$ 449.58  486.94  4.86

Аймақтық сиқырлы гитар тілімен фестивалі мәреге жетті (ФОТО)

Кенді қала тағы да әнмен тербелді. Үш күн бойы жеті шекті гитара әуені мыс шаһарының аспанында қалықтады. Жезқазған қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет аймақтық «Сиқырлы гитар тілімен» атты авторлық және бардттық әндер фестивалі өз деңгейінде өтіп, көрермендердің ыстық ықыласына кенелді. Айтулы додаға Алматы, Астана, Қарағанды, Павлодар, Сәтбаев және Жезқазған қаласынан 40-қа жуық дарынды өнерпаздар қатысып, олар фесиваль аясында 7 номинация бойынша бақтарын сынға салды.

«Ән - жан жарасының дауасы» деген қанатты сөз бар. Ән адам жанымен егіз. Мағынасы мазмұнды әрі терең, әсем әуезді, ерікті билеп, өне бойыңмен қан-тамырыңды солқылдатып баурап әкететін ән құдіретін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес.

Ән – алып ұшақ көңілдерге ақ қанат байлайтын ұлы күш. Сайыстың бірінші күні арнайы жасақталған танымал әнші ақын мен музыканттардан құрылған қазылардың іркітеу кезеңінде 32 өнерпаз бен ақын бақтарын сынап, келесі айналымға жолдама алды. Көремендер мен алыс-жақыннан ат терлетіп келген өнерпаздарды «Жезқазған қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Салтанат Нұрлыбаева құттықтап, ақындар мен бард әншілерге сәттілік тіледі.

Осы күні кешкі самалмен Кеңгір жағауында керемет концерт ұйымдастырылды. Бұл ән кешіне Астанадан арнайы келген әнші-композитор Ахмедия Есмұханов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, гитараның қас шебері Қорабай Есенов, танымал әнші Сейіл Аяған сынды өнер майталмандары тағы да басқа өнер иелері әннен шашу шашты.

Сайыстың екінші күні еліміздің түкпір – түкпірінен келген үміткерлер мөлдірлік, әсемдік, сұлулық тұнып тұрған әндер орындап, көремендерін серпілтіп тастады. Ал, ақындарымыз өз шығармаларын орындап, жыр жауһарларын оқып жұртшылыққа көтеріңкі көңіл сыйлады.

Сонымен, қазылар алқасының шешімімен әннің табиғи қалпын бұзбай, өңін айналдырмай тыңдаушысына шебер жеткізген алматылық Игорь Рогожников «Орындаушы» номинация бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Жүлделі ІІ орынды алматылық Наталья Кулешова, ІІІ орынды да алматылық бард әнші Александр Каблучкин қанжығасына байлады.

«Композитор» номинациясы бойынша жүлделі І орынды жезқазғандық Нұрсейіт Қаратаев еншіледі. ІІ орынды жерлесіміз Людмила Барламова, ІІІ орынды қарағандылық Ерлан Ержанов иеленді. Орыс тіліндегі «Авторлық әні мен сөзі» номинациясы бойынша Игорь Рогожников І орынды иеленді. ІІ орынды алматылық Александр Каблучкин, ІІІ орынды павлодарлық Виктор Дирксен иеленді. Ал, қазақ тобында І орынды Ерлан Ержанов жеңіп алды. Фестиваль аясында 5 қазақ ақындары мен 11 орыс тіліндегі ақындар қатысты. Жүлделі І орынды жезқазғандық Жанат Әбдіғожин, ІІ орынды жезқазғандық жарқырап өсіп келе жатқан студент ақын қызымыз Аружан Оралбай, жүлделі ІІІ – орынды жезқазғандық мемлекеттік қызметкер Медет Қарахметов еншіледі. Ал, орыс тілінде жазатын ақындар бойынша І орынды жезқазғандық Валерий Попов, ІІ –орынды Алесь Черкасов, ІІІ – орынды павлодарлық Елена Вайберт және жүлделі ІІІ – орынды жезқазғандық Наталья Сергушова иеленді.

Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан ақшалай сыйлық пен дипломдар табысталды. Көрермендер де, қатысушы өнерпаздар да фестивальден алған әсерлері керемет болғанын айтып тарқасты.

Ізтөлеу ТҮСІПОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары