$ 443.85  474.3  4.8

Алматыда «Інжу-Маржан» атты дәстүрлі әндердің концерті өтеді

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін тойлау аясында 20 наурыз күні Алматыда «Інжу-Маржан» атты дәстүрлі музыка кеші өтеді. Мәдени шара Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында ұйымдастырылып отыр.

Дәстүрлі ән кеші «Алатау» театрында 20 наурыз күні кешкі сағат 18:00-де өтеді.

Шараның басты мақсаты – «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы ауқымында айқындалған міндеттерді, атап айтқанда, байырғы музыкалық мұраны байыптау, саралау, көпшілік қауымға кеңінен танымал ету, дәстүрлі өнер өкілдерін ынталандыру, құрмет көрсету болып табылады.

«Алматы қаласы ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап ұлт мәдениетінің ұйытқысы, ордасы қызметін атқарып келеді. Дәстүрлі өнердің ірі өкілдері, зерттеушілері осы қалада тұрып, еңбек етті. Қазір де профессионалдық типтегі дәстүрлі музыканың ең ірі ошағы – Алматы. Мұнда этномузыканың белгілі қайраткерлері, дәстүрлі домбырашы, қобызшы, сыбызғышы, әнші-термешілер әзірлейтін арнаулы орта және жоғары оқу орындары, өнер ұжымдары шоғырланған. Қазақ көне музыка аспаптарының жер бетіндегі жалғыз музейі мен еліміздегі жалғыз дәстүрлі өнер театры да осында. Сол себепті де Алматы - «Інжу-Маржан» дәстүрлі музыка концертін өткізуге толық мүмкіндігі бар қала», - дейді шараны ұйымдастырушылар. 

Концертке Алматы қаласындағы өнер өкілдері, шәкірттер, сондай-ақ Қазақстанның басқа да аймақтарынан өнер иелері қатысады. Олардың қатарында Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова, Еркін Шүкіманов, Ұлжан Байбосынова, Ардақ Исатаева, Тілеулес Құрманғалиев, Нұржан Жанпейісов, Жәкен Омаров, Ерболат Шалдыбеков, Ерлан Рысқали, Талғат Әбуғазы, Сәулежан Тағзия және т.б. белгілі дәстүрлі өнер шеберлері мен «Сазген сазы» этнографиялық-фольклорлық ансамблі бар.

Концерт дәстүрлі музыкамызды қастерлейтін көрермен үшін ақысыз, яғни тегін өтеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары