Алматыдағы Әуезов театрында «Театр әлеміндегі рухани жағыру» атты көрме ашылды (ФОТО)

12.10.2017, 15:46

Алматыдағы Әуезов театрында «Театр әлеміндегі рухани жағыру» атты көрме ашылды (ФОТО)

Алматыда Мұхтар Әуезов атындаңы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының 92-маусымы ашылды. Осыған орай өнер ордасының ғимаратында «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру» атты көрме ұйымдастырылды. Көрме Алматыдағы 8 театрдың басын біріктіріп отыр. Айтулы шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың 120 жылдық мерейтойына орай өткізілуде.

Алдымен баспасөз жиынын өткізген қарашаңырақ ұжымы бұл маусымның ерекшеліктерін атап өтті. Жиынға театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл, театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, театр директорының кеңесшісі Есмұхан Обаев, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев, театрдың «Әдебиет бөлімінің» меңгерушісі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты  Әлия Бөпежанова және «Музей» бөлімінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы қатысты.

- Былтырғы маусымда алты шығармамыз сахнада көрсетілді. Халықаралық дәрежедегі фестивальдер, жоспардағы гастрольдер өтіп жатыр. Тәжікстанда өткен театр фестивалінде де спектакльдер көрсеттік. Биылғы жыл 92-ші маусым Атырау облысынан гастрольдік сапардан басталды. Бұл өте ауқымды фестиваль болды. Бір күнде төрт спектакль қойдық. Айта кетейін, ол шара Асанәлі Әшімовтің 80 жылдығына орай ұйымдастырылды. Онымен қоса, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Лондонға барып қайттық, - деген театр директоры Ерлан Біләл жаңа жылға дейін екі жаңа қойылымның жарық көретінін айтты.

Осылайша Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының және ұлы жазушы М.Әуезовтің 120 жылдығы аясында  «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру»  атты Алматы қаласындағы 8 театрдың басын қосқан көрмені салтанатты түрде ашты.

Ал көрменің ашылу салтанатында Әуезов театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов құттықтау лебізін жеткізді. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Сәбит Әбдіхалықов, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театры директорының орынбасары Қанат Қаражанов ұжымдарының атынан ақ пейіл, ақжарма тілектерін жеткізді.

- Бұл Әуезов бастаған ұлы драматург пен жазушыларымыз, әртістеріміз қызмет еткен орта. Өнер әрқашан сіздердікі. Барлығы сіздер үшін, халықпен тығыз байланыста болатын осы әртістер. Сондықтан бүгінгі тойларыңыз құтты болсын. Қазақстан Театрлар ассоциациясының ұйымдастыруымен қазір көрмені ашамыз. Әртістермен кездесіп тұрыңыздар. Өмірде таза, өнерде таза қауым осылар, әртістер, - деді Асанәлі Әшімов көрменің тұсаукесері алдында.

Көрмеге қазақ өнерінің қарашаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Республикалық неміс драма театры, Мемлекеттік Республикалық корей музыкалық комедия театры, Н.Сац атындағы Мемлекеттік орыс балалар мен жасөспірімдер театры, Қ.Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театры және  М.Ю. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының құнды жәдігерлері қойылған.

Ақбота Мұсабекқызы

Пікір   

Зейнеп 12.10.2017 18:36
қасиетті қара шаңыраққа қай уақытта барсаң рухани ләззат алып, эстетикалық жаңғыруға болары сөзсіз!
еркін 12.10.2017 18:38
жалпы сол рухани жаңғырудың барлығы осы театрдан бастау алары сөзсіз, сондықтан театрға сапарды жиілетіп, өзгелерді де үгіттеу керек.
жеңіс 12.10.2017 18:41
шіркін театрдың орны бөлек қой! Қоғамға, болашаққа, өмірге деген көзқарасты өзгертемін деген адам алдымен театрға барып азық алса керемет болар еді ау.
ғалым 12.10.2017 18:42
осы отырған әртістердің барлығының дерлік қойылымдарын қалдырмай көретін едім кезінде, қазіргі жастар да соны әдетке айналдырса..

«Skifnews.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

E-mail: info.skifnews@gmail.com

Сайтта жарнама орналастыру

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 


©2016 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

DivideGroup — сайт әзірлеуші