$ 449.58  486.94  4.86

«Толғауы тоқсан қызыл тіл»

Алаштың сыршыл, лирик ақыны Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай Жезқазғанда «Толғауы тоқсан қызыл тіл» тақырыбында шешендік сайыс өтті.

Жезқазған қаласы әкімдігі, «Тіл - тану орталығы» коммуналық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткен қалалық сайысқа қаламыздағы жоғарғы және орта, жалпы орта білім беретін мектеп ұжымдарынан сен тұр мен атайын дегендей он үміткер қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабында: «Қазақтың асыл перзенті, алты Алаштың ардақтысы, халқы үшін, елінің болашағы үшін жарқырап жанған, күнге ғана табынған, өзіне ғана бағынған, жүрегі мен жаны от, иманы мен ары – от Мағжан Жұмабаевтың поэзия әлеміндегі сәулесі – мәңгі сөнбес жұлдыз, қайталанбас құбылыс!», - деп жазды.

Мағжан Жұмабаев – бірнеше көркем поэма жазған құлашы кең эпик ақын. Ол өз заманының толғауы күрделі жайларын халқының өткен тарихын жырлау арқылы көрсетуге ұмтылды. Өйткені артта қалған қазақ елін алға жетелеу сол халықтың өз қолынан ғана келмек. Өз шығармаларында кешегі өткен батыр бабаларымыздың ерлігін жырлады. Сондай-ақ, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың ақындық, педагогтік, ғалымдық қырларына қоса ән де шығарғандығын біреуіміз білсек, біреуіміз білмеспіз. Осы байқау барысында ақынның сырға толы «Дайдидау» әні орындалды.

Шешендік өнер сайысының мақсаты да ұлтым деген асыл азаматтардың есімін ұрпақ санасында жаңғыртып, мәңгі сақтап, олардың мол мұрасымен сусындап, ұлтжанды болып қалыптасуына жол ашу.

Сайыс ІІ турдан тұрды. Алғашқысы - «Менің Ұлытауым» деген тақырыпта өзіндік ой-толғауларын жатқа оқу (өлеңмен немесе қара сөзбен регламент 2-3 минут) болса, екіншісі - «Даналар сөзі - ақылдын көзі» (Қазақтын үш биінің шешендік толғауларынан үзінді оқу регламент 5 минут) деп аталады.

Байқауға қатысқан 10 үміткер бірін-бірі кем емес екенін дәлелдеді. Дегенмен жарыстың аты жарыс. Қарсыластарынан басым болған қаламыздағы №10 ЖОББ мектебінің 10 «Ә» сынып оқушысы Ақниет Ерғазина жүлделі І орынды қанжығасына байлады. Жүлделі ІІ орынды №7 мектеп-лицейінің 10 «А» сынып оқушысы Қазыбек Толқынбеков, ІІІ орынды Жезқазған гуманитарлық колледжінің шәкірті Аяжан Сәменова иеленді.

Жеңімпаздарға арнайы дипломмен бағалы сыйлықтар тапсырды. Басқа қатысушылар да олжасыз емес, Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар берілді. Аталған байқау көздеген мұратына жетті деуге негіз бар. Мағажан ақынның шығармашылығы жан-жақты насихатталып, ел жастары рухани байып қайтты.

Ізтөлеу ТҮСІПОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары