жазушы атындағы мүшайра келер жылды жалғасын табатын болады.

Шерхан Мұртазаұлы Мұртаза — жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1984), Қазақстанның халық жазушысы (1992). Ол 1932 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданына қарасты Талапты ауылында дүниеге келген.

М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген (1955). 1955 — 56 жылы Қазақ мемлекет көркем әдебиет баспасында, 1956 — 60 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), 1960 — 63 жылы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде тілші, әдеби қызметкер, редактор, 1970 — 72 жылы «Жазушы» баспасы жанындағы Балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясының және «Жалын» альманахының бас редакторы, 1972 — 75 жылы «Жұлдыз» журналының бас редакторы, 1975 — 80 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы, 1980 — 89 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1989 — 92 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1989 жылдан «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің редакторы. «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы. 1990 жылдан - Ұлттық саясат, мәдениет және тілді дамыту жөніндегі комитет мүшесі. 1994 жылдан - Мәдениет, баспа, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық бірлестіктер жөніндегі комитет мүшесі, Мәдениет, баспа, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық бірлестіктер жөніндегі комитеттің мәдениет, әдебиет және өнер бөлімдік комитетінің төрағасы. ҚазКСР Халық депутаты (1990-1993). ҚР Жоғарғы Кеңесінің (1994-1995), ҚР Парламенті Мәжілісінің 2-ші шақырылым (1999-2004)депутаты.1992 — 94 жылы «Қазақстан» мемлекет телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарды. 12, 13-шақырылған ҚР Жоғарғы кеңесінің, 2-шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Сондай-ақ ол ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі. 1995 жылдан - шығармашылық жұмыспен айналысуда. 1996 жылдан - «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары