$ 449.58  486.94  4.86

«Қаралағаным емес»: Әлімбекованың ағасы жәбірленуші Назарованың жағдайы туралы айтты

Алты жылға бас бостандығынан айырылған Гауһар Әлімбекованың ағасы жәбірленушіге байланысты тың мәліметтерді айтты. Әділхан Әлімбеков Бақыт Назарованың Алматыда екі үйі мен бірнеше сауда нүктелері барын жайып салды. Сондай-ақ, жәбірленуші әйелге әнші ай сайын 100 мың теңге беріп отырған деп хабарлайды qazaquni.kz.

«Ешкімді қаралағаным емес, бірақ айтпасқа амал жоқ. Жәбірленуші Бақыт Назарова «Гауһарға ақша тауып беру жолында көлігімді саттым», «несие алдым» дегенді айтыпты. 

Кешіріңіздер, ол кісі тығырыққа тірелетіндей жағдайда емес. Қалада екі бірдей пәтері мен сауда нүктелері бар. Ашығын айтқанда төрт құбыласы тең, тірлігі бүтін адам. «Қарындасымды қырық мың долларымды жеп қойды» деп айтуға қалайша аузы барады?

Өз қолымен «Ақкент» тұрғын үй кешенінің әкімшілігінен пәтердің кілтін алып, оны қаннен-қаперсіз жалға беріп келді ғой. Енді келіп қалтасынан шыққан шығынды Гауһардың есебінен түгендеп, өз абыройын сақтап қалу мақсатында осындай қарекетке барып отыр. 

«Сенің айтуыңмен үй аламын деп, жеткізе алмай жатырмын" деген желеумен Гауһардан ай сайын 100 мың теңгеден алып отырды. Кейін мен шыдай алмай, алаяққа алданған адамдардың қатарында өзі де барын айттым.  

Ұрысып отырып, Гауһардың ақша беруін тоқтаттым. Бірақ соңғы сот процесінде «айыпты болған соң жәбірленушіге ай сайын ақша беріп келдің» деген сөздер айтылып, Гауһардың жасаған жақсылығы өзіне таяқ болып тиген», - дейді әншінің ағасы Әділхан Әлімбеков.

Сондай-ақ, әншінің ағасы тек қарындасының кінәсіз екенін дәлелдеп, ақтап алғысы келетінін айтты.

«Біздің міндет - жәбірленушінің аузын жабу емес. Гауһардың айыбы жоқтығын дәлелдеп, оны қалай да ақтап алу. Қалғанын уақыт өзі көрсетеді», - деп сөзін аяқтады Әділхан Әлімбеков.

Еске сала кетейік, 30 қаңтар күні Гауһар Әлімбекованың «алаяқтық» бабымен жауапқа тартылып, 6 жылға бас бостандағынан айырылғаны белгілі болды.

Осыдан кейін журналист Бибігүл Дәулетбекқызы көпшілікке әншінің қарыз болған 40 мың АҚШ долларын жинап беруді ұсынды.

Отандық әншілер де журналистің сөзіне қолдау білдіріп, Гауһар Әлімбековаға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Әншінің адвокаты Жұмағали Зинелов істің мән-жайын ашып айтып, әншінің де бұл істе құрбан екенін мәлім етсе, танымал заңгер Орынбасар Тілепбергенов әншінің қандай жағдайда бостандыққа шыға алатынын айтқан еді.

Сонымен қатар Гауһар Әлімбекованы сотқа берген құрбысы Бақыт Назарова іске қатысты пікір білдіріп, әншінің абақтыға жабылғанын қаламағанын айтқан болатын.

Ал Гауһардың ағасы Әділхан Әлімбеков қолдау көрсеткен барша жұртқа алғысын білдіріп, оқиғаның мән-жайын өзі баяндады.

Дереккөз: NUR.KZ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары